Алматы облысында үш ағайындыны өлтірген қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды
2016 ж. 29 қараша
2147
0
Үш ағайындыны өлтірді деген сотталушыларға қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан. Еске сала кетейік, Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлыханұлы және Әлімхан Қадылбек биыл Ұзынағаш маңында өлтірілген болатын. Қылмысқа қатысы бар осы ауылдың екі тұрғыны күдікті деп танылды. Олар - Талғат Сүлейманов пен Мұрат Оңалбаев. Сондай-ақ, сот отырысына ауылдың жергілікті қойшысы Бақыт Байқасымов та қатысты.
Осы істегі басты фигуранттардың бірі Талғат Сүлейманов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын ерекше тәртіптегі колонияда өтейтін болады. Оның сыбайласы Мұрат Оңалбаев болса, 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Мұрат Оңалбаев жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болады. Ал "қылмыс туралы хабарламағаны үшін" айыпталған сол ауылдың жергілікті қойшысы Бақыт Байқасымов төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, Талғат Сүлейманов пен Мұрат Оңалбаевтың әрқайсысы қаза тапқандардың отбасына моральдық шығын ретінде он миллион теңгеден төлеуге міндеттілді.
Айта кетейік, 25 қарашада өткен сот отырысында қаза болғандардың туыстарының моральдық және материалдық шығын ретінде 50 миллион теңге өндіріп алмақшы екені белгілі болды. Алайда басты күдікті Сүлейманов мұндай ақшаның жоқ екенін, өтемақыны төлей алмайтынын айтты.
Еске салайық, Талдықорған қаласына жақын маңдағы Көксу ауданының 3 тұрғыны Алматы жақтағы Ұзынағаш базарында мал сатамыз деп із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Кейінірек олардың өлі табылғаны хабарланған еді. Ведомстводағылардың айтуынша, марқұмдардың денесінде зорлық белгілер бар.