Қайрат Бисембаев туралы мөлтек сыр
2016 ж. 01 желтоқсан
3872
0
Күйкі тірліктен серпіле алмай жүрген жанның күретамырына күш бітіретін күмбір күйдің құдіреті бір бөлек. Ал, әлемді әдемі әуезімен тербеп, көңілді көкжиекпен астастыра түсетін әннің қасиетін бірауыз сөзбен беру қиын іс. Қарымды қаламгер, жалынды жазушы болсаң да оймақтай оймен Алаш жұртының ән өнерін тиянақтай алмассың. Өйткені бұл қабылан жүректі қазақ жаратылғалы бері жасасып келе жатқан бекзат өнер. Сондықтан да болар, тауанды тарихтан сыр тартқың келіп, асыл текті бабалардың өміріне арқау болған, әр шаңырақтың түндігінде байыпты да баяу айтылып келген саз тұңғиығына бойлай беруге талпынасың. Сол қанға біткен қасиет, бойындағы бұла қазынаңның өшпес отын өзіндік лебімен үрлей түскен, маздата білген бүгінгілер жайлы шалқып та шамырқанып, мақтана да марқая баян еткің келеді-ақ.
Қоңыр қаздың қанатынан саз естіген, қоштасу әнін тере білген кемеңгер ел таланттарға кенде емес. Кешегі Мәди, Ақан серілерді тудырған, бергісі Дәнеш, Нұрғисаларды өмірге алып келген жұрттың арасынан үздіксіз, үзіліссіз дарыны дара жандар шығуда. Саз өнерінің саңлақтар сапы дәуір тезінде толыспаса, кеміген емес. Мұны Тәңірдің ұлы халықтың маңдайына жазып берген берекесі деп білеміз. Міне, осы қатардан табылар жанның бірі де бірегейі – Қайрат Бисембаев.
Негізінде, Қайрат Әшірәліұлының шығармашылығымен танысып шыққаныма көп уақыт бола қоймады. Киелі қазақ баспасөзінің майталман қаламгері, Алаштың арқалы да арда ақыны «мына бейнетаспаны тыңдап көр», – деп қолыма Қайрат Бисембаевтің «Әкені аңсау» атты ән жинағын ұсынған болатын. «Күтумен өткен ғұмыр» дегендей, жазумен өтіп жатқан күндеріміздің бос уақытында әкемдей ардақты, арқа тұтар тұлғаның аманаты еске түсіп, бейнедискті тыңдауға кірісемін. Кірісемін де кіршіксіз сезімнен туындаған, қос таспадан тұратын бейнебаян мен ән жинақтың атына арқау болған «Әкені аңсау» әнін және басқа туындыларды тамсана тыңдаймын. Ақыры тамсаныс пен таңданыс қолға қалам ұстатты.
Әлқиссада айтып өткендей, ән өнерін немесе бір сазгер жайлы айту үшін тарих қойнауына сүңгігің келетіні ақиқат. Өйткені кешегілердің келісті сөзі, кестелі ойын былай қойғанда, дара дарынын аңсаумен келеміз. Теңіздің дәмін тамшысынан тұшына білетін сезімтал халықтың арасынан шыққан сол бір тұлғалардың терең сезіммен өрнектеген әндерінің қадірі сезілмей жатқан жоқ. Дегенмен де, шын талантты шың басына шығармаса, шыңырауға тастамайтын жұрттың бүгінгі ән әлемінде жеңіл ырғаққа сүйеніп ырысын шалқытқысы келетіндер бой көрсетіп қалады. Сондықтан да кіл қасқалардың қамқаға оралған қасиетті мұғжизасындай қалыбы бұзылмас туындыларының көптеп бүршік жаруын аңсаймыз. Сол бір аңсарлықтың өтеуіне өр бітімді, өрт кеуделі жандар арамыздан табылып жатқанына да шүкірлік.
Кешегі күнге көз жүгіртсек, басына ноқта түссе де мұңнан нота термеген, сіңірін шідері қажаса да қарабастың қамын халқымның қайғысы деп біліп, жыламсыраған әндерді өмірге алып келмеген қайсар жандарды көптен танимыз. Ұлы хандар жортуылда жүріп жол өткеріп, аймағын атырапқа ұлғайтқан ұлан-ғайыр даладан сол себепті де асқақ әндер бір үзілмей, әуелей түсетін. Ал бекзат өнердің өкілдері өзі әнші, өзі ақын болғанын да қат-қат қаланған тарихымыздан аңғарамыз. Бүгінгі таңда ондай жандар күзгі даладағы алтын астықтай сиреп, селдіреп қалған. Міне, қатары кеміп бара жатқан нағыз талантты өнер өкілдерінің сапынан табылатын жанның бірі де бірегейі Қайрат Бисембаев деп білемін.
