МИЛЛИАРДЕР МИТТАЛДЫҢ МОЙНЫНДА ҚАНША АДАМНЫҢ ӨЛІМІ БАР?
2016 ж. 02 желтоқсан
2592
8
Қарағандыдағы Саран шахтасында апаттан үйінді асында қалып қойған кеншілердің төртеуі қайтыс болып, тағы төртеуі аса ауыр жарақат алған қайғылы оқиғаға кінәлі жұмыс берушілер болып шықты. Жан-жақты арнайы ұйымдастырылған тексерістің нәтижесі осындай қорытынды шығарды.
Төрт бірдей адамның өліміне жұмыс берушілердің салғырттығы себеп болған. «Саран» шахтасында инженерлік-техникалық бақылаулардың жүргізілмегені аздай, білікті мамандардың саны да жеткіліксіз екен. Бүгінде шахта директоры мен орынбасары бастаған тағы 14 қызметкер жұмыстарынан босатылыпты. Екі аптадан бері тексеріс жүргізген комиссия мүшелері «Арселор Миттал Теміртау» алпауыт компаниясының Еңбек заңын өрескел бұзғанын анықтаған. «Саран» шахтасындағы апат осыдан екі апта бұрын болған.
Жалпы алпауыт кәсіпорында апат деген жиі болып тұрады. Үндіс миллиардер адамдардың өмірі мен әлеуметтік-тұрмыстық жаңдайларына пысқырып та қарамайды. Бұдан бұрын да шахта опырылып, бірнеше адам қаза болған-ды. Одан кейін кәсіпорынның алып мұржасы құлап, өндіріс алаңында да талай қауіпті жағдай болғаны белгілі. Сол кезде Митталдың өзі бас болып комбинат мұржасы кез3нде дұрыс жасалмаған деп уәж айтқан-ды. Дұрыс салынбаса ол қалай жарты ғасырдан аса сенімді қызмет етіп келді? Одан кейін өздері тұрғызған мұржа бір жұма өтпей қайтадан құлап, масқара болды. Тіпті айлықтарын уақтылы бермегені үшін жұмысшылар кәсіпорын кеңсесіне кіріп өзін-өзі өртеген оқиғалардың да куәсі болдық.
Бұл басқа емес, Елбасының өзі еңбек жолын бастаған, аты әлемге әйгілі металлургия алыбы. Осындай олқылықтарға байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі "Жұмысшылардың артында олардың мүддесін қорғайтын мен тұрмын" - деп ескертсе де Лакшми Миттал мырза айылын жияр емес. Тіпті Елбасымыздың ескертулерін құлағына да ілген жоқ. Ал, жұмысшыларын адам қатарына санамайтынына талай рет көз жеткіздік. Олар апат болып жатса да Тұманды Альбионнан бір келіп-кетуге жарамайды. Кәсіпорында қайта жарақтандыру жұмыстарын жүргізіп, техникалық талаптарды қатаң сақтаудың орнына тек қана қалтасын қалыңдатумен айналысып келеді. Былайша айтқанда оған "Әй дейтін әже, қой дейтін қожа" табылмай-ақ қойды. Шіріген бай болса да Митталға бір қатаң шара қолданатын кез келген сияқты. Себебі шахтада болған апатқа орнынан қуылған кеніш басшылары ғана емес, "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының иелері алдымен жауапты. Ал, алып кәсіпорынның иесі – Лакшми Миттал. Бірінші кезекте Митталдың тура өзіне қарсы қылмыстық іс қозғау қажет еді. Өйткені аталмыш кәсіпорынның өндіріс алаңдарында осымен ондаған адамның өлімі болды. Олардың соңында жетім балалары мен жесірлері зар жылап қалды. Азын-аулақ алдауратып берген тиын-тебендері бала-шағаға әке болмайды. Бірақ, қанша қылмыстық іс қозғалды дегенмен оған жауап берген басшыларды көрмедік. Құқық қорғау орындары бұл жолы істі аяқсыз қалдырмайды деп сенеміз. Әлде қылмыстық іс ашу үшін міндетті түрде адамды мылықпен атып немесе пышақтап өлтіру керек пе? Мылтықпен бір адамды өлтірсе, мына жерде бірден төрт адамды қарусыз-ақ апатқа апарып тығып отыр емес пе? Өндіріс орнындағы үлкенді-кішілі апат салдарынан қаншама адам мүгедек болып қалды? Осының бәрі арнайы зерттеуді талап ететін жағдай. Бұл туралы жанайқаға басқан кеншілердің кәсіпкерлер одағының да даусын ешкім естімейді.
Ал, турасын айтсақ, Лондонда жатып алып түскен пайданы ғана есептеуді білетін инвестордың қажеті қанша? Мұндай алып кәсіпорынды қолға алғысы келетін үміткерлер жетіп артылады. Жатып ішер, жұмысшыларға жаны ашымайтын инвестордан құтылса кәсіпорын еңбекшілері жеті шелпек салып, Құдайына мың алғыс айтар еді.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz