«Алаяқтыққа оқталған» деп жасалған қиянат

"Қазақ Үні" ұлттық порталына Қызылорда қаласының тұрғыны, зейнткер Кәрбоз Боздақов хабарласып, өзінің жанайқайын жеткізді. "Жабылған жаланың жазықсыз құрбаны болған ұлына сот әділ үкім шығармады" деп қынжылады зейнеткер.

***

Баяғыда біреу «өзің Құдай болмаған соң, көретін күнің осы» депті. Қалай дөп басып айтқан деймін. Әсіресе, мынандай әділетсіздік әмірін жүргізіп тұрған заманға лайық мақал. Мен, Кәрбоз Боздақов, табанымнан таусылып, шындық іздеп шырылдап жүрген жанмын. Ұлыма жабылған жала менің маңдайыма жағылған күйедей болды. Біреулер қысастықпен болмағанды болдыртты, ұлыма істемегенді істетті. Бәрі сол қу дүниенің қамы үшін, аранды ашқан арам ақшаның ізі үшін. Сіздерге мән-жай түсініктірек болу үшін басынан баяндайын.

Картинки по запросу сот

2013 жылдың 23 мамыр күні «Фотон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры А.Ибраев белгісіз біреудің сенімге кіріп, 1 миллион жерма мың теңге тұратын 10000 литр жанар май талонын алдап алып кеткендігі жөнінде шағымданады. Арада бес күн өткен соң, қалдағы Бейбітшілік пен Хан Бен До көшелерінің қиылысындағы «Батт Ойл Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты май құю бекетінен қос күдікті ұсталады. Олардың бірі – Бауыржан Мылқайдаров, екіншісі – Азамат Мекебай. Алғашында кінәні мойындамағанымен, бейнекамереға түсіп қалғанын көргеннен кейін, қолымен істегенді мойнымен көтеруге тура келеді. Менің ұлым Жолдас Кәрбозұлының бұл іске түк қатысы жоқ, тек осы іс келіп түскен бөлімнің, яғни «Ақсай» полиция бөлімінің бастығы болатын. «Сұрағанға – тілеген» дегендей, дәл осы жағдайды облыстық ішкі істер департаменті өзіндік қауіпсіздік қызметінің бастығы мен қызметкерлері өз пайдасына шешкісі келеді. Ұлым Жолдасқа тіс қайрап жүрген олар «істі жабу үшін бастығы бізден мың доллар сұрады деп айтыңдар» дейді. Бұлай соңына шырақ алып түсетіндей менің ұлым оларға не жаманшылық жасап қойды? Сөйтсек, гәп мынада екен. Кезінде Жолдас облыстық ішкі департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында қызмет істеп жүрген уақытында мұнай ұрлығына қатысты бір істі әшкерелеген. Бір топ күдіктіні ұстап, кейін олар сот үкімімен жазаға тартылады. Осылардың арасында жаңа біз сөз етіп отырған өзіндік қауіпсіздік қызметін басқарған басшының туған күйеу баласы Төкенов бар екен. Кекпен қарымта қайтару деген осы болса керек-ті. Міне, жеке бас араздығынан туған даудың алып келген жері осы.

Бауыржан Боздақовтың бір тиын да ақша талап етпегенін басты сот талқылауында да айтқан. Ол ақшаны шын мәнінде полиция қызметкерлері Абназаров пен Абдулкаримов сұратқанын өзінің танысы Қ.Жұбандықұлына жеткізген. Ал ол болса, Бауыржанды облыстық ІІД-нің өзіндік қауіпсіздік басқармасында жұмыс істейтін таныстары Садуакасов пен Абдрахмановқа ертіп барады. Бұлар әңгіме ауанын түсінгеннен кейін «одан да «Ақсай» полиция бөлімінің бастығы Боздақовтың үстінен арыз жаз, жазбасаң алаяқтық бойынша өзің кетесің» деп қорқытады. Одан соң Садуакасов пен Абдрахманов бұл екеуін Астанаға қарай апарып, ҚР Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік қызметі департаментінде баламның үстінен арыз жаздырады. Ақыр аяғында айналдырып әкелгенде менің ұлымды кінәлі етіп шығарып, істі бұрмалап, тергеушіге тапсырады. Бір күлкің келетініні, заң – ортақ. Сол заңды орындайтын адамдар Қызылорда да отырған жоқ па, екеуін қастарына ертіп, Астанаға қарай жүгіретіндей не бастарына күн туды? Әлде, Қызылорданың заңы басқа, Астананың заңы басқа ма? Ал бұлардың бәрін басқарып, өз өктемдігін жүргізіп отырған – Қызылорда облыстық ІІД-нің ӨҚБ-ның бастығы Ғ.Сүлейменов.

