ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ СҰРАНЫС КӨП

«Жері байдың – елі бай» деп бекер айтылмағандығы топырағы құнарлы, жері шұрайлы Талғар ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігінен анық аңғарылары хақ. Ауданның экономикалық-әлеуметтік ахуалы жылдан-жылға жақсарып, қай салада болмасын қарқынды даму бары байқалады. Бұған Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудағы талпыныстары тың серпін беріп, жарқын келешекке жол тартқан Ұлы Дала елінің ырысын тасытып, береке-бірлігін ұйыту бағытында атқарып жатқан жұмыстары дәлел. Жетісудың түгін тартса майы шығатын өңіріне арнайы ат басын бұрған өңірлік коммуникациялар қызметі мен БАҚ өкілдері ел экономикасын өркендетуде тыңнан түрен салып, отандық өнім өндірудің көшбасынан көрініп келе жатқан бірнеше нысандардың жұмыс жайымен танысты. Алдымен журналистер аудан тізгінін қолына алып, әлеуметтің әлеуетін арттыруға, мәдени-саяси өмірін жақсартуға қабілет-қарымын, білім-білігін жұмылдырып отырған  Талғар ауданының әкімі Райхан Садықованың есебіне қанықты.

Тілшілер іссапары халық саны жылма-жыл көбейіп отырған іргелі ауданның білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайымен танысудан бастау алды. Себебі, ширек ғасырлық тарихы бар тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, төрткүл дүниемен терезесі теңескен ұлы қазақ елінің айбынын асқақтатар жалынды жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы бәрінен маңызды. Бесағаш ауылынан өткен жылы ғана пайдалануға берілген 600 орынды №45 орта мектеп-гимназиясының заманауи технологиямен жабдықталып, жаңашылдыққа талпынған ұстаздардың білім берудегі ізденістері мен жетістіктері осы ойымызды нақтылай түседі. Мектеп директоры Роза Баракованың мәлімдеуінше, жалпы көлемі 3060 шаршы метрлік мектептің  құрылысына  республикалық және жергілікті бюджеттен 1 млрд. 187 млн. 919 теңге бөлініп игерілген. Кең сарайдай жарқыраған жаңа мектептің оқушыларына 89 мұғалім білім береді. Мұнда оқушылардың ынтасын арттырып, білім сапасын жақсартуға мол мүмкіндік жасалған.

Ал Белбұлақ ауылы тұрғындары үшін 1957-67 жылдары салынған №32 ескі мектеп ғимараты жанына 600 орынды жаңа мектептің құрылысының қалануы зор қуаныш. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жандос Әуелбаевтың айтуынша, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан бұл мектептің құрылыс алаңында 100-ден аса құрылысшы еңбек етуде. Бес арнайы техника жұмылдырылған. Бас мердігер «Жібек жолы құрылыс сервис» ЖШС-нің мектеп құрылысын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтайтындығына сенімді.