Ақын, композитордың негізгі шығармашылығы қазақтың дәстүрлі әнімен сабақтасып жатыр. Саз жағынан емес. Мазмұны мен мәніне бойлай алсақ, осы ойды талай мәрте топшылар едік. Өйткені жан дүниесін қозғап, жүрегін жарып шыққан туындылардың басым көпшілігі тұрмыстық тақырыпты қамтыған. Оған «Әкені аңсау», «Менің анам», «Асыл жарым», «Ұлға тілек», «Қызға тілек», «Немерем» атты әндері мысал бола алады. Қазақ тұрмысы мен дәстүрін бөліп-жарып қарастырмаған халық. Сол себепті де Қайрат қақтырған ән қанаты әрқашанда қазақпен бірге биіктеп, Мәңгілік елмен жасаса беретін туындылар.
Адам баласы өмірінің негізі, қайнар бұлағы – әке мен ана. Діннен тартсақ, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) жақсылықты ата-анаға жасау керектігін хадис етіп қалдырғанын білеміз. Бұл жағынан кемеңгер ел еш кемшілік жіберіп көрген емес. Тіпті, Меккеге үш арқалап барсаңда қарызыңды өтей алмайтыныңды даналықпен пайымдап кеткен. Ал қазақтың салт-дәстүрін бойына дарытып, сүйегіне сіңіре білген Қайрат ақын бұл жағынан көпке үлгі боларлықтай. Әу баста айтқан жылаңқы әндерді тудырушылар «сүйдім-күйдім» деуден аспай жатқанда, асқаралы әкесін аңсаған құлын жүрегімен, жұлын-жүйкесімен өмірге алып келген әнімен мәңгілік ескерткіш қалдырғанына риза болмасқа шара жоқ. Бұл тектінің төлі екенін білдіретін туынды. Өмірлік қолтаңба.
Қайрат әкесі Әшірәліге деген аңсарлықтың, сағыныштың шегі мен шеті жоқ екенін сұлу саздың келісті ырғағымен, шымыр ұйқасты шырайлы сөздерімен терең жеткізе білген.
Өзің әке аласармас ақ
аспан,
Даналығың мейіріммен
жарасқан.
Биік арман, ояу сана,
кеңпейіл,
Арқасында болдым көп
тен бағы асқан, –
деп жырлап, ән қалыбына салудың өзі осыны аңғартады. Рас, әр перзент өз әкесін аспан, таудан ары асыра биік тұтпаса, төмен санамайды. Ақын алғашқы тармақтан-ақ осыны терең пайымдай біліпті. Ал екінші тармақтағы менмұндалап тұрған ұғымды таратып айтпаса да түсінікті емес пе? «Ағаш жемісті көп берген сайын иілгіш келеді» немесе «Адамның білімі толысқан сайын кішіпейіл келеді» деген тәмсілдерді алға тартсақ, даналардың мейірімді болатыны сөзсіз. Ал әкенің балаға деген махаббаты тіптен ерекше. Осыны сезініп жырлаған ақынның ән мәтініндегі қос тармақтан кейін бүгінгі поэзия жайлы аз-кем тоқталып өткенді жөн көрдік.