Несін сұрайсыз, әйтеуір жапқан жалаларын жауып, ақыры менің ұлым соттың алдынан бір-ақ шықты. Аққа Құдай жақ демекші, сот отырысында Бауыржан Мылқайдаров өзінің бұған дейінгі түсініктемесін түбегейлі өзгертіп, менің ұлым Жолдастың бірде-бір кінәсі жоқ екенін айтады. Шамасы, ары мазалаған болуы керек, шын мәнінде кімдердің тапсырысымен мұндай қадамға барғанын да айтып береді. Осы жерде сот заң бойынша сот отырысындағы түсініктемені ескеруі тиіс. Алайда бір-бірінің аузына түкіріп қойған бұлардың айғаққа қарап, әділ шешім шығаратыны қайсы? Ендігі екінші сот отырысымен арадағы алшақтық 10 күнге созылады. Осы уақыт арасында Өзіндік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері Бауыржан мен Азаматтың қыр соңынан қалмайды. Тіпті Жаңақорғандағы барам деп жоспарлаған жерлеріне де бара алмайды. «Жайылма» елді мекенінің жанындағы «Қаратал» кафесінің маңында тамақтанып отырады. Сол кезде бетіне бетперде кигендер «жауабыңды өзгерт, Боздақовты соттату керек» деп ұрып-соғады. Одан бөлек, Астанадан келген кезінде «Қауіпсіздік шарасы» деген желеумен еркінен тыс пәтерде ұстап отырған. Мұндай шарасыздыққа шыдамаған Бауыржан Мылқайдаров сол кезде әлгі пәтерден қашып кетіп, ата-анасына «менің кесірімнен біреудің баласы нақақтан-нақақ кеткелі жатыр» дейді. Қателігін кейін түсінгенімен, әдепкіде ұлым Жолдастың соңынан қалмаған.

Бауыржан өзіне қатысты іс жүріп жатқан кезде менің ұлымның алдынан қайта-қайта шыққан. Біресе үйге дейін іздеп келсе, енді бірде жиналыстан шыққан уақытында қалалық ішкі істер басқармасы ғимаратындағы алдындағы автокөліктің маңынан табылған. «Келісейік те» деп қоймаған. Ал менің ұлым Бауыржан Милхайдаровқа: «Сен маған келе берме. Одан да тергеушіге бар, сені олар іздестіріп жатыр», - деген. Алайда оларды біреулерді жіберіп отырғаны, «өйт-бүйт» деп нұсқау беріп отырғаны екібастан белгілі.

Ақыры екінші сот отырысында да Бауыржан бірінші сот отырысындағы айтқанынан танған жоқ. «Бұл адамның кінәсі жоқ» деумен қала берді. Бірақ бұны тыңдайтын құлақ болсашы. Олардың естігісі келетіні басқа. Шеттерінен бір-бірімен ауыз жаласқандар.

Сонымен менің ұлымды мұқалту үшін бар тапқан айыптаулары ақша алуға оқталды деу болды. Бүгінге дейін ұрлық жасауға оқталды, адам өлтіруге оқталды дегенді естіп едім. Алайда мұндай оқталудың түрін бірінші рет естуім. Баяғыда Сталин: «Адамы болса болды, заңның тармағы көп емес пе?» деген екен. Бізге де соның кері келді. Заңды бұрмалап, өз икемдеріне иілтіп алған сот ұлымды екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесті. Қасықтап жинаған абыройын шелектеп төкті. Шенінен де айырылды.

