Өлмес ісі ӨНЕГЕ ӨЗБЕКӘЛІ...

Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібек туралы сыр

Озбекали

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес»-депті Ұлы Абай. Ұлы табиғаттың өліп-тіріліп түлейтінін айтып отыр ма, әлде адам табиғатының тал күбідей айнымалы келерін баспалап сездіріп отыр ма, жарықтық. «Көп адам дүниеге бой алдырған, Бой алдырып, аяғын көп шалдырғанды» да айтқан Абай. Сонымен Абайға сөз берсек: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес». Өлместіктің бір кепілі - ақ жүріп, адал өткен өнегелі іс, ұлт үшін, ұрпақтар үшін кешпек ғұмыр!

Белгілі бір кезеңде өмір сүріп, жарық жалғаннан өткен соң, аңызға айналып жүре беретін ғажайып адамдар болады. Сондай асыл адамның бірі - Өзбекәлі Жәнібек. Ол – Оңтүстіктің тумасы. 1931 жылы 28 тамызда Отырар ауданы, Сарықамыс (әл-Фараби елді мекені) аталатын жерде жарық дүние есігін ашқан. Көзін тырнап ашқаннан жалғызілікті ананың тәрбиесінде болды десе жарасады. Есін білгеннен үйдің отымен кіріп, күлімен шығып дегендей анасына қолқабыс жасайды. Жыңғыл шабады, отын отайды, от жағады, отқа тезек қалайды, су әкеледі, келі түйеді, қой жаяды, қозы жамыратады... Күнкөріс кәсібі бала Өзбекәлінің ширап өсуіне септігін тигізеді. Ағайыннан қамқорлық көру орнына көзтүрткі көрген сәттерінде анасы «Е, балам, дүние кезек. Бүгін заман солардікі. Мүмкін заман ертең Сенікі болар. Олардың сол кезде саған кіріптар болмасына кім кепіл? Кімнің алдынан кім шығып келіпті?»-деп мұңаяды екен. Мұңая отырып көзінің ағы мен қарасындай жалғызын өмірге өршелендіре тәрбиелейді екен. (Алға озыңқырап сөйлесек, Өзекеңнің анасының айтқаны келді. Бала шағында көзтүрткі жасаған Серімнен өрген тұтас әулетті Өзекең өрге сүйреумен өтті. Ағасы Абан істі болғанда – түрмеден шығуына септесті. Балаларын оқытты.) Өміріне таяныш болып ілініп-салынып жүрген аяулы анасы ұзамай қайтыс болады. Жетім баланың тағдыры Серім аталатын аталас ағайын қолына қарап қалады. Өзінің айтуына қарағанда өзінен бір жас үлкен тетелес Абанның киімін киіп өсіпті. Ал, ол болса «Мен тірімін. Тірі адамның киімін біреуге беріп... Мен өлген жоқпын ғой...»-деп жер тепкілеп жылайды. Кейін олар Өзекең киіміне ынтызар болып өсті. Дүниеден өткен соң Өзекең киімі тиді оған. Дүние кезек... Еті тірі жетім бала мектепте сабақты жақсы оқиды. Ән салады, би билейді. Сынып сабақтарында баяндама жасайды. Отырар ауданының орталығындағы мектепте жұрттың ескі киімін киіп, бірде тойып, бірде аш құрсақ жүріп, онжылдық орта мектепті бітіреді. Оқу-білімге деген құштарлық Өзбекәлідей жас өркенді Алматыға асықтырады. Басқасын былай қойғанда өспірім жастың Алматыға жететін ақшасы да болмапты. «Жетімнің – жебеушісі бір Алла!» Әупірім-тәңірмен Алматыға жетіп Абай атындағы педагогикалық институтқа тарих факультетіне оқуға түседі. Ол жылдары тарих факультетіне соғыс жылдары ығысып келіп, біраз уақытқа қалып қойған мықты маман оқытушы-профессорлар сабақ берер еді. Өзбекәлінің бағына жолыққан қыдырдай болыпты ол профессорлар. Өзекең Тарле, Соколов сынды атақты оқымыстылардың атын құрметпен атап отырушы еді. Күндіз бір мезгіл оқу, бір мезгіл вагоннан отын түсіру, кісі жұмысын істеп күнкөріске қаражат табу - өспірім Өзбекәлінің бес жылғы кәсібі. «Жатақханадан орын тимей, пәтер жалдадым-дер еді өзі.- Қымбатына стипендиям жетпейді. Арзанында жағдай жоқ. Бір қыс орындықты қаздай тізіп соның үстіне жатып шыққан кезім болды.» Осыдан-ақ Өзбекәлідей өспірім жастың соншалық қиналыспен оқығанын аңғаруға болады. Әрине, ауылдан ақша салар ешкімі жоқ. Жетім бала «шықпа жан, шықпа жан...»-деп осылай күн кешсе керек. Институтта театрланған әдеби үйірме жұмыс істейді екен ол жылдары. Оған – Қазақ драма театрының әртісі Қапан Бадыров жетекшілік жасайды. Атақты актер Қапан Бадыров жетекшілігімен студент жастар Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы бойынша спектакль (әуесқойлық қойылым) дайындайды. Онда Өзбекәлі Жәнібек Мылқаудың ролін ойнайды. Оқу орнындағы осындай үйірме оны театр өнеріне жақын етіп тәрбиелегендей. Кейін Торғай облысында облыстық сазды-драма театрын ашуға мұрындық болатыны жастық шақтағы осы машықтың әсері болса керек. Бірде одан сұрапты: «Сіз театр өнерін жақсы білесіз, сүйесіз. Сіз театр маманы емессіз бе? Оқуын бітірген жоқсыз ба?»