Қазіргі таңда эстрадалық және интеллектуалдық поэзия жаршылары пайда болғаны көзі қарақты оқырманға белгілі жайт. Бұны жасампаздық деп шалабүлініп жүргендер де бар. Ал дәті берік кейбіреулер бұл сүрлеуді Қадыр ақын салып кеткен деп бөседі-ай келіп. Нағыз ақынға күйе жағудың шегі бұнымен шектеліп қалып жатқан жоқ-ты. Қарапайым оқырманның көкейіне эстрадалық және интеллектуалдық поэзия деген не, ол қандай жырлар деген заңды сауал туындауы мүмкін. Бұған да түсінік бере кетелік. Мұндай жырлардың дені жасампаздықтың туындылары деп саналады. Яғни, өлеңнің алғашқы екі тармақтары ұйқас үшін жазылады да, соңғы қос тармақ философиялық ойлармен немесе тапқыр, бейнелі теңеулермен түйінделіп отырады. Ондай туындылар ғұмырлық болып саналмайды деп кесіп айта аламыз. Жаңа толқын келгенде сонымен шайылып кететін екінші бір толқынға ұқсас туындылар секілді. Міне, ақын-сазгер Қайрат Бисембаев осындай кемшіліктен ада. Керісінше, қалыпты да ғажап, әр тармағы ой салатын, жасампаздықтан таза туындылардың иесі. Сондықтан да «Әкені аңсау» әнінің алғашқы шумағын талдап беруге тырыстық. Ал «Биік арман, ояу сана, кеңпейіл, арқасында болдым көптен бағы асқан», – деуінің де жөні бар. Өйткені Қайрат тек қана ақын, сазгер емес. Ол кешегі Қазақ хандығының тұғыры беки түсу үшін Тәуекел хан мен Ораз-Мұхаммедтің кеңесшісі ретінде билікке араласып, алты Алаштың қамы үшін түн жастанбай ойға батқан кемеңгер Қадырғали бидің асыл нәсілі көп шоғырланған бір аймақтың басшысы. Ай-Шешек бегімнің көз жасындай тарамдалып аққан қасиетті өзеннің атымен аталатын Қаратал ауданының әкімі. Бұл жағынан келгенде де кешегі күнге ой жіберіп, даналарымыздың ізін қуған, маңдайымызға біткен абзал азамат екенін асқақ көңілмен атап бере аламыз. Мәселен, пайғамбарлардың ішінде хакім атанған, Лұқмандай биікке көтерілген дана Абай да жыр жазып, қара сөздер түзілте қалам тербей жүріп, болыс болған жан еді. Өнер мен өңір тынысын қатар ойлаған Қайрат Бисембаевті сол себепті де кешегілердің сарқыты деп білеміз.
Сыршыл өлеңдерін әнге айналдырған Қайрат өміріндегі баға жетпес жан болып саналатын әке-шеше, жары мен балаларына, немереге деген махаббатын өнерімен танытқан. Сондықтан да тұрмыстық әндері қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары атанған бірқатар әншілердің орындауында әуелеп келеді. Атап айтсақ, «Әкені аңсау», «Қызға тілек» әндері Саят Медеуовтің, «Менің анам» Айгүл Иманбаеваның, «Ұлға тілек» Досымжан Таңатаровтың орындауында. Жаһандану дәуірінде ұялмағандықтан әнші атанып жүрген кей жастардың емес, халқының жүрегін қоңыр даусымен, талғамды әнімен жаулап алған аталмыш әншілерге туындыларын орындатудың, олардың ән қоржынына өзінің жақұт шығармаларын қосып берудің өзі Қ. Бисембаевтің үлкен жетістігі десек, артық айтқандық болмас.
«Сен еккен баққа, мен осы шақта, немереммен барамын», – деп толғанған Қайраттың жүрегінен шыққан әндердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталуға, тапқыр теңеулерін тарқатып беруге болады. Алайда әкесіне деген сағынышын немересінің еркелігіне қарап арттыра түскен ақынның балаға деген махаббатын әсем әндерін қайта-қайта тыңдаған сайын аңғара түскендейміз. Әсіресе, иран бақта жайқалған қызғалдақтай қырмызы қызына арнап жазған «Қызға тілек» атты әні ақынды өз жұртының салт-дәстүрі мен оның мәдениетінің жетік екендігін танытып, қызға қырық үйден тыйым көрсеткендігімізді тереңнен ұға білгендігін пайымдаймыз. Сол арқылы ел қалаулысының білімі мен білгірлігі, өнерге деген өлшемсіз тереңдігі еріксіз тамсандыра түседі.
Қыздың жолы жіңішке қарағым-ау,
Сан құбылған заманға қара мынау.
Шүберекке жанымды түйіп бақтым,
Түспесін деп еш кірбің қабағыңа-ау, – деп келетін аталмыш ән мәтінінің өзі талай нәрсені аңғартады. Әрқашанда ақын жүрегі қызға деген аярлық сезім мен шынайы тілектен тұрады-ау деп те ойлайсың. Кешегі мұзарт таудың мұзбалақ ақыны Мұқағали да «Қымбат-ау, қыздың ар-мұңы» деп нәзік жандыларға деген жүрек-жарды тілегін жырмен жеткізген еді. Сондықтан да бұның өзін кешегілермен үндесіп жатқан Қайраттың шығармашылық һәм рухани сабақтастығы деп атап кету бізге парыз.