Айтқандай, менің ұлымды жақтап, ағынан жарылғандарға қатысты сот жалған сөйледі деп жеке қаулы шығарды. Сот отырысында қалалық соттың судьясы М.Тұрғанбаев таза сөйлегендердің үстінен іс қозғау керек шығарған қаулыны прокуратураға жүктейді. Алайда олар істі қанша айналдырғанымен, еш нәтиже шығара алмайды. Өйткені жеке қаулыға ілккен адамдардың барлығы әдепкі сөзінен тайқымайды. Осылайша бұл қаулы соңында сот үкімімен күшін жояды.

Көзі ашық, көкірегі ояу азаматпыз. Айдың күні аманында балам өтіріктің отына күйіп жатқан кезде, мен қарап отыра алам ба? Адвокат М.С. Мадияровпен бірігіп, Жоғарғы Сотқа арыздандық. Онда іс Жоғарғы сотттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьялары М.С.Шегенов, Ә.Т.Жүкенов, Қ.А.Шаухаровтың қарауында болды. Солардың бірі М.С.Шегенов: «Баланың ақша алмаған рас қой», - деді. Біз «иә» деп қала бердік. Сол сәтте адвокат М.Мадияров: «Алаяқтыққа оқталған статьясының 177-бабының 3-ші тармағы, 24-бабыны 3-тармағы қылмыстық заңнамада мүлдем жоқ. Сонда бұл заңсыздық әрекет тек қана Қызылорда облысында заңсыз сотталып түрған жалғыз осы Боздақовтың ісі деді. Мұны есітіп, таңырқай қараған Жоғарғы сот судьясы Ә.Т.Жүкенов жымия күлді. Одан кейін ол: «Ендеше қазанның үшіне келіңдер» - деді. Айтқан уақытында барғанымызда, істі кейінге соза берді. Қайта қарауға аса құлықты болмады. «Баяғы жартас бір жартас». Іске қатысты шешім өзгеріссіз қалды.

Тағат тауып, отыра алмаған біз одан кейін қайта-қайта хат жазып, Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмидің ресми қабылдауына кірдік. Төраға бізге «істі судьялардың жаңа құрамымен қайта қаралады» деген болатын. Ал төрағаның бұл жағдайдан кейін өз сөзінен бас тартқандығына сенбей отырмыз. Жоғарғы Сот төрағасының берген уәдесіне сай бір ай бойы тұщымды жауап алармыз деген үмітпен күн күнкісіз, түн ұйқысыз күтумен жүрдік. Күндердің күнінде Жоғарғы Сот төрағасының қонжита қойған қолымен хат келді. Хатта қалалық соттың «алаяқтыққа оқталған» деген статьямен шығарылған үкімін заңды деп жауап берген. Мұны облыстық сот қаулысымен қалалық соттың судьясы М.Тұрғанбаевтың шығарған үкімі күші жойылған-ды. Сонда қылмыстық заңнамада көрсетілмеген іс бойынша Жоғарғы Сот төрағасының іс қозғалуы заңды дегеніне қалайша қайран қалмасқа? Заман қайда, заң қайда барады? Тіпті, мүмкін емес жағдай деп бағалағандықтан, Жоғарғы Соттың 15.06.2015 жылғы қаулысын қайта қарау туралы арыздана беруді жөн көрдік.

Одан соң үкімді бұзуға Бас прокуратураға, керек десеңіз ҚР Президент Әкімшілігіне 20 рет хат жаздық. Сол 20 рет жазған хатымыздың нәтижесі болуы керек, Президент Әкімшілігі істі егжей-тегжейлі қарауға Бас Прокуратураға жіберді. Ал олар болса, «бұл іс бұрын қаралған» деп істі тереңінен зерделеуге ықылас танытпады. Сонда бас бақылаушы органның Президент Әкімшілігі жүктеген міндетке жеңіл-желпі қарағаны ма?!Бұған дейін мен Бас прокуратураға жедел телефон соққанмын. Телефон тұтқасын Мұхамеджанов деген азамат көтеріп:

– Не айтпақсың? – деген сұрау салды.

Мен:

– Бас прокурор Дауылбаев қашан қабылдайды екен? – дегенде ол:

– Жазба арызыңды қашан жіберіп едіңіз? Ал, бас прокурор айдың аяғында қабылдайды, – дегенді.

Жазба арызымда қабылдау жасауға өиініш жасағанмын. Өкініштісі сол, арада бары-жоғы 3-4 күн салғанда Бас прокурор Дауылбаевтан жазбаша хат келді. Онда «қылмыстық іске қатысты ешқандай заң бұзушылық жоқ, бәрі дұрыс» дегендей жалтарма жауап берілген. Облыстық соттан істі алдырмай, заң негізінде менің баламның жасаған іс-әрекеттері көрсетілмей, құрғақ сөзбен жүрдім-бардым жауап бере салған.

Осыдан кейін Дауылбаевтың жоғарыда берген жазбаша жауабын негізге алып, Бас прокуратура есігі біз үшін тарс жабылған күйде қалып келеді. Оны айтасыз, Президент әкімшілігінің істі егжей-тегжейлі қарау жөнінде берген сауалына Бас прокуратураның жауап бермеуіне қалайша қайран қалмасқа?

ҚР Жоғарғы Сот судьяларының 15.06.2015 жылғы қадағалау өндірісін қозғаудан бас тарту туралы қаулысының заңсыздығы төмендегі негіздер бойынша қайта қаралып, заңсыз және негізсіз болғандықтан күші жойылуға жатады.

Біріншіден, Қылмыстық заңнамада және ҚР ҚК-нің 177-бабында алаяқтықтың ұғымы нақты көрсетілген алаяқтық, яғни бөтен мүлікті ұрлау немесе бөтен мүлікке құқықты алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы АЛУ деп көрсетілген, алаяқтық жасауға оқталу деген мүлдем көрсетілмеген. Сондай бұл айыптауды олар ауадан алып отыр ма, әлде айдан алып отыр ма? Алаяқтық қылмыстары міндетті түрде аяқталған болуға тиісті, ал алаяқтыққа оқталу қылмыстық заңнамада мүлдем көрсетілмеген. Егер адам алаяқтық жасауды ойласа, бірақ оны жасамаса адам басымен ойлаған нәрсесі үшін, яғни жасамаған алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартыла беруге тиісті болғаны ма?!

Екіншіден, менің ұлым Ж.Боздақовтың ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігінің, 177-бабының 3-бөлігінің «г» тармағында көрсетілген қылмысты жасамағандығы қылмыстық істегі 2013 жылғы 04 шілдедегі №2786, 2013 жылғы №01 тамыздағы №4745 сот-бейнефонографиялық зерттеу сараптамаларының қорытындыларымен толық дәлелденіп тұр.

Үшіншіден, Қызылорда қалалық сотының судьясы М.Тұрғанбаевтың 03.10. 2013 жылы жәбірленуші Мылхайдаров Бауыржанға, әкесі куә Мылхайдаров Бердібекке, анасы Әшірбаева Ұлжанға, А.Абназаровқа, С.Алиаровқа қатысты заңсыз және негізсіз қудалау мақсатында қабылдаған жеке қаулысы Қызылорда облыстық сотының кассациялық сот алқасының 09.02.2015 жылғы қаулысымен күші жойылып, жәбірленуші Мылхайдаров Бауыржанның, әкесі куә Милхайдаров Бердібектің,анасы Әшірбаева Ұлжанның, А.Абназаровтің, С.Алиаровтің сотта айтқан жауаптарын шындық екендігі өз дәлелін апты. Олардың айтқан шындығы менің ұлымның жазықсыздығы емес пе? Ендеше, Жолдасқа келгенде шындық неге өз орнын таппайды?

Төртіншіден, менің ұлымның аталған қылмысты жасамағандығы қай жағынан алып қарасаң да толық дәлелденіп тұр.

Біздің көксеп отырғанымыз не? Бар сұрайтынымыз – ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының 15.06.2015 жылғы қаулысы заңсыз және негізсіз болғандықтан, оны қайта қарау.

Кәрібоз Боздақов, зейнеткер

Қызылорда қаласы.