-деп! Өзекең айтыпты: «Өртеніп кеткен театрдың режиссерімін»-деп! Айтса-айтатынындай бар, театр ол үшін өмірлік мақсат қана емес, тіршіліктегі қызметтік машақатқа да айналды сан рет! Шаршаған шығар, жібі түзу театр жасаймын деп билік алдында кіріптар, өнерпаз алдында кішік болған шығар. Әйтсе де, бұл салада мақсатына жеткен Өзекеңді қазақтың өртенген театрын қалпына келтірген өнер қайраткері атауға болар. Тірідей бейнет кейде өлідей құрметке осылай айналады! Абай атындағы педагогикалық оқу орнын үздік бітірген Өзбекәлі Жәнібек Оңтүстік Қазақстанға қызметке оралды. Келес ауданындағы орта мектепке алдымен пионер жетекшісі, аздан соң тарих пәні мұғалімі, тағы біраз уақыттан кейін мектептің оқу ісінің меңгерушісі, соңынан аудандық комсомол ұйымының жетекшісі болып қызмет істейді. Өзімен әңгімелескенде аудан басшылары Әбжаппар Жылқышиевті, Көшербай Ысқақовты зор құрметпен еске алып отырушы еді. Уақыт тараң болғанымен, адамдарда иман мол кезең. Рушылдық, жүзшілдік, нәсілшілдік атымен жоқ. Жарқылдап өсіп келе жатқан жасты көріп тұр. Аудан басшылары! Адамдық ақ, адал жүректен қамқорлық көрсетпей тұра алмапты аталған азаматтар. «Аштықта жеген құйқа дәмі»- ауыздан кетпестің кері. Өзекең де оңы мен солын жаңа тани бастаған кезде өзін елеп, ескерген – үлкен өмірге аттанар алдында жолын ашқандай болған әлгі азаматтарға ерекше құрметпен қарап өтті. Айталық, Өзекең қашан көз жұмғанынша Әбжаппар Жылқышиевпен ағалы-інілі қатынасын үзген емес. Әбекең қайтыс болғанда өзі сырқаттанып жүргеніне қарамай арнайы келіп отбасына көңіл айтқанын білемін. Досқа – достық парыз! Елді өсіретін елдік істер! Қызмет-қызметімен, Келесте жүргенінде Халиқан есімді қызбен көңіл қосып, шаңырақ көтергенін айтсаңшы. Ол кісі екі ұл, бір қыздың анасы. Көзі тірі. Өзекеңдей абзалдың жоқшысына айналып тыным таппай табалдырығы биік-биік есіктерді қағып, дамыл бермей жүр. Онысына да шүкір. Өзбекәлі Жәнібек Оңтүстік Қазақстан облысында комсомол ұйымының алдымен қатардағы хатшысы, соңынан бірінші хатшысы болып бірсыпыра уақыт қызмет істеген кісі. Облыстық партия комитетінің хатшысы Байжановты өзіне ұстаз тұтыпты Өзекең. Жетім балалар үйінде тәрбиеленген Байжанов та Өзекең табиғатынан тағдырластық көріп, адалдыққа, туралыққа тәрбиелепті. Әділдік жолында жалындаған жастар жетекшісі М.Әуезовтің «Өскен өркен» романы кейіпкері(түптұлғасы) - Макаровпен де келіспей қала береді. Макаров ол кезде Оңтүстік Қазақстан облысының бірінші хатшысы. Мәскеудің дүмпуі күшті кез. Қазақ жастарын бригада-бригадаға бірігіп қой бағуға үндейді. «Қойды қазақтың атасы бағып еді, енді баласы бағуы керек пе? Олар білім алса, ел қатарлы қызмет істесе болмай ма?»-деп жалын атып қарсы тұрады Өзекең. Осындай қарсылықтар көбейе береді, облыс басшысымен жастар жетекшісі арасы ажырай береді.Облыстағы осы бір тартысты жағдайларды жазушы Қалаубек Тұрсынқұлов «Қал қалай, жолдас хатшы?»-аталатын туындысында романтикалық леппен шырайын кіргізіп жазады. Шығарма Өзбекәлі Жәнібек туралы. Ол кезде Қалаубек Тұрсынқұлов Облыстық комсомол комитетінің қатардағы хатшысы. Жақсы-жаман бар жайды көзінен өткізген. Жалпы Өзбекәлі Жәнібек өмірінен бірсыпыра көркем шығарма жазылған. Бір ғана Дінәш Нұрмұхамедовтың Өзекеңнің Торғайда жасаған қайраткерлік өмірінен екі хикаят (повесть) жазғаны бар. Мұхтар Шаханов балладасында Өзбекәлі бейнесін әдемі елестетеді. Бүгінгі кейбіреулер секілді емес, мақтанға жоқ Өзекеңнің ондайға денесі қыза қоймаушы еді. Республика жастары іскер, табанды, әділетшіл жас Өзбекәлі Жәнібекті астанаға (Алматы) қалап шақырады. Алдымен Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің хатшысы, соңынан бірінші хатшысы болып сайланады Өзбекәлі Жәнібек. Әрине, жастардың жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтан тартып айтқанда Қазақстан Жастар ұйымын басқарған кісі бірсыпыра. Ал КИМ хатшысы болып Мәскеуде жастар ұйымын халықаралық өреде басқарған Ғани жолы бөлек. Қарадан шығып хан болғандай, ұлы Жол! Ол соңына күллі КСРО, тіпті бірсыпыра шет ел жастарын да ілестіре білген от-жалын болған көкөрім. Одан кейін Қазақстан жастарын қаншама азамат басқарды?! Арада талай тұлғалардың болуына қарамастан Ғанидан кейінгі шын мәніндегі жалынды жастар жетекшісі болып Өзбекәлі Жәнібек тұлғаланады. Өзекеңе дейін де (С.Кенжебаев), кейін де (З.Камалиденов) Республика жастар ұйымын басқарған азаматтардың өзі «Өзбекәлі республика жастарына шын мәнінде көсем болып еді»-деп отырады. Дейді де күрсініп салып, Ғани Мұратбаевты әңгіме өзегіне айналдыра жөнеледі. Біраз арындап барып Өзбекәлі Жәнібекке қайыра оралады. Күрсініп бастап сүйсініп әңгіме сабақтайды. «Ғанидан кейін жастар көзінде көсем болып тұлғаланған Өзекең еді ғой» - деп түйеді әңгімелерін. Өз көзімізбен көрдік, өз құлағымызбен естідік. Тіпті «Жастарға көсем болған Өзекең»-атап Закаш Камалиденов естелік те жазды. Қанаттасының бірі – Абылай Айдосов та өз естелігінде осы пікірді қайталай айтады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - қайраткерлік атқарған ресми қызметпен емес, сіңірген еңбекпен өлшенеді. Олай болатын реті де бар. Республика жастар ұйымын Өзбекәлі Жәнібек басқарған жылдары алғаш рет республика жастар ұйымының жетекшісі ВЛКСМ Орталық Комитетіне бюро мүшесі болып кірді, Одақта өзінің орнын алды. Республика Жастар ұйымының сыйлығы белгіленді. Оның тұңғышы болып Саттар Ерубаев иеленді. ЛКСМ Орталық Комитетінің ғимараты салынды. Жастар күшімен екпінді құрылыстар жүрді, Көктөбе игерілді, жер-жерде – облыс-облыста комсомол жастарының өз орны айқындалды. Қаншама жастар ансамблі құрылды, жастар театры ашылды, Ғ.Мұратбаевтың Қазалыда музейі ашылды, Москвада жерленген зираты табылып, басына ескерткіш орнатылды. (Ескерткіштің бірі Оңтүстік Қазақстанға зор қиындықпен қойылды.) Осының бәрі Өзекеңді зорлықсыз, міндеттеусіз Республика жастары көсеміне айналдырып еді. Расында Ө.Жәнібек есімі Ғани есімінен кейін, ізбасары ретінде тарихи орынды иеленеді. Ол - алдымен жастар көзінде тұлғаланған қайраткер! Қазақстан Жастар ісінің асқан ұйымдастырушысы! Ол Мәскеуде ВЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшылары Тяжельниковпен, кейін Пастуховпен сыйласа қызмет істеді. Олардан үйрене өсті. «Тяжельников – парасатты жан еді», «Пастуховтан қағаз жазғанда қайшымен жұмыс істеуді үйреніп едім»-деп отыратын Өзекең жарықтық. Шешен Хабитовтың портретін қашан өлер-өлгенше үйінің қабырғасына іліп қойып, көз тоқтатып қарап, ой тоқтататып ойланып отырар еді жарықтық.Хабитов жайлы әңгімесі шешен ұлтының тағдырына ұласып отырар еді жарықтық. Шешендер жайлы әңгімені «Қазақ тағдыры қайтер екен? Айналамыз андаған алып елдер» деп тұнжырай түйетін. Түлкібас тумасы – нәсілі орыс Рудовты өзіне жақын дос санайтын. Кейін Ресей Федерациясының Қырғызстан Республикасындағы өкілетті елшісі қызметін атқарған Рудовқа іздеп барып, емен-жарқын әңгімелесіп едік. Ол көңілі қаймыжықтанып, сүйген достық көңілден еске ала сөйледі Өзекеңді. Біздің өтінішіміз бойынша «Аяулы досымды жоғалттым...» аталатын тамылжыған естелігін жазып берді. Біз естелікті «Южный Казахстан» газетінде, «Рух сардары» (2006) аталатын жинақта жарияладық. Хабибулин есімді татар жігітін де жоға­ры бағалап әңгіме сабақтар еді Өзе­кең. Ы.Тілеубергенов, А.Маханбетов, А.Айдосов, Ә.Сабыров, Д.Бопова, Н.Кабиров, Хамидулин, А.Тәжиев өзге де достарын ыстық ықыласпен еске алатын. Ол достарына адал еді, оған достары адал еді. Олардың достығы – «сыйға –сый, сыраға – балдан» жоғары тұратын, халыққа қалтқысыз қызмет үдерісінде сыналған, қайраткерлік ұзақ жолда суарылған, шыдас берген, сын-сәттерден ширап шығып қалыптасқан достық! Өз әңгімесіне ден қойсақ, КСРО-дан шет елге шығатын жастар арасынан қазақстан өнерпаздары домбыраны ала барып, қазақша ән айтуға Мәскеу басшылары (ВЛКСМ) қарсы болыпты. Сонда ұлттық намысы шыдас бермеген Ө.Жәнібек: «Егер біздің қазақ жастары шет елде домбырамен өнер көрсетпесе, пресс-конференция ұйымдастырып, сөз сөйлеймін де, қазақ жастарын алып қайтамын!»-депті. Мәскеулік басшылар қайсар қазақтың ұлттық талабына көніпті амалсыз! Ол жұртты сыйлай да білетін, өзін сыйлата да білетін үлкен кісілік, қайсар мінездің адамы еді! Өзгені сыйлау – адалдық, өзіңді сыйлату - әділдіктен туындайды. Жастар ұйымы атынан ол жылдары Ө.Жәнібек шет елге сирек те болса делегация басқарып шығып тұрды. Айталық, бірде Болгарияға Дүние жүзі жастары форумына қазақ жастарын басқарып апарды. Тағы бірде Въетнамға барған. Сонда жастар атынан сөйлеген сөздері мәтінімен таныссаң әділеттік аңсаған, ұлттың теңдігін көксеген, шамырқанысты мінезге тап боласыз. Бәлкім, оны республика жастары көсеміне айналдырған да осы мінезі, ұлт елесі, жастардың мүддесін кеңінен ойлаушылығы, жанашырлығы шығар. Ол жастардың шынайы жанашыры, алымды ақыл иесі, өміршең шешім, ілкімді іс қайраткері бола білді. Жастар жетекшілігінен 1970 жылы Ө.Жәнібек жаңадан ұйымдастырылып жатқан Торғай облысына – облыстық партия комитетінің үшінші хатшылығы қызметіне жіберілді. Ол кезде облыстың бар басшысы Мәскеуде бекітіледі. Жаңа ұйымдасқалы тұрған облыс басшыларын бекітерде КСРО Бас хатшысы Л.И.Брежнев өзге кісілерге назар аудармай, Өзекеңе қарап «Біздің комсомол бара жатыр екен. Облыс болады»-депті үлкен сеніммен! Міне, Өзекең танымалдығы! Айтса- айтқандай, Мәскеуде Саяси Бюрода бекіп шыққан сол басшылар аудан деңгейіндегі аумақтан Торғайдайын облыстық аймақ жасап шықты. Бәрі бірдей іскер емес еді. Бәрі бірдей жағдайсыздыққа төзімді емес еді. Бәрі бірдей жергілікті халықтың жүрегіне ұл болып кіріп, қайраткер болып қалыптаса алмапты. Кейбірі басы барып, аяғы кері қайтыпты. Кежегесі кейін тартушылар болыпты, енжарлар табылыпты... Өзекеңе партиялық жолдас, мұраттас үзеңгілес болған азаматтар райында С.Хұсайынов, Қ.Тұрысовты атар едік. Олар Өзекең жайында, Өзекең олар жайында ыстық ықыласқа толы ойлар, пікірлер, сөздер қалдырып өтті өмірден. Үзеңгілес замандас, қызметтес қанаттастары лебізіне ден қойсақ, Торғай облысына радио, теледидар желісінің жетуі, облыстық сазды-драма театрының ашылуы, облыстық өлкетану музейінің ұйымдастырылуы, айтыс өнерінің жолға қойылуы, қазақ кітаптарының облыс орталығына жетуі тікелей Өзекең атымен байланысты аталады бүгінде. Міне, қайраткерлік болмыс. Торғайлықтар «Біздің Өзбекәліміз!»-деп аузынан тастамай айтып отырады. Ерсайын Тәпенов (режиссер), Лидия Кәденова (актриса) - Өзекеңнің өнерпаздарға әкедей қамқор болғанын зор махаббатпен жыр етеді. Театр жазғы гастрольге жүріп кеткенде үйлеріне қыстық азық-түлігін, қысқа қажет картөшкелеріне дейін жеткіздіріп береді. Қ.Салғараұлы, С.Кен­жеахметұлы, С.Тұрғынбекұлы облыстағы руханиятты Өзекеңнің қалай түлеткенін аузының суы құри отырып әңгімелейді. Ана жылы жағдайға қарай, «өндірілетін боксит облысты ұстап тұра алмайды»-деген оймен, Торғай облысы жабылғанда, «Әттең Өзекең болғанда Торғайды жаптырмас еді»-деп тәтті армандап, кермек сөйлеп жүрді торғайлық азаматтар. Соның бірегейі – ақын Ғафу Қайырбеков! Өзекеңнің әлі жара жазылмай жеткен – жетпісі, жетім қыздың тойындай аталған – жетпіс бесі тұсында Республикалық баспасөзде ерекше сөйлеп, өңірде дүбірлете тойласа – ол – торғайлықтардың Өзбекәлі Жәнібекке деген ақ еден көңіл, шексіз махаббатының белгісі! Өзбекәлі Жәнібек мерейтойын жарылып жаман үйренген туған өлкесі олай тойлай алмай келеді. Өлердей өкініш, өлшеусіз ұят! 1975 жылдан бастап Ө.Жәнібек Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шет елдермен байланыс бөлімін басқарды. Әрине, шындап келгенде Мәскеуге қарайтын, одақтас республикаға керегі ескерілмейтін бөлім. Баяғы қайраткер Төлеген Тәжібаев тұсында ашылып, ақыр-соңы қызметі қағаз тіркеуден аспай аяқситын «Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігі» тағдыры іспетті. «Бар ма ондай бөлім?» «Бар!» сол үшін ғана құрылған құрылым. Мәскеудің билік бере қоймасы тағы түсінікті. Мәскеудің де, Мәскеуге «күйлеген» жергілікті басшылықтың да «Саптыаяққа қымыз құйып, сабынан қарауыл қарайтынын» жақсы білетін Өзбекәлі Жәнібек ол бөлімнің өзін ұлт республикасына қызмет еткізуге қызу кірісіп кетіп еді. Алдымен аты бар, заты шартты «Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігі» жұмысына қозғау салды. Оның өз дәрежесінде жұмыс істеуін, «Мәскеудегі «СССР Сыртқы істер министрлігінің» байлаулы бұзауы болып отырмауын, онымен сабақтас үні шығуы, ісі көрінуі керек екенін, сырт елдермен тікелей байланыс орнауы қажеттігін қадап айтты Өзекең! Өйткені Министрлік арқасында – қазақ елі тұр. Қазақ елі мүддесін көздеді. Қазақ ССР Орталық партия комитетінің бөлім басшысы соны талап етті. Бұл талаптың өзгеден бұрын өзіне жайсыз тиюі мүмкін еді. Бүгіннің көзімен қарағанда ол жылдардағы қазақтық мүддені ашық қолдаушылық – атқа мінген ұлт азаматтары бойынан сирек көрінер – ҚАСИЕТ болатын. Өзін қасіретке ұшыратқан сол ҚАСИЕТ Өзекең бойынан тотолитарлық жүйе кезінде де табылды. ҚАСИЕТ Өзекеңді ҚАСІРЕТКЕ қалай ұшыратты? Министрлік қиқаңдады. Жұлқынып тұрған ешкімді көрмеді. Сан сылтау айтады. Жоғарыға жалтақтайды. Жалтақтауын сыбырлаумен бүркемелейді. Сыбырлайды!..Пікір туғызады... Жәнібектің бәсін түсіреді, арынын басады. Қазақстанда аты – қазақтікі, қазақ­тықтан құралақан қаншама «достық қоғамы» бар еді. Ө.Жәнібек қоғам жұмысын «Қазақ­стан және Вьетнам достық қоғамы» (президенті Ә.Тәжібаев) «Қазақстан және Араб достық қоғамы» (президенті М.Қаратаев)-дегендей етіп, әлемнің әралуан елімен нақты байланысқа жүйелей қайта құрды. Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, Н.Базанова дегендей Қазақ­станның айтулы әдебиет пен өнер тұлғаларын әрбір достық қоғамына Президент (төраға) етіп бекітті. «Ұйқыда» жатқан достық қоғамы қозғала бастады. Қоғамдық негізде жұмыс істейтін құрметті төрағалар Өзекеңнің түпкі идеясы – ұлт мерейін көтеру екенін түсінбей қинады. Сыртқы елдермен байланыс жұмысының жандануы үшін қаржы керек. Оны басшылық бөлмейді. Арада үйлесімсіздік жүреді. Сөзі өтіп кеткенін кеше алмай академик Найла Базанова билікке шығып шағымданады. Қыспағына шыдамай, қолқабыс жасау орнына, қаржыға қиналып (қауіп те ойлады ма кім білсін?) Министрлер Советі төрағасының орынбасары Бірінші хатшыға шағынды, қызметінен қауіп ойлап «жуан хатшы» да Өзекеңнің «ауыздық салдырмайтынын» айтып, «құрыққа сырық жалғады». Өзбекәлі Жәнібек қызметінен алынып Қазақ ССР Мәдениет министрінің бәленбайыншы орынбасары етіп жіберілді... Міне, біз қайраткерлігін халқына арнаған аса ірі азамат, қамқор басшымен осы бір тұста қызметтес болдық. «Қызметтес болдық»-деген сөзіміз дұрыс емес. Дұрысы – қарамағында қызмет істедік. Өзімізге ренжи кейігені, кей-кейде сәл-сәл шуақтанып мейірленгені, С.Мұқановтың мемориальдық музей-үйі экспозициясын ғылыми негіздеп жазып барғанда «осылай да жаза ма екен?»-дей отырып, бір сенбі, жексенбісін (ол кісі демалыс күндері де жұмыс істей беретін) құрбан қылғанын, қағазымызды қызыл ала етіп шимайлап қайта жазып шыққаны есте. Сонда есітіп білгенбіз, көріп таңырқағанбыз. Сондықтан да оның қызметтік лауазымының осы бір кезеңінде қазақ елінде музейлер қаулап өсті, экспозициясы ұлттық сипатта жасақталды, тіпті Абай атындағы Опера және балет театры, М.О.Әуезов атындағы қазақ драма театры жанынан да музей аштырды, Алматыдағы «Қызыл таң» -сауда үйі, Керуен сарай – музейге айналды. Облыс орталықтарында тамаша музейлер ұйымдастырылды. Қазақы киім үлгілері тұтынуға қайта оралды, қазақ тілі мәселесі көтерілді, Наурыз мерекесі ұлтпен қайта қауышты. Осының бәрінің басы-қасында ұлт қайраткері Өзбекәлі Жәнібек жүрді. Ол мәдениет қайраткері ретінде түледі, ол халықты ұлттық қайнарда түлеткен ұлы қоғам және мемлекет қайраткері болып пәкене қызметте жүріп-ақ тұлғаланды. Дұшпандары оның мәдениет қайраткеріне айналып тұлғаланып бара жатқанын да көре алмады, көре тұра көргісі келмей қиналды. Ақыры ілкімді ісін емес, іскерліктен туындайтын талапшылдығын мінезсіздігіне балап сан-саққа жүгіртті. Сумаң сөзді жоғарылы-төмен жұмсап бақты. Көзге көрініп, көрінбей керме тартылды арынды мәдениет қайраткері алдына. Бар ойлайтыны – бас қамы, мансап қамы. Ел көзінде аңызға айналған Өзбекәлі өсіп кетсе - өздеріне қауіп. Қауіпті сирету, сейілтудің бірден-бір жолы – жолына керме тарту! Керме аты біреу, жолы - өтірік, өсек, жүйкеге тию, жұмысына бөгесін болу, ұлтшыл деп ағаш атқа мінгізу, нәсілшіл, деспот деп жарғы тағу... дегендей көп-ақ. Өтірік, өсекке бәйге атындай аңқылдайтын (Абай) қазақ емеспіз бе?! Арғы жағы белгілі. Аққа – құдай жақ! Алайда, аққа да дақ жұғады екен. Жабыла жүріп Өзекеңді қызметінен сырғытып Алматы облыстық атқару ко­митетінің бәленбайыншы орын­басарлығына жіберді. Тұтас ұлттың – мәдениет қайраткерін, жалпы жәмиғаттың «тіл, аузымыз тасқа!»-деп жүрген, рух сардарына айналған мақтанышты тұлғасын көзге көріне бермес бір бүйірге апарып, көлегейлеп ұстау – байғыз бейіл басшылардың бар мақсаты! Өз шәкірті – облысты басқарып отырған азамат «Өзекең бізге қиын болады ғой...»