Мемлекеттік мүдде тұрғысында көрсетілген бұл жарқын өнегені жалғастырар саясаткерлер көбеюі тиіс!
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Нидерланд корольдігінің Қазақстандағы, Тәжікстандағы және Қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшісі Дирк Ян Коппен кездескенде орыс тілінде сөйлесуден бас тартты. Облыс әкіміне орыс тілінде сұхбаттасуды ұсынған елшіге:
«Біз Қазақстандамыз ғой. Мысалы, мен Нидерланд еліне барар болсам, қасыма голланд тілінде сөйлейтін аудармашыны ертіп апарамын, сондықтан, қазір қазақ тілінде әңгімелесуге мүмкіндігіңіз болмаса, келесіде қазақша сөйлесуге келісейік», – деді Нұрлан Ноғаев.
Қазақстанның облыс әкіміне келіп тұрып, Ресей тілінде сөйлегісі келген Нидерланд елшісін қазақ тілінде сөйлесуге шақырған Нұрлан Ноғаев нағыз Ер екен! Біздің елде...
Ал басқа елде бұндай оқиға болуы түгілі, түстеріне де кірмейді.
Біріншіден, өзге елдерде мемлекеттік тілдің орнына басқа бір мемлекеттің тілі үстемдік құрмайды.
Екіншіден, өзге елдердегі елшілер сол елдің мемлекеттік мекемесі түгілі, жекеменшік фирмаларға да барып, өзге елдің тілінде сөйлесуді ұсынбайды.
Үшіншіден, бұл жерде елшінің еш кінәсі жоқ – кінә мемлекеттік тілін керексінбейтін, екінші сортты етіп отырған Қазақ елінде!
Атырау облысы әкіміне келгенде елші мырза әдеттегідей, Қазақстанның барлық жеріндегідей орыс тілінде сөйлейтін болған соң, Тәуелсіз мемлекеттің мемлекеттік тілі – Қазақ тілі дегенге бас қатырған да жоқ.
Неге бас қатырады, егер Қазақстанның Сырты істер министрі Ерлан Ыдырысов мемлекеттік тілді білмей, парламент алдында:
«Менің миымды ауыстырмасаңдар, қазақ тілін үйрене алмаймын» деп, ресми мәлімдеген болса? («Мемлекеттік тілге миы жетпейтіндер қалай министр болады?!. http://www.qazaquni.kz/2011/06/11/7602.html)
Сонымен, Атырау өңірінің басшысы Нұрлан Ноғаев еліміздегі сірескен сеңді быт-шыт қылып бұзып отыр. Ұлттық мүдде - мемлекеттік мүддені осылай қорғау керек!
Ана жылы Қытайға барғанда Бейжіңдегі ҚХР вице-спикерімен кездесуде делегация басшысы, «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев қазақ тілінде сөйлеп, қытайлықтарды қатты састырған болатын. Олар Қазақстанда емес, Қытайдың төрінде қазақстандықтар қазақша сөйлеседі деп ойламаса керек... Сөздің жартысына келгенде вице-спикер өтініш жасап, Қытай мен Қазақстан делегациясы ол жерге еш қатысы жоқ ел – Ресей тілінде сөйлесуге мәжбүр болды.
2011 жылы 30 қаңтарда
елордамызда еліміздегі ең ірі халықаралық шара тек қазақ және ағылшын тілінде өтті! Қысқы Азиаданың ашылуын Астананың сол кездегі әкімі, ұлттық рухы жоғары қайраткер Иманғали Тасмағамбетов бір орыс тілінсіз қазақша, ағылшынша керемет етіп өткізген еді. («Тасмағамбетов Қазақстанды қазақ тіліне бір-ақ күнде көшіріп жіберді» http://www.qazaquni.kz/2011/02/11/5505.html
Ана бір жылы Марат Тәжин Сыртқы істер министрі кезінде болуы керек, Түркияға барған ресми сапарында қазақ тілінде сөйлеген алғашқы министр болды.
