МАМАНДЫҚТЫҢ ЕҢ ҮЛКЕНІ - АДАМГЕРШІЛІК

Аға буынның айтары бар. Әрине, халық даналығына сүйеніп сөйлесек, жастығында байқары болған бұлардың. Әйтпесе, әңгімесі әр нәрсенің басын бір шалып, тектілік пен тәрбиеге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қоңырсыған қойыртпақты сөз қылушы еді. Тек олар жеткізген жетелі ойды құлақпен емес, жүрекпен тыңдайтын талапты жас жолықсын деңіз. Жастарға қызмет көрсету орталығында өткен «Әдептілік әкеден» атты кездесуде қос мейман өмірден түйген өнегелерінен сыр шертті. Алматы облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері, қаламгер Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ пен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре ӘРІН ұлт болашағына бағыт-бағдар беретін аталы сөз айтып, жастарды Абайдың кірпіш дүниесіне алдымен адам ретінде қалануға шақырды.

Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы өңірлік аналар кеңесі, облыстық және Талдықорған қалалық жастар ресурстық орталығы атсалысты. Шараға І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың болашақ тілшілері, «Айналайын» балалар үйінің жеткіншектері арнайы келді. Отбасындағы әкенің міндеті мен ошақ қасындағы ананың рөлі төңірегінде ой өрбіткен қос тұлға жастарға өз өмірінен жарқын мысалдар келтірді. Қоғам қайраткерлерімен бетпе-бет кездескен студенттер мен оқушылар терең тәрбие, балалық шақ, адал достық, еңбек ету, мамандыққа деген сүйіспеншілік туралы көкейдегі сауалдарын қойды. Кездесу ел ағаларымен емен-жарқын сұхбат түрінде жалғасты.

Көзін ашқаннан көрік көріп өскен ойын баласының ойы терең еді. Темірді қамырша илеген әкесін әлемдегі ең күшті, ең алып адам санайтын. Күнұзаққа қара темірді шыңылдатқан ұста – әкесі барда өзін барынша бақытты, барынша қауіпсіз сезінді. Қыс көбесі сөгіліп, жылғалардан су аққан жылдағы көктемде қаршадай бала құстарға ұя салуды әдетіне айналдырған. Балапан өрбітіп, күзгесалым жылы жаққа қанат қағатын құстар сәби санасына өмірдің өзі өткінші екенін ұқтырғандай. Дүниедегі ең мықты адам деп ойлаған, жиі-жиі маңдай терін сүрте салып, құсқа қамқор қаршадай ұлын емірене иіскейтін ұста көз жұмды. Наурыздың мұң мен сағынышқа толы осынау балалығын жастар жағы сахнаға алып шығып, қысқаша қойылым көрсетті. Құстарға арнап ұяшық жасаймын деп шеге қағып жатқанда қолын ауыртып алғаны, анасының жыламсыраған баласын құшағына басқаны күні кешегіндей есінде.

– Сіздерге қарап менің балалық шағым есіме түсіп отыр, – деді Наурыз ағамыз тебірене сөйлеп. – Әкемнен тоғыз жасымда айырылдым. Дәл осылай жастармен кездесуде бір білімді оқушыдан ұстаз: «Сен үшін ең жоғары лауазымды адам кім?» – деп сұрапты. Қазақстанда – Президент, Жапонияда – Император, Англияда – Король дегендей бар білгенін айтыпты шәкірт. Мұғалім тағы да: «Бұдан да жоғары лауазым бар ма?» – дейді. Бала мүдірместен: «Бар!» – деген екен. «Ол кім?» «Ол – менің әкем!» Ұстаз сонда қатты риза болыпты. Біреудің әкесі – Император. Біреудің әкесі – шопан. Бірақ баласына жақсы тәрбие берген әке ғана нағыз әке.

Жетісудың абызы атанған ақсақал жүрек тебірентер әңгімесін аяқтай алмай, көз жасына ерік берді. Сонау балалық шағында тәп-тәтті сағыныш қалпында қалып қойған әкесі есіне түскені айдан анық еді. Ал анасы кітапханада еден жуушы болып қызмет істепті. Көңілі толқыған ел ағасы қарсы алдында отырған қыз-жігіттердің ертеңгі күні-ақ әке мен ана атанатындықтарын, сол себепті ұрпақ тәрбиесіне бүгіннен бейжай қарамауды өсиет етті. Доп тебуге, ләңгіге құмартқан шағын, ойынға шығу үшін анасы тапсырған жұмыстарды бұлжытпай орындайтын балалығын сағына отырып айтты. Кездесу тек сұрақ пен жауаптан өріліп қойған жоқ. Сонымен бірге, аға буын мен жас буынның вальсімен жандана түсті. Шәмшінің әндерімен шараның шырайы кірді. Сөз арасында Наурыз Қылышбаев жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен арзан өнерге қынжылды. Сөздің мағынасы емес, музыканың ебедейсіз ырғағы басты орынға шыққанын айтты. «Бұрын әншіні құмарта тыңдайтынбыз. Сөзінің мағынасына түсініп, музыкасы бойымызды жібіткен соң ғана қол шапалақтаушы едік. Бүгінгінің әншілері сахнаға шыға салып, өзі әнін бастамай тұрып көрерменнен шапалақ сұрайтын әдет тапты. Мен Шәмшімен он күндей бірге жүріп-тұрдым. Ол кісі анасы өмірден өткенде ән шығарамын деп 25 түрлі нұсқасын жазыпты. Міне, өнер алдындағы жауапкершілік!» – дейді ақсақал ақтарылып.