Ән бірнеше адамның бірігуі арқылы, жұмыла күш жұмсауынан туындайтын жалпылама өнер емес. Ол Алланың назары түскен бақытты адамның басына қонар жалқы өнер. Дара қасиет. Сайын даланы сазға бөлеген композиторларды, әншілерді жұлдызындай биікке шығарған кемеңгер халықтың ғасырдан- ғасырға талмай жететін үні. Жүрегінің соғысы. Жыр алыбы Жамбылдың «Ән – халық үні, оның шындығы, оның ойы мен сезімі», – деген даналығы айтар ойға айғақ. Осындай бекзат өнерді бек ұстанған жандардың дара болмысын саралап берудің өзі қымтырылып қысылар, ертеңге ысырар дүние емес. Сол себепті де, ел басқарумен ғана емес, халықтың қазыналы мұрасына өзіндік жақұтын қосуға күш жұмсап жүрген жанды ретімен әспеттеуге борыштармыз.
Адам бойында алапат күш болады. Игілікті іске жұмсаса жұмыр басты пенденің қадірлісі болмақ. Ал оң мен солын білмей іс қылса, тұзының сор, еңбегінің еш кеткені. Ондай адамдар қанша тыраштанса да тауға шыға алмас. Руханият үшін ұлы күрес басталған қоғамда ширыққан шырайлы шығармаларды тудырған Қайрат Әшірәліұлы сынды ақын, сазгерлер бізге керек-ақ.
Кешегі қазақ өлеңінің алыбы Қабан жыраудың табаны тиген топырақ көз сүртуге жарайды. Әулиелердің мекені, пәрменді Пышандай ақындардың туған жерінде ел ризашылығына кенеліп, биік билік пен қасиетті өнердің қос тізгінін қатар ұстаған жанға деген алғыстың легі шектеусіз. Негізі, жақсымен жанассаң жұлдызыңның жарық болатынын пайымдай білген халықтың даналығына сүйенсек, киелі топырақта, қазақтың қасқалары өмірге келген өңірді басқарғандықтан да өнері өрісті болды-ау деп те ойлайтынымыз жасырын емес. Не десек те, Қайрат Бисембаевтің түн жастанып жыр құраған ақындығымен, саз әлеміне сана жетелетер сазгерлігімен таңдандырары хақ.
Өткен мен бүгінді салыстырып, ұштастырып ой толғағанға не жетсін, шіркін?! Кешегі Біржан сал, Жаяу Мұса, Пышандар тойда салған әнін ойға жеткізген, тұтас Тұран даласына жайған керемет әншілік өнердің иесі еді. Өздері ақын, сазгер, орындаушы болғаны да әдебиет әлеміне бас сұққан жанға таңсық емес. Міне, сол қасиетті қанына сіңіре білген Қайраттың да орындаушылық шеберлігі жеке дара. Тұла бойын идіріп, игілік болып жеткен өнердің арқасында өзі жазған «Немерем» әнін тамылжыта шырқағанын, әншілік қабілетінің де жоғары екенін бейнедискті талмай тыңдау барысында әбден байқадық.
Ет жүректі шымырлатып, алпыс екі тамырды идіріп, сезім қылын қозғағанды ғана ән деп айта аламыз. Оның құдіреті жалқыны жалпыға ортақ жан, жарлыны жібекпен көмкерілген бай-манаптай сезіндіретіні бар. Тасырқаған аттай тосырқап, томаға тұйық күйде жүргенде бір желпіндіріп, серпілтетін күшке ие. Өзінің кірпияздығымен, сөз өнеріне деген кіршіксіз көңілімен аз жазса да саз жазған Ғабит Мүсірепов «Тіл жеткізбесті ән жеткізері бар» деген еді. Жалынды жазушының осы сөзінен-ақ музыка өнерінің адам жанымен егіз екенін аңғарамыз. Талантымен табындырған Қайрат Бисембаев та ән әлемінде талай жүректерге жол тауып, мұңға батқан ғашықтармен саз арқылы сырласып, Мәңгілік Ел болуға талпынған жұрттың әр шаңырағында әуелеп қала бермек...