-депті қиналып, қызметке қабылдағысы келмей. Өзекең осы бір оқиғаны қинала отырып айтып еді. Біз де қазір қағазға түсіруге қиналып отырмыз... Өйткені, көзі тірі, арамызда дін-аман жүріп жатыр. Аман болсын, тәйірі! Алматы облыстық атқару комитетінің орынбасары қызметін атқарғанда аудан-ауданды аралап ол кезгі астаналық облыстың тарихи сипаты бар ғимараттар тізімін алып, оларды қорғау үшін мемлекет қарауына енгізіп, мырыштан белгі қою, жаңғырта қайта жөндеу талаптарын алға тартып Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы алдына мәселе қояды. Алыс ауылдағы бабадан қалған тарихи ескерткіштерді ұлттық мәдени құндылық тұтынған тарихи зерде талабы! Қуану, жедел жөндету, қаржы бөлу ісін қарау орнына, айлакер бірінші хатшы әлгі ұсынысты «Өзбекәлі Жәнібеков өз саласына қатысты істі жүзеге асыра алмай отыр»-деген формулировкамен сөгіс жариялап, сырғытып жібермек болғанын қайтерсің. Сорғалап шығар заңғарға жорғалап шыққан жыланның әрекеті осындай болғанын білеміз. Халыққа деген қайраткерлік ой зейнетке бастау орнына, бейнетке қалдырғанын қайтерсіз. Кісі күйе ме? Кісі күйіне ме? Әрине! Іс күннен-күнге насырға шауып бара жатты. «Қызметтен босатамын, партиядан шығарамын!»-деп айғайлапты әлгі әпербақан басшы әй-шәйға қарамай. Екеуден-екеу ырғасып отырған Өзекең өзінен лауазымы биік әлгі орысқол басшыға «К...-ңе қара!»деп, жерлеп, жерге бір түкіріп шығып жүре беріпті. Ол бірде ойлады: «Осыны татар шатыс деуші еді. Сол рас-ау, асылы. Қазақ мәдениетіне бір жаны ашиын демейді. Республика басшылығына орыс нәсілді басшы келіп еді. Қазаққа қарсы құтырына іс бастап, әңгі есектей әкіреңдеп шыға келді. Өзінің шата екенін алға ұстайтын әдет тапты. Онысы несі екен? Қазақ болмаса қазаққа қарсы болуы керек пе? Тіпті түріктік туыстығы қайда? Жоқ, бұл иттің татарлығында тұрмаған шығар бар мәселе. Бар мәселе – тексіздікте болар бәлкім. Әйтпесе, өзінің комсомолық үзеңгілес досы Хамидулин да татар ұлтының өкілі еді ғой. Демек, бар гәп – текте. Текті адам аз күндік мансап үшін қазақ, татар болып бөлінбесе керек. Текті адам аз күндік мансап үшін «ана жүз», «мына жүз» болып тар көрпені әрі тарт, бері тарт жасар ма?! Сиырдың бүйрегіндей қырық бөлек болудан сақта құдай қазақты!»-деді сосын терең күрсініп. Сол бір өлара шақта коммунистік партияға сүйенген КСРО-да, оның былық-шылыққа батқан бір отауы – Қазақстан да іріп-шіріп тұр еді. Ұзамай Қазақстан бас­шылығы ауысты. Ұзамай Қазақ ССР Министрлер Советінің тө­рағасы Н.Ә.Назарбаев мәдениет қайраткері райында танитын Өзбекәлі Жәнібековті Мәдениет министрі етіп тағайындауға ық­пал етті. Жамбыл ауылын ұстазы – Сүйімбайға, шәкірті Үмбетәлі Кәрібаевқа музей ашып кешенді мемориалға айналдырып, бірсыпыра аудандағы тарихи ескерткіштерді жаңғырта жөндеп үлгерген Өзбекәлі Жәнібеков 1987 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрі болып тағайындалды. Өзекең жолына тор құрып, қызметте құлатамыз деп жүрген пенделер басы Меңдібаев болып қызметтен алынып, берекесі қашты. «Біреуге ор қазба, қазсаң – тереңдеу қаз - өзің түсесің!...» Халық дана! Ол мәдениет министрі болып көп істеген жоқ. Аз ғана уақыт. 3-4 ай. Алайда, осы уақыт аралығында ол министрдің орынбасары болып жүріп те, Алматы облыстық атқару комитетінің бәленбайыншы орынбасары болып жүріп те атқара алмаған істерін жолға қойды. Кең де, кемел бағдарлама түзді. Ұлт мүддесін көздейтін, ұлт мәдениеті мүддесін қорғайтын Бағдарлама! Ол – театр,музейлер, тарихи ескерткіштер тағдыры еді! Орталық Комитеттің хатшысы қызметтерін атқарды. Жалма-жан жастарға жаңа уақытқа сай эстетикалық тәрбие беру платформасын жасауды қолға алды. Әз наурызды ұлтымызға қайтарды. Алаш орданы ақтады. Уақыт жедел алмасып жатады. Күтіп тұрмайды. Ол өндіре жұмыс істеді. Аты коммунистік қоғамның затын – ұлтты өсіруге, кемелдендіруге жұмылдырып бақты. Көріп отырғанымыздай оның қызметінің бәрі дерлік кешегі коммунистік партиямен байланысты. Иә, ондай партия болды. Ондай партия билеген Кеңестер Одағы жетпіс жылдан астам өмір сүрді. Ө.Жәнібекті де тәрбиелеген, ысылдырған – Коммунистік партия. Бірақ, Ө.Жәнібектің тумысынан бір азаматтық ерекшелігі бар еді. Ол тарихшы-этнограф, этнолог ретінде азаматтық тарих, ұлттық дәстүрді, ұлттық дәстүрден туындайтын мінез-құлық, қол өнері, киім үлгілері, музейі,классикалық өнерін зерттеп, зерделеп, көңіліне құйып өсті. Сондықтан да ол бірыңғай коммунистік партия айтуымен кетіп, айдауына боданбас болып, оң-солына бұрылмай кете бармады. Ол - өзінің туған ұлтының тағдырын лениндік ұлт саясаты шеңберінде жоғары қоя білді. Өзінің қызметі, мансап-лауазымын саяси қыспақты тар аяда жүрсе де ұлт мүддесіне көзін тауып, қисынын келтіріп қызмет еткізе білді. Ол – сөйлейтін сөзін жастайынан өзі жазды. Жасайтын баяндамаларын өзі жазды. Өзгеден де соны талап етті. Жастар одағын басқарғанда орынбасарын «Өз баяндамаңды өзің жаз! Өзгеге арқа сүйесең – жаман үйреніп кетесің»-деп есігін сыртынан құлыптап кетіпті... Жұрт айтады. «Баяндамамды аппарат жазсын!»-деген азаматтың өзі айтса бек дұрыс болар еді. Қазақстан жастары өмірінен кітап жазып, орыс тілінде Мәскеуде бастырды. «Алтын домбыра туралы аңыз», «Эхо», «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағылымы», «Қазақтың ұлттық киімі», «Жолайырықта», «Уақыт керуен» секілді тамаша этнологиялық кітаптар жазып қалдырды. Оны Қазақстан зиялы қауымы Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаровтан кейінгі, солардың деңгейіндегі мәдениет қайраткері деп таныды. Оның «Тағдыр тағлымы» аталатын қос кітаптан тұратын мемуарын Дж.Нерудің «Үндістанды ашу», Б.Ғафуровтың «Тәжіктер», , З.В.Тоганның «Мемуар», Жан Жак Дюкланың «Мемуары» секілді тұғырлы тарихи-мемуарлық үлгі деп танимыз. Солармен ғана салыстыруға болады Өзекең мемуарын. Ұлтын сүюі, ұлттың тарихы, рухани қазына байлығы үшін күюі жөнінен Өзекең мемуарын тек солардың еңбегімен ғана салыстыра талдауға болады. Ол кім-кімге де «Жәнібеков деген қазақ!»-деп телефондайтын. Есімі – «Өзбекәлі» болғандықтан емес шығар, қазақ халқына перзенттік шынайы бейілі шығар, «Қазақ» сөзіне екпін түсіре, салмақ сала сөйлейтін. Біртүрлі мақтанышпен айтатын. «Оу, өзі қазақ болса – «қазақпын»-деп таныстырудың несі мақтаныш?»-деп ойларсыз. Кешегі кеңестік кезеңде биік астаудан жем жеп үйренген билік арасында өзінің қазақтығына қорланатын, өзінің не орыс нәсіліне, не татар нәсіліне не аналық, не әйелі жөнінен байланысы барына мақтанып, алға тұтып жүрушілер көп болғанын әл-әзір ұмыта қоймасақ керек! Сондай жағдайда, сондай заманда - Өзбекәлі Жәнібек бұқпай, бұғынбай «Жәнібеков деген қазақ»-деп қойып, қазақ елінің есесін түгендеуден бір танбауы ерлік. Осындай жағдайда, Өзекеңді біреу «қазақшыл», «ұлтшыл»-деп жек көрді. Тобығынан қағып, ағаш атқа мінгізіп, қауіпті элемент ретінде өсектеп бақты. Оның мансап жолына бөгесін болуға тырысты. Оған барып өжет Өзбекәлі Жәнібек іскерлігінен, алымды шалымдылығынан қауіп ойлағандар қосылды. Ал оның қазақ мүддесіне өзін арнағаны үшін мерейленушілер қаншама еді? Бірақ, қалың бұхара – қашанда дәрменсіз. Билік қашанда айлалы. Соның әсерінен Өзекең лауазымы өршіп өсу орнына, басы тасқа тиген кете балықтай шоршып төмен сырғып өшумен жүрді. Есесіне осының екеуі де - Өзекеңді ел аузында аңызға айналдыра берді, аңызға айналдыра берді. Өзекең ұлттық болмыстан туатын ұлтшыл мінезімен, сондай дүниетанымнан туындайтын өзіндік өжет іс-әрекетімен көзінің тірісінде-ақ аңызға айналып үлгерген тұлға болатын! Ұлтын сүйетін азаматтар кім екеніне қарамастан – оның досына айналып қасында тұрды; қандай лауазым иесі екеніне қарамастан ұлтын сүйе алмайтын, ұлты үшін отқа түсіп күйе алмайтын адам – оның қасына айналып, қарсы жағалауға өтіп, Жәнібекті жығу үшін қарсы әрекет етіп бақты. Оның біріне сүйсінсе, екіншісіне күйініп жатпады. «Уақыт туғызған жантықтар!»- деп қолын бір сілтейтін. Оның жаны күйіп, өлердей күйінетіні - өзі тәрбиелеген кей «тұлғаның», ұлт үшін өзімен қатар тұрғансыған азаматтың қолына билік тигенде тал күбідей айнып, қазақ тіліне қарсы сөйлеп, ұлт мүддесіне қайшы болып мансап биігінен аса алмай қайқаң қағуы! Биік лауазым алдында шыбындап бас шұлғи беруі! «Бет бергенде шырайың сондай жақсы, Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың»-дер еді ойланып. «Алашқа іші жау боп, сырты күлмек, Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек»-дер еді тағы да Абайға ден қойып. «Кісінің іші мен сырты, сөзі мен ісі бір болса қайтеді?!»-дейтін ондайда күйініп. Өмірінң аяғында Орал облысынан ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланды. Тәуелді, тәуелсіз ел атынан бесінші рет депутат болып сайлануы. Бұрын да өз сөзін айта алған Өзбекәлі Жәнібек тәуелсіз елдің тәуелді депутаты болудан қорықты. Өліара уақытта Тәуелсіз елді тәелді етіп тәуенде күй кешуден қорықты. Ұлт мәдениетін ұлықтап, қазақ ұлтының мемлекет құрушы ұлтқа айналуына барын салып қызмет етті. Тағы да «ақ қарға» болған кездері көп-ақ. Елбасынан бастап тынымсыз хат жазып жатты. Хаты – Қ.А.Ясауйдің кесенесін сақтау, жаңғырту мәселесінен бастап мемлекетті мәдениетін ұлықтаушы ел болуға үндеу еді.(М.Жолдасбековке жазған хатын еске алыңыз.Қ.Е.) Бұл да халыққа жаққанымен әріптестеріне жаға бермейтін үндеу еді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болып отырғанда қазақ жастарын жаңа уақытта эстетикалық тұрғыдан тәрбиелеудің концепциясын жасаған (жасатқан) Өзбекәлі Жәнібектің тауаны шағылды, маңдайы тағы да тасқа тигендей болды. Қолайсыз депутат. Арғы жағы тағы да белгілі. Сырқаты асқынды. Аурухана жағалады. Шәкірті Қуаныш Сұлтановтың жебеуімен шет елде емделіп қайтты. Тағы мәселе көтеру. Мемуар жазу. Этнографиялық еңбектер шоғырын жарату. Ә.Дербісәлиевтің кітабын қарап беру. Қазақтың алғы шептегі этнографтары өмір тарихи, тарихи өнегесінен кітап құрастыру. «Арқас» өрбіту қорының жұмысын жолға қою, кең өріске шығару. Өзекең асығулы еді. Уақыт та асығулы еді Өзекеңе дегенде. Түрлі қыспақтан дерті қайта дертті. Тағы аурухана. Шет елден алынған аппаратсыз демалу мұң болды. Үйінде аппарат жәрдемімен дем алу, ауруханада қос түтікті бірдей мұрнына жалғап қою...Өзекеңнің өмірінің соңғы ноталары міне осындай. Шынайы достары қасынан табылды. Қ.Тұрысов, Ш.Мұртаза, К.Смайылов. Шәкірттері көңілін сұрап жиі келді. Қ.Сұлтанов, М.Жолдасбеков. Туыс­тары қасы­нан табылды. Ө.Айт­баев, М.Әлиев, К.Шаматай, С.Сей­дуалиев, Б.Қазымбет, К.Әмір­бек,Қ.Ергөбек. Бірақ, оның бірде-бірі шипа бола алмады дерттенген қоғамның дертті азаматына. Өмірінің аяғында жиі хабарласып жүрдік. Жұртқа керек болмай қалған ағатай ағайынға керек еді. Азғантай парасат иелеріне керек еді. Үйіне бір барғанымда баласы Бауыржанға төлқұжатын ұсынды: «Ов»-ты алдырып, жаңа паспорт алып кел»-деді,- «Қазақ болып өлейін!» Қасында есітіп тұрған менің құйқа тамырым шымырлады. Есіме ұлты үшін амалсыз шоқынған ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин түсті. Өлер шағында: «Жаназалап мұсылманша қойыңдар!»-дейтін ұлы ағартушы. Ұстазы Ілияс Омаров ше? «Советтік медицинаның маған өкпесі болмауы керек. Молда шақырып, жаназалап көміңдер мені!» (Жайсаңбек Молдағалиевке)-деп аманат айтқан Ілияс Омаров. Енді, міне Өзбекәлі Жәнібек. Советтік қызметкер Өзбекәлі төлқұжатынан «ов»-ты алдырып тастап «Жәнібек» болып – қазақ болып көшті дүниеден!.. Бір барғанымда емделуші дәрігерлеріне өз атынан алғыс айтып, бас-басына хат жазып жатыр екен. Жатып жазулы. Тыныс жолы аппаратқа қосылған. Екі иінінен демалады. Дұрысы – демалғанда бүкіл денесі көтеріліп басылады. Ажал деген аяусыздың жақын келіп қалғанын біліп жатыр саналы жүрек. Әрбір емші дәрігеріне біліміне, білігіне -өзіне көрсеткен қызметіне орай бөлек-бөлек хат жазды. Ескере бермейтін жай. (Өзекең дүниеден көшкенде ақ халаты үстінде әлгі дәрігерлер жылап тұрды. Көзімізбен көрдік.) Ө.Жәнібек атқарған, ол жаңартқан, жаңғыртқан, тірілткен, түлеткен, дамытқан, өрістеткен ұлт тағдырына қатысты өркенді істері көп-ақ. Ол азаматтығына кір шалдырмай тіршілік кешіп, 1998 жылы 22 ақпанда 67 жасында жарық дүниеден өтті. Өз өтініші бойынша мәйіті туған жері – «Арыстанбаб» әулие кесенесінің маңына қойылды. Тағы да Абай: «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» Ұлттың өмір тарихын, дүниетанымын талмай зерттеп өлмес сөз сауған, өнегелі іс соққан, сөйтіп соңына өшпес өнеге тастап құйрықты жұлдыздай аққан Өзекең - Өзбекәлі Жәнібек Абай айтқан ұлылыққа барынша лайық. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес...» Біреу өледі - өшеді. Біреу өледі - өседі. Қазақтың маңдайына біткен қайраткер перзенті Өзбекәлі Жәнібек өлген сәттен екінші өмірін – мәңгілік өмірін бастап кеткен азамат! Ол халқымен мәңгі бірге жасай беретін есім!

Құлбек ЕРГӨБЕК