Қазіргі әке қандай болу керек? Жастар тарапынан осы сұрақ көбірек қойылды. Кештің қонағы Әміре Әрін үзеңгілес ел ағасы Наурыз Қылышбаев туралы жылы пікірін: «Мен журналистикада 40 жыл қызмет етіп келемін. Бірақ жетпістен асқан кісінің әкесін сағынып, көз жасын сығып алғанын бірінші рет көріп отырмын. Наурыз ағаның әкеге деген махаббаты қандай?! Қазіргі әке осындай болу керек», – деп бастады. Көрермен де нағыз еркектің ғана көзінен жас шығатынын айтып, қос мейманның жетелі ойларына қол соғумен болды.

Екі арыстың достығы қызыл империяның дәуірлеп тұрған уақытында басталыпты. Қаратал аудандық газетінде істеп жүрген жас тілші Әмірені бір күні екінші хатшы шақырады. Наурыз Қылышбаев! Атағынан ат үркеді. Жұмыстан жоғары жауапкершілікті талап етеді. Қаталдығы сонша, ел бірінші хатшыдан емес, осы Наурыздан именіп, қорқып тұратын. Ауданның екінші басшысы шопан мен ауыл тұрғындарының үйін салыстырып, тазалық туралы мақала жазуды тапсырады. Содан бері табаны күректей 38 жыл зулап өте шығыпты. Достықтары – мәңгілік. Ағалы-інілі достар кездесуде адамгершілік, тарих, мінез турасында ой қозғады. Наурыз аға жастарға тарихты құрметтеу, өткенге топырақ шашпау төңірегінде ғибрат боларлық сөз қозғап, Шыңғысханның бәйбішесі Бөрте туралы кітабын тарту етті.

– «Жақсылықты бұқтырсаң, жанынан жаманшылық өсіп шығады», – деген еді Елбасы журналистермен кездесуінде. Журналистің ең бірінші міндеті – қоғамның дамуына атсалысу. Ал қоғамды жақсылықты үлгі ету арқылы ғана дамытуға болады, – деді Әміре Әрін жастармен мамандығы жайлы ой бөлісіп. – Журналист – қоғам қайраткері. Асүйдің емес, қоғамның әңгімесін жасайды. Білім алу – бір басқа, адам ретінде қалыптасу – бір басқа. Журналист тәрбиелі, сәулелі, жақсылықты көре білетін болу керек. Тілшінің мақаласы оның бүкіл сана-сезімі әрі қай ұяда тәрбиеленгенін айқындайды. Алдымен өздеріңді ұштаңдар. Алдымен адам ретінде қалыптассаңдар, журналистика ешқайда қашпайды. Журналистика – ғажап мамандық. Президентпен де, министрмен де, керек десеңіз қарапайым шопанмен де емін-еркін сөйлесе беретін жалғыз маман иелері – журналистер. Журналист бәрінің тұтқасын ұстауға қабілетті. Ал бәрі журналист бола алмайды.

Әміре Әріннің айтуынша, мамандық жеткіліксіз адамға. Мамандықтың ең үлкені – адамгершілік. Ел ағасы Михайл Светлов есімді орыс жазушысының: «Жақсы адамнан ғана жақсы жазушы шығады», – деген сөзін мысалға келтірді. «Менің әкем үш жасымда өмірден өтті. Шешем 10-сыныпта қайтыс болды.  Жалғыздың жары – құдай. Жастар жан-жағына жақсылық жасауды ұмытпаса екен деймін. Қайтарымын ешқашан ойламаңдар. Сонда бақытқа кенелесіңдер», – деді жастарға қарата. Шара соңында Әміре Әрін:

Асығып балғын күндерге сонау, Теңіздей толқып келем мен. Туған жер тылсым үндерге толы-ау, Толағай тартар тереңнен, – деп басталатын туған жер туралы өлеңін, сонымен бірге, Елбасына арналған «Тұңғыш» атты туындысын тебірене оқып берді. Өнегелі сөзден кейін қос мейман жастармен бірге естелік суретке түсті. Кеш соңында оқушылар ән айтып, концерттік бағдарлама ұсынды.

Қуаныш ТҰНҒАТАР,

"Жетісу" газеті