Ұлы Отан соғысында қолға түскен елді басындағы ауыртпалықтан ада етіп, құлдыққа тез бейімдеу үшін жеңіл ырғақты әндерді тыңдата беру керек деп Гитлердің жарлық шашқаны жайлы деректер бар. Мақсатының жолында майып болып, Кеңес әскерінен тас-талқаны шыққан сол мықтыңыздың арманы аспандай қоймады. Осыдан-ақ адам баласын ойсыздық пен қамсыздық дертіне шалдықтыратын аурудың бірі жеңіл ырғақты ән екенін пайымдай беруге болады. Бүгінгі таңда әуезі әсерсіз, сөзі сөлсіз, шырынсыз әндер айтылып жатқаны, оны қаршадай кей жастарымыз жатқа соғып жүргені белгілі жайт. Бұл да бір қатер десем артық айтқандық болмас. Тіпті, батыстың таңсығын қаңсық етіп, «рэп» жанрында жанын салып жүргендер де бар. Олардың орындауындағы даңғырлақ әуен, дәйексіз сөз алды-артын танымас кей жастардың ұранына айналғанымен, дана қазақтың жыр-әні болмасы анық. Осындай кірме өнердің өрістеп бара жатқанына шамырқанып жүргенде, қазақылық қасиетке қаныққан Қайраттай өнерлі де өрелі жандардың «Сын» атты терме, «Бала дос», «Бірлесім», «Ақ тілек», «Бота-Бота», «Сағыныш» сынды мазмұнды әндерді жазуының өзі тектілікті танытса, тыңдарманның қазақы қанын қуаныштан тасытпай қоймас. Сондықтан да ақындық деген ақық өнерде, музыка деген киелі әлемде бабаларға қарап бой түзеп, даналардай ой толғап жүрген Қайрат Бисембаевтің әндері халық ішінде көптен орындалады, өскелең ұрпағы өнерімен, игілікті ісімен мақтанады деп білеміз.
СЫН (терме)
Бір басым көпті көреді,
Фәниге тірі келгесін.
Тыңдап көр, халқым, ұлыңның,
Өмірден жазған термесін.
Егемен болып соңынан,
Елдердің үлкен ергесін.
Қиындық кетіп басыңнан,
Жамандық халқым көрмесін.
Қалың елі аш болса,
Ел басқарған ерге сын.
Еріне жүгін артып сап,
Отырса қарап елге сын.
Еңбегін елдің өтемей,
Бермесе дәнін жерге сын.
Сусырап жатса қара жер,
Жауынсыз келген желге сын.
Аш болып жатып жан-жағы,
Жалғыз тоқ болса барға сын.
Көтермей жүгін елінің,
Сандалып кетсе нарға сын.
Үйленіп алып, үй болмай,
Береке кетсе жарға сын.
Адам боп келіп өмірге,
Арам боп кетсең арға сын.
Біреудің түгі қалмасын,
Біреудің оты жанбасын,
Деп жаман дұға оқыған
Дуагер болған жанға сын.
Ренжу, өкпе болады,
Өмірде тірі болғасын.
Адамды адам түсініп,
Қиянат жасау болмасын.
Билігін әділ айтпаса,
Отырған билер таққа сын.
Бәтуасыз сөз айтса,
Талмай бір қойған жаққа сын.
Жазықсыз жанды ап жатса,
Жаңылыс тиген оққа сын.
Жазықсыз жанды айыптап,
Үкімін жазса сотқа сын.
Үйдегі соңғы дәніңді,
Тышқанға берсе қапқа сын.
Жігітті төмен қаратып,
Байласа қолын жоққа сын.
Біреудің торып есігін,
Біреудің қағып қақпасын,
Сұраған қайыр заманнан
Жігітті Құдай сақтасын.
***
Біреудің торып есігін,
Біреудің қағып қақпасын.
Сұраған қайыр заманнан,
Халқымды Құдай сақтасын!
Ойдым-ойдым ой айтса, омыртқаны опырардай зілмен тәмсілдеп, тамағын кенесе қоғалы көлді шалқытар Ескелді, Балпық билердің, шашақты найзасын ұмсынса жаудың ұртын қанға толтырар Орақ батырдың киелі мекені мәртебелі де мерейлі. Сүйінбай бабаша көсілсек, ашпаған бетін пердеден сұлулары бар, тағы бір қайырылсақ кешегі Ай-Шешек бегімнің қарашығының нұрындай тұнып аққан Қаратал өзені Жетісудың күретамыры іспетті. Елі мен жерінің қасиеті бөлек осындай ауданға басшылық етіп, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, ұлттық өнер отауының ошағын ерекше маздатып жүрген бекзат Қайрат Бисембаев жайлы көп айтып, көсемси беруіме әлі де болады. Алайда, жалқы тәмсілден тарау-тарау сыр ұғатын кемеңгер жұртым дара басшы, талант иесі жайлы айтылар сөздің ау-жайын осының өзінен-ақ аңдады деп білеміз.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
"Жетісу" газеті