Ал 2015 жылы 27 қыркүйекте бүкіл әлемнің 193 мемлекеті қатысып отырған Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақша сөйлеп, айды аспанға бір-ақ шығарды! Тәуелсіз еліміз 24 жыл күткен тарихи оқиға еді бұл! «Тіліміздің әлемге танылған күні – Елбасының Қазақ хандығының 550 -жылдығына тамаша тартуы!»-деп, қуанып мақала да жаздық, депутаттық сауал да жасадық.
http://www.qazaquni.kz/2015/10/04/41019.html
Бірақ, біздің алақайлап аспанға атқан бөркіміз желге ұшып кетті... Артынша, президент Алматыдағы жиында: «Орысша сөйлегендерге қазақша жауап бергендер жұмыстан қуылады» -деп мәлімдеді. Ал, ел шулап, әлеуметтік желі жарылды! Елбасымызды кемшілікке қимайтын біз байғұс бұл сөзді Тіл заңының бұзылмауын талап етуі деп түсініп: «Қазақша сөйлегендерге орысша жауап бергендер де солай жұмыстан кетеді» деп қабылдап, мақала жаздық. Артынша сол кездегі Президенттің Баспасөз хатшысы, бүгінгі Ақпарат министрі Дәурен Абаев дәл осылай ресми түсінік берді. Содан соң ғана тулаған толқын басылды. Бірақ алғашқы түсінікпен қалғысы келіп, әлі де Тіл туралы заңды бұзып, қасарысып жүргендер жетеді...
Мемлекеттік тіл мәселесінде бір қадам алға бассақ, екі қадам артқа шегінетіміздің кесірі аз болмай келеді. Жетістіктерге жете бергенде желкемізден біреу түйіп жібергендей, кері қалай секіргенімізді білмей қаламыз...
Бұның бәрі Нұрлан Ноғаевтың ұлттық намыскерлігін көрсеткен қайратынан туып жатқан толғаныстар. Ұмытпасам, бұдан бұрын да атыраулық әкім бір елшіге (бәлкім осы елшіге) қазақ тілінде сөйлеуге ескерту жасаған болатын...
Өзі Ресейде жоғары білім алған Нұрлан Ноғаевтың кәдімгі мемлекетік мүдде тұрғысынан міндетті болуы тиіс бұл ісі – біздің көптеген әкімдер мен министрлер, шенеуніктер мен мемлекеттік қызметкерлер үшін мүмкін емес... миға сыймайтын қарекет екені анық... Міне, сол тұрғыдан да Нұрлан Асқарұлын біз құрметтей түсіп, сыйлай береміз!
Облыс әкімінің осы бір ісінен соң біздегі барлық елшілер ғана емес, өзге мемлекеттен келіп істеп жүрген талайлар ойланып қалатын болады.
Осы бір ғана оқиғадан соң, енді есі бар елші болса, нидерландтық Дирк Ян Коп мырза қазақша үйрене қоймаған күнде де, қасына қазақ тілін білетін аудармашы ертіп келеді. Бұның саяси жағымен қатар, әлеуметтік жағы да бар. Яғни, қазақ тілді бір аудармашыға жұмыс табылды... Ал бізде, қазақ тілін қажет етпейтін Қазақстанда мыңдаған қазақтілді мамандар жұмыссыз жүр... Ресей тілін білетін аудармашыларға, мамандарға қазақ тілін білмей-ақ Қазақстанда рахат!
Қазақстанға келген кез келген ел – қожайындық пиғылдан арылмаған Ресейдің өзінен бастап, ақырған арыстан АҚШ-ың, айдаҺар қалың Қытайың бола ма, қазақ тілінде аудармашы алып келуі тиіс!
Ал Қазақстан қай елге барса да, Ресейден бастап, алпауыт елдердің бәрінде де, келіссөздер мемлекеттік тілде жүруі керек.
Шетелдіктермен келіссөз де, ең алдымен еліміздегі барлық ресми жиындар Қазақстанның мемлекеттік тілінде болуы - биыл 25 жылға, ширек ғасырға толып отырған Тәуелсіздігіміздің мойындалуы болып табылады. Бұл - аксиома!
Нұрлан Ноғаевтың мемлекеттік мүдде тұрғысында көрсеткен бұл жарқын өнегесін жалғастырар саясаткерлер көбейе түсуі тиіс!
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz