АҚСУЛЫҚТАР АҚЫНЫН АРДАҚТАДЫ
2016 ж. 01 желтоқсан
2178
0
Арқыраған ағынды Ақсу тағы бір кемерінен асты. Жағасында ойнаған, ұлы өнерге бойлаған ақынды сағына толқыды. Қиын кезеңде өмір сүріп, қазағына қазыналы жырларын қалдырған шайырды еске алған елмен бірге шалқып, тасты. Оған себеп болған жыр жүйрігі Қуат Терібаевтің 125 жылдық мерейтойына орай Жансүгіров кентінде өткен «Өмір жыры» атты облыстық ақындар айтысы.
Тұйғын ақын атанған Қуат Терібаевтің мерейтойы Ақсу ауданына қарасты Көкөзек ауылындағы ақын ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Бабаға құрмет көрсеткеннен кейін игі шараның алғашқы сөзін алған аудан әкімі Әділбек Далбағаев:
– Қадірменді қонақтар мен жерлестер! Ұрпақтың рухани тәрбиесінде тарихи тұлғалардың түр-келбетін ұрпақ санасына ұялатып, олардың шығармасын насихаттаудың маңызы зор. Тарихтың өшпес беттерінде өзіндік орны бар семсер сөздің сардары, саф салтындай ерекшеленген халық ақыны Қуат Терібаевтің 125 жылдық мерейтойына қош келдіңіздер, – дей келе ақынның өмір мен шығармашылғына тоқталды.
Сондай-ақ, облыстық «Алатау» газетінің бас редакторы, айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов сөз алып, кешегі Сүйінбай мен Жамбыл бастаған ақындар жайлы, солардың жолын жалғаған Қуат туралы кестелі сөз, келісті ойын ортаға салды. Сонымен қатар, шара барысында Қуат ақынның келіні Ажар Сейсенбаеваға аудан әкімінің сыйлығы табыс етілді. Мерейтой қонақтары Көкөзек ауылындағы Қуат Терібаев атындағы орта мектепті аралап, ақын пайдаланған тұрмыстық заттармен танысып, мектеп оқушылары қойған көріністі тамашалағаннан кейін Жансүгіров кентіне аттанды.
Негізінде, Қуат Терібаев Ақсу ауданына қарасты Чапаев ұжымшарының жерінде, кедей отбасында өмірге келген. Әке-шешесінен ерте қалғаннан кейін ақын ағаларын паналап, солардың қамқорлығын көп көрген. Аңыз-әпсаналар мен жыр-дастандарды жаттап өскен ол жастайынан жиын-тойларды жағалап, арқалы айтыскерлермен сөз сайысына түсіп ақындық атын шығарған. Оның шығармашылығымен танысқан Мұхтар Әуезов «Тұйғын ақын», – деп баға берген. Сонымен қатар, қарымды қаламынан туындаған «Көкөзек», «Ағынды Ақсу» және «Өмір жыры» атты кітаптардың авторы.
Халық ақыны Қуат Терібаевтің 125 жылдығына арналған облыстық айтыстың шымылдығын ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым ашты. Ол:
– Әр бұтасына жыр қонақтаған киелі Жетісу өлкесі дегенде есімізге ең алдымен Жамбыл жыраудың түсетіні анық. Жыр алыбын ойлағанда оның ізін басқан Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Қуат Терібаев пен Қалқа Жапсарбаев сынды тұлғалар ойға оралады, – дей келе Қуат ақын жайлы көп деректердің кездесе бермейтінін, мұндай олқылықтың орнын осындай мазмұнды шаралардың толтыратынын атап өтті. Одан кейінгі кезекте Айтақын Бұлғақов пен ақсулық ақын Бекболат Атамбаев бір-бірін әзілмен қамшылап, қағыта келе Қуаттай арда ақынын еске алып той өткізген елді ақық жырларымен аспанға көтерді.
Бекзат өнерге өңірімізден сайдың тасындай іріктетілген 12 ақын қатысты. Облыстың түкпір-түкпірінен келген айтыскерлер қыз бен жігіт айтысының тамаша үлгісін көрсетіп, баба тойының көрігін қыздырды. Айтыста айтылған ой мен қозғалған мәселелердің ауқымы кеңейіп, айтыскерлер ақынның абзал қасиеттері мен өмір жолын ғана емес, ел мен белдің, қоғамның келеңсіз жайттарын жырына арқау етті. Сол арқылы жырға шөліркеген ақсулықтардың айызын қандырып, көрерменді серпілтіп тастады.
Аламанның серті көмбеден көріну болған соң айтысқа түскен ақындар жанын салып, іркес-тіркес сөздерін жаудырды. Қарсыластың осал тұсын аңдап, сын садағына ілуге талпынды. Әркім өз әлінше шауып, думанға жиылған дүйім елдің ыстық ықыласына бөленді. Қазылар алғасының шешімі бойынша 3 жұп ақтық сынға шығып, жеңісті өзара бөлісті.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында Қуат Терібаевтің 125 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысында өзінің өрнекті жыр, өтімді ойымен Ескелді ауданынан келген Алғысбек Дәуен мен қарасайлық Аяулым Жұмабек жүлделі ІІІ орынға ие болып, аудандық «Ақсу өңірі» газетінің бас редакторы Мұхаметәлі Қазбанбетовтың қолынан 50 мың теңгелік сыйақы алды. Ал ІІ орынды иеленген талғарлық Арзыгүл Қайыңбекті айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов құттықтап, 70 мың теңгені табыс етті. Қыз бен жігіттің тамаша айтысын жасап, Сара ақынның ізін жалғауға тырысқан талдықорғандық Аягөз Серікқызы І орынды иеленді. Арнайы диплом мен 100 мың теңгелік сыйақыны ақын Нүсіпбай Әбдірахым табыс етті. Ал кешегі Есенқұл ақынның елесін көрсеткен жамбылдық ақын Жалғас Садырұлы айтыс жеңімпазы атанып, аудан әкімінің орынбасары Сәбит Қорғанбаевтың қолынан 200 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық пен диплом алды.
Ілияс Жансүгіров жыр еткен ағынды Ақсудың арнасы сумен емес, жырмен толысқандай болды. Ерлігіне сай ерім деп көкке көтеретін ел ақындығына сай айтыс ұйымдастырып, Қуат Терібаевті бір аунатқандай болды. Оған игі шарадан қуана тарқасқан көрермен мен ақын ұрпағы дәлел.
Асыл Сұлтанғазы,
"Жетісу" газеті