Аудандағы үш ауысымды мектептер санын азайту мақсатында үстіміздегі жылы Еңбекші, Еламан, Кіші Байсерке, Белбұлақ және Ақтас ауылдарынан 5 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұлардың барлығы да алдағы 2017 жылғы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Төрт түлікпен табысын өрге домалатып отырған аграрлы ауданда Елбасының Стратегиясына сәйкес индустриалды-инновациялық жобалардың жүзеге асырылуы өнеркәсіптің өркендеуіне соны серпін берген. Бүгінгі таңда Талғар ауданынан ауылшаруашылық өнімдерімен қатар құрылыс саласына аса қажетті отандық өнім түрлерін көптеп кездестіруге болады. Одан бөлек киім тігу мен тамақ өнеркәсібі де кенжелеп қалмағандығы қуантады. Солардың ішінде ең ірі әрі жүйелі жұмыс істеп отырған отандық өнім өндіруші кәсіпорынның бірі  «BARON FOOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2013 жылы құрылып, содан бері мұздатылған полуфабрикат өндірудің хас шеберіне айналғандығын атау парыз. Табалдырығынан төріне дейін тап-таза тамақ өндіруші кәсіпорынның халықаралық стандарттарға сәйкес тұшпара мен манты, катлет өнімдерін жасаудағы шеберліктеріне шетелдіктер аса қызығушылық білдіріп келеді. Соның нәтижесінде үй жағдайындағы тағамнан еш кем түспейтін мұздатылған бұл тағам түрлеріне көршілес Ресей елінен сұраныс артқан. 200 адам еңбек ететін аталған компанияның өндірістік қуаттылығы жылына 700 тоннаны құрайды. Мұнда мұздатылған полуфабрикаттар өндірудің автоматтандырылған «BARON 700A» жүйесі жұмыс істейді. Бағдары айқын компанияның алға қойып отырған мақсаты – өздері өндіретін өнімнің барлық тұтынушыларға қолжетімділігін қамтамасыз ету. – Оның басты себептеріне тоқталар болсақ, зауытта жекеменшік техникалық қызмет көрсету стансысы жұмыс істейді. Соның нәтижесінде өндірілген өнім бағасына қосылатын қосымша құнның болмауын қамтамасыз етіп отырмыз. Технологиялық құрылғыларды өндіру мен жөндеуден өткізу цехының өзімізден болуы табысты еңбек етудің кепілі саналады. Бұған қоса шығарылатын өнімге қажетті шикізаттың, мысалға, ет пен көкөніс түрлерінің экологиялық таза, табиғи болуы үшін жекеменшік шаруа қожалығы құрылып,  шаруашылық жұмыстарын жандандыруда. Табиғи тағамның қашанда таңдайға татымды боларын естен шығармайтын зауыттың мамандары бәсекеге қабілеттілік танытуда орасан зор ізденіспен еңбек етіп келеді, – дейді «BARON FOOD» ЖШС-нің директоры Сергей Калинин.

Тәуелсіз еліміздің дамуында құрылыс саласының жоғары қарқын алып отырғаны аян. Сонадайдан менмұндалап, көз сүйсінерлік ғимараттардың су құбырлары, терезеалды төсемелерін шығаруда жоғары сапаға ие зауыт Талғар қаласында іске қосылды. Ол – түрік ағайындардың қаржысымен бой көтерген «Keruen Plus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2015 жылдың көктемінен бастап фитингтер мен құбырларды, ПВХ профильдерін шығаруды қолға алған зауытта 100 адамдық жаңа жұмыс орны ашылған. Үстіміздегі жылы өндіріс орны жылына 1500 тонна сумен қамтамасыз ету және жылытуға арналған құбырлар шығару үшін жоғары технология желісін іске қосқан. Зауыт толықтай автоматтандырылғандықтан өндірісте адам факторы шектелген.

Инновацияға негізделген «Артпрайм Қазақстан» ЖШС өткен жылдан бері жаңа үлгідегі төсемелер шығарумен, атап айтқанда, балабақшалар мен аулаларға, спорттық ойын алаңдарына өте ыңғайлы резіңке плиткалар шығарумен айналысып келеді. Жаңа зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 40 мың шаршы метр өнім өндіруді көздеген. Бүгінде 35 адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Инвестиция көлемі 30 млн. теңгені құрайды.

– Сынаптай сырғыған уақыт көшінен қалмай, тың нәтижеге қол жеткізудің өзіндік маңызы зор. Белгілі бір кәсіпке келерде оның адам денсаулығына, тұрмысына тиімділігіне назар аудару қажет. Осы тұрғыдан келер болсақ, біздің тротуарға төсейтін резіңке плиткалар зауыттарда нығыздау арқылы дайындалып шығарылатын, барлық технологиялық талаптарға сай келетін Қазақстанның құрылыс саласында жаңа өнім болып табылады, – дейді серіктестік директоры Диас Байтугаев. – Бұл материалдарды қалпына келтіру өте ыңғайлы. Бұған қоса экологиялық талаптарға сай өнім ескі көлік дөңгелектерінен жасалады. Серіктестік басшысы зауыт іргесінен қыш кірпіштен ғимараттардың сыртын қаптауға ыңғайлы түрлі үлгідегі қаптамаларды жасаумен айналысып отырғандықтарын тілге тиек етті. Сырт көзге өте сәнді әрі ыстық-суыққа төзімді бұл материалға деген сұраныс та арта түскен.

Денің сау болса, байлық сол емес пе?! Бұл жолда дене шынықтыруды қолға алған спортсүйер қауымға қолайлы спорт кешенінің болуы маңызды. Футбол алаңы, суда жүзу, фитнес залы, басқа да спорт алаңдарының іске қосылуы бұқаралық спорттың дамуына оң ықпалын тигізері сөзсіз. Талғарлық сайыпқыран спортшылардың арасында есімі елге мәшһүр жандар аз емес. Осы үрдісті жалғастыруда көптің талғам биігінен табылатын «Triumpher» спорттық-сауықтыру кешені салынып, өткен жылы қолданысқа берілген болатын. Қысқа мерзім аралығында көпке танылып үлгерген спорт кешеніне келушілер қатары көбейген. Күніге 700-ге жуық қала тұрғындары келіп, спорттың сан түрімен айналысуды әдетке айналдырған. Әсіресе, ұзындығы 25 метрлік қауызға қызығушылық артып, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін келіп, спорттық-сауықтыру жаттығуларын жасаудан жалықпауда. Сөйтіп, аталған ауданда бұқаралық спорттың дамуына айрықша мән беріліп, сан алуан секциялар санының артып отырғандығына көз жеткіздік.

Іргелі ауданның тыныс-тіршілігіне осылайша шолу жасап, сараптаған БАҚ өкілдері түс қайта аудан әкімі Райхан Садықовамен кездесіп, брифинг өткізді. Онда аудан әкімі үстіміздегі жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық қорытындыларды баяндады.

– Ел Президенті Н. Назарбаевтың алға қойған міндеттердің бірі – бес институттық реформаны жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадамды» орындау жергілікті атқарушы органдардан келісімді іс-қимылды және әртүрлі шаралар жүйесін жүзеге асыруды талап етеді. Ауданымыздың осы мерзім аралығында атқарылған әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін саралар болсақ, табысымыз аз емес. Атап айтсақ, бюджетке 13,1 млрд. теңге салықтық түсімдер жиналып, жоспар 108,2 пайызға орындалған, – деген Райхан Нұрмырзақызы өзінің баяндамасында ауылшаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша атқарылған жұмыстар жайын тарқатып өтті.

Ауданда жиын-терін жұмыстары уақытында аяқталған. Аудандағы 20 жылыжай шаруашылығынан 350 тонна көкөніс алынған. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым артқан. 12,3 мың тонна ет, 52,2 мың тонна сүт, 16,1 млн. дана жұмыртқа өндірілген. «Құлан», «Алтын асық», «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асыру аясында белгіленген жоспарлар да толыққанды атқарылғандығы баяндамаға арқау болды. Өнеркәсіп саласында да өрлеу бары байқалады. Осы жылы 3 жаңа өндіріс орны ашылып, 226 жұмыс орны құрылған. Нәтижесінде аудан экономикасына 2150,0 млн. теңге инвестиция тартылған. Бұған қоса Талғар қаласында 2,3 млрд. теңгеге денсаулық саласына қажетті құралдар шығаратын «Медициналық холдинг» «Sintes-kz» ЖШС-нің зауыты салынуда. Жалпы, 2010 жылдан бастап индустрияландыру картасы бойынша 13,8 млрд. теңгеге 9 жоба іске асырылып, жұмыс жасайды.

Кәсіпкерлік кең өріс алған тұста ауданда 9 мыңға таяу шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс жасайтындығын атау лазым. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы барлығы 11,3 млрд. теңгеге 49 жоба қаржыландырылған. Брифинг соңында аудан әкімі Райхан Садықова БАҚ өкілдері тарапынан қойылған бірнеше сауалдарға тұшымды жауап қайырды.

Ұлбосын Исабек,

"Жетісу" газеті