АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БАҒАЛЫ БАЛЫҚ ТҮРІ КӨБЕЙЕДІ

Өткен жылдан бастап елімізде «Жасыл экономика» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында «Жасыл экономика моделіне өту бойынша Қазақстанды қолдау» атты жобасы бастау алды. Бұл жобаға алты жүз мың еуроны құраған грант бөлініп, ол еліміздегі бизнес жоспары су ресурстарының тиімділігін арттыруға бағытталған 14 мемлекеттік емес ұйымға берілді. Сол қатарға Ерлан Қажынов басшылық ететін «Алакөл табиғаты» қоғамдық бірлестігінің «Инкубациялық цех құрып, Алакөлдің сазанын өсіру» жобасы кірген еді. Міне, содан бері бір жыл өтті. Өткен аптада аталған гранттың Қазақстанда атқарылу барысын бақылауға жауапты «Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ-нің баспасөз хатшысы Меруерт Абдалиева бастаған мамандар мен республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері аталған қоғамдық бірлестіктің жұмыс барысымен танысып, инкубациялық цехта өсірілген сазан балықтың шабақтарын Алакөлге жіберді.

Өткен жылдың көрсеткіші бойынша, балығы тайдай тулап жататын Балқаш пен Алакөл, Қапшағай су қоймасы және тағы басқа үлкенді-кішілі көлдер мен арналы өзендерден ауланған балық мөлшері өте төмендеп кеткен. Сонымен бірге балық түрлері мүлде азайды. Ауланған балықтың тең жарымын табан балық құрайды және оның өзі бір кездегідей ірі емес, тым ұсақ. Қысқасы, бірнеше жыл қатарынан жетісулық балықшылар облыс тұрғындарының балыққа деген сұранысының жартысын да қанағаттандыра алмай келеді. Кеңес одағы кезінде Алакөлден жылына 5 мың тоннаға дейiн балық ауланып, оның 90 пайыздан астамы сазанның үлесiне тиген деседі. Міне, осы өңірдің атағын шартарапқа паш еткен әйгілі сазан қоры бұл күнде өте азайып кетті. Ал кейінгі кезде Балқаштан әкелінген көксерке (судак) көлде тіршілік ететін басқа балықтарды азайтып жіберген.

Мамандардың айтуынша, балық шаруашылығын дамытудың әлем таныған екi жолы бар. Бiрiншiсi, балық шаруашылығына табиғи су көздерiн тиiмдi пайдаланып, балықтардың өздiгiнен өсiп-өнуiне жағдай жасау, екiншiсі, бүгiнгi заманауи отандық, шетелдiк озық технология мен ғылым жетiстiктерiн пайдалана отырып, индустриялды-инновациялық бағытта аса құнды балық түрлерiн қолдан өсiру. Сол құндылықты ел игілігіне айналдыру жолында жоғарыда аталған инкубациялық цехтің арқалайтын жүгі аз болмайтын сыңайлы. Бүгінде аумағы 290 шаршы метр жерге салынған инкубациялық цех, тоғандық шаруашылық және жаңа тұйықталған сумен жабдықтау қондырғысы жерүсті және жерасты суларын тиімді пайдаланып, сазан балықтың түр-түрін қолдан өсіруде. Тіпті шабақ балықты одан ары көлге бейімдеу мақсатындағы кеңдігі 3 метр, тереңдігі 2 метр болатын 6 бассейн де сақадай сай. Оларға балықтардың тіршілігін қамтамасыз ететін түрлі жабдық пен аппаратура орнатылған. Қазірдің өзінде бассейннің біреуінде көксерке, қалғанында сазан мен мөңке балық өсірілуде. Сонымен қатар, жобаның жергілікті жұрттың әлеуметтік жағдайын жақсартудағы пайдасының мол екенін де білдік. Айталық, цехта 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, мерзімдік жұмыстарға тартылатын адам саны да арта түседі. Тіпті, жұмыс жиілігі артқан кезде адам күші жетіспей жататын кездер жиі ұшырайды.

Балықшылар ауылындағы тіршілік қайта жанданғалы қиын жылдары баспанасын тастап, қалаға көшкендер қайта оралып, туған мекендерінің түтінін түтете бастапты. Бір қызығы, адам қарасы көбейген ауылда балалар оқитын мектеп пен балабақшаға деген сұраныстың туындағанын байқадық. Демек, игілікті жоба аз уақыттың ішінде әлеуметтің әлеуетін көтерумен қатар шалғай ауылдың тіршілігіне қан жүгірткенін көрдік. Қысқасы 69 мың доллар қаржымен қолға алынған жоспар 2018 жылға барғанда 69 миллион теңге пайда береді деп күтілуде. Олар алдағы уақытта балық шаруашылығымен қатар басқа да жұмыс көздерін ашуды жоспарлауда. Тіпті, балық өнімдерін өңдейтін цех салып, жергілікті халықтың материалдық-экономикалық әлеуетін көтеруге серпін бермек.

«Алакөл табиғаты» қоғамдық бірлестігінің мамандары балық қоры азаюының басты екі себебін айтады. Бірінші, табиғат құбылыстары, екіншісі, адами факторлар. Бұл мәселе өткен жылдары Парламент Мәжілісінің қабырғасында да көтерілген. Сонда бір топ депутат Үкіметке: «Алакөлдің бүгінгі бай флорасы мен фаунасын болашақ ұрпаққа сақтау үшін оны мемлекеттік қорық етіп жариялау керек» деген сауал жолдап, ауызсу, электр энергиясы, абаттандыру, санитарлық жабдықтаудың ерекше жобасын жасау сияқты бірқатар шара ұсынған еді. Сол шаралар іске асса құба-құп болар еді.  Браконьерлік жолмен балық аулаудың салдарынан да бағалы байлыққа барынша қауіп төнуде. Сондықтан қоғамдық бірлестік өкілдері: «Алакөлдің жазғы шомылу маусымында пайдаланатын аумағынан басқа бөлігін тым болмағанда 3 жылға жапса, балығын молайтуға мүмкіндік туар еді», – деген пікірде. Осы ретте ауылдастардың: «Мүмкін, бұл ұсынысты жоғарғы жақ ескеретін шығар», – деген өтінішін жеткізе кеткіміз келді.

Қажет АНДАС,

"Жетісу" газеті