Қайрат Жолдыбайұлы: Намаз оқитын орындарды жабу экстремизммен күрестің түрі ме?
2016 ж. 03 желтоқсан
3644
5
Дін істері министрлігінің бұл ісі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған тартуы ма?
Намаз оқуға арналған бөлмені жауып тастағалы намазды уақытында оқу уайым болды. Ары-бері қарап ыңғайлы орын таппаған соң бұрыштағы баспалдақтың шатырға шығатын тұсына барып, жайнамазды жайып, сонда оқыдым. Дәретханада бір шетелдік аяғын жуып жатыр. Ондағы жұрт оның бұл әрекетін түсіне алмай, жақтырмаған кейіп танытуда. Намазын әй шайға қарамай бос орынға барып оқи салды. Кеше Ханшатыр сауда үйіндегі намазхананың есігінде қара құлып тұрғанын көргенімін. Бұл не сонда? Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған тартуы ма? Жоқ, кеңес кезеңіне кері келдік пе? Жоқ әлде экстримизммен күрестің түрі ме? Әлемнің кез-келген әуежайында (Америка, Европаны да қосыңыз) намаз оқуға арнайы орын бөлінген. Ішінде дәрет алуға барша жағдай жасалған. Жарайды намаз оқитын ел азаматтарымызды ескермей, құқықтарын таптай берсін! Бірақ біз өркениетті елміз. Әне-міне 30 елдің қатарына қосыламыз деп ұрандатып жатырмыз. Әлемнің барлық елдерімен тығыз қарым қатынастамыз. Ислам ынымақтастық ұйымына төрағалық еттік. Елбасы ұмрасы мен қажылығын өтеп қайты. Жұрт бізді мұсылман елі деп біледі. Сөйте тұра келген шетелдіктердің аяқтарын қоғамдық дәретханада жудырып, намаздарын аяқ асты болатын жерде оқытып қойғанымыз қалай? Намаз оқитын адам әйтеурі бір жолын тауып, Алла міндеттеген парызын оқиды. Бірақ қай жерде? Бейберекетсіздікке өз қолымызбен итермелемей, өз еліміздің қадірін түсірмей намазхана ашуға не кедергі?! Ашуға емес, бар намазхананы жабуға не себеп? Экстремизмнен сақтану ма? Намазхананың бұрышына "бұл жерде уағыз айтуға болмайды" десек, жеткілікті емес пе? Кіммен сөйлессем, барлығы биліктің бұл шешіміне наразы. Мұсылмандарды билікке наразы көңілге итермелейтін мұндай істерге кім жауапты? Жоқ әлде "Кәпір билік" дейтін такфирилерге өз қолымызбен дәлел дайындап беріп жатырмыз ба? Олай болса, тәкфирилермен күресіп, босқа шабылып қайтеміз?! Өткенде министр Нұрлан Ермекбаев мырзамен кездескенімде, осы жағдайды жеткізгенмін. Фейсбукта жеке аккаунтын ашып, қоғамның пікірін тыңдаймын деген соң, тағы да жамағаттың үнін жеткізіп отырмын.
Қайрат Жолдыбайұлы,