Дінге берік болмай тілге беріктік болмайды

Негізінде, ана тілі біреулер үшін жай ғана қатынас құралы болып табылады. Сондықтанда олар оны қажет болған кезінде пайдаланып, қолайлы көрген кезде қиналмастан өзге тілге ауыса салады. Ал, біреулер үшін, керісінше, тіл жанының бір бөлшегі болып табылады. Сондықтан да олардың ана тілдері үшін жандары ауырып, оның жоғын жоқтап, тіпті жаға жыртысуға дейін барады. Кім қалай қараса да тілдің адамға тән, оның адамдық бітім-болмысын қалыптастырып, оны айғақтайтын да жоғары құндылықтардың бірі екені рас. Ол адамды ата-анасымен, ата- бабаларымен, сол арқылы ұлтымен тығыз байланыстырып тұрады. Мұндай тамырын тереңнен тартқан туыстық, қандастық байланыстарды еш қиналмастан оп-оңай үзіп тастайтын кісінің басқа да адами құндылықтарды тиісінше қастерлей алатындығы өте күманды. Қазақ халқы өз тілін «ана тілі», нақтылап айтсақ «анамның тілі» деп құрметтейді. Олай болса, осы анасының тілін өзге тілдерден кем санайтын әрбір қазақ өз анасын да өзге аналардан кем санайтын адам тәрізді болады. Шын мәнінде, жүрегінде жылуы бар жан үшін туған анасы ешкіммен де салыстыруға жатпайтын қастерлі адам. Олай болса, қазақтардың өз ана тілдерін өзге тілдермен салыстырулары орынсыз. Ол тіл қандай болса да оны ардақтап, қастерлеу қажет. Ана тілінен қол үзіп қалған кейбір қандастарымыз өздерінің мұндай күйлеріне белгілі бір себептер келтіріп ақталып жатады. Бірақ, кейбір ұлт өкілдерінің қай жерде, және қаншалықты жалғыз жүрсе де өз тілі мен дәстүрін берік сақтайтынын көргенде біздің өз елімізде, өз жерімізде, белгілі бір тілдік ортамыз бола тұра өз тілімізден жаппай қол үзе бастауымызды ақтау өте қиын. Мұның төркінінде өз ұлтымыздың тілі мен дәстүрлерінен қуыстанып, сол себепті де олардан тезірек құтылуға асыққан өзіміздің жалтақтығымыз бен жасықтығымыз жатқаны ащы да болса шындық. Осындай себеппен де тәуелсіз ел болып, тіліміз заңмен қорғалып, табан тірейтін қалың тілдік орта қалыптасып қалса да кейбір қандастарымыз әлі де өз тіліне қайтып оралуға асығар емес. Өйткені, олар тілімізге артта қалушылықтың белгісі ретінде қарайтын ескі отаршылдық көзқарастан арыла алмай, сол себепті де оны үйренуді өздеріне лайық санамауда. Дүниеде отарлық езгіге түсіп, құқықтары шектеліп, ұлт ретінде кемсітілген халықтар аз болған жоқ. Бірақ, қысым көрген сайын кейбір ұлттардың ұлттық саналары өрлей түседі. Олар ұлт ретінде топтасып, сыртта өз тілдерін қолдана алмаса да от басында тек өз тілдерінде ғана сөйлесіп табандылық танытады. Ал, осындай отарлық кезеңді бастан кешірген қазақтар болса тілі мен салт-дәстүрлерінен жарыса бас тартып, тіпті бір-біріне тиым сала отырып өз ерекшеліктерін жоюға құлшыныс танытты. Өзге ұлт өкілдері қызыға да, қызғана да қарайтын өзіндік ерекшеліктерге бай тілі мен дәстүрі, және өнері де бола тұра олар қазақ болуға қуыстанып, өздері ірі санап қызығатын ұлттарға сіңіп кетуге асықты. Өз-өзіне деген сенімділік жетіспеушіліктен олар өзге ұлттардың алдында төменшіктеп, өз жерінде тұрып жатса да соларға бейімделіп, солардың тілдерін үйренді. Өзге ұлттан әйел алса сол ұлттың тілі мен дәстүрін қабылдап, балалары қазақ емес өзге ұлт болып туды. Қалың қазақ ортасынан өзге тілде мектеп ашып, балаларын жаппай сол мектепке беріп өз ұрпағын өзге мәдениет пен дәстүр негізінде тәрбиеледі. Олар қазақ тілін біліп тұрған өзге ұлт түгел, бір-бірімен өзге тілде сөйлесіп, өз тілін білмегенге намыстанбай, керісінше, өз тілінде сөйлеуге қорланды. Олар өз тілінде емес өзге тілде сөйлейтіндерін мақтан тұтып, соны кәдімгідей дәреже көрді. Шындығына келгенде, өзін-өзі осыншалықты силамаған ұлтты кім силауы мүмкін? Оның өзі тапаған ар-намысын өзге кім жерден көтеріп, қастерлеуі мүмкін. Мұндай халық кім келіп асын ішіп, табағына түкірсе де, төбесіне шығып алып арына аяғын сүртсе де ренжуге құқығы жоқ. Өйткені, бұл оның өзіне-өзі адалдық таныта алмаған сұйықтығының жазасы болып табылады. Өз тілінен жерінгендердің көбісі европалық тілдерде оқып, батыс тәрбиесімен тәрбиеленген жандар. Сол себепті де олар өздерін биік мәдениет рухымен сусындаған озық жандар ретінде сезінеді, және соны кәдімгідей мақтаныш етеді. Мұндай қандастарымызға бар сұлулығы мен даналығын ішіне бүккен қазақы сана мен байсалды да бұйығы қазақы тірлік надан да жабайы болып көрінеді. Сол себепті де олардың іштерінде өздерінің осындай «кем» ұлттан екендіктеріне налып, өз халқына астамшылықпен қарайтын жандар да кездеседі. Мұндай жандар кейде өздерінің осы ұлттан болса да, бұл артта қалған надан ұлтпен ортақ ешнәрсесі жоқ озық адам екенін өзге ұлттарға дәлелдеу үшін өз халқын кемсітіп, ар-намысын таптаудың үлгісін де көрсетіп отырады. Сол арқылы олар өздері озық санайтын ұлттарға жағынып, өздерінің осы ұлттан екендіктерін беттеріне баспауын өтінгендей де болады. Негізінде, өз тілін өзге тілдерден төмен санайтын адам өзін де белгілі бір шамада сол ұлттардан төмен санайтын адам болып табылады. Сол себепті де ондай адам әдетте, өзі озық санайтын ұлттың тілінде сөйлеу арқылы өзінің ішкі сенімділігін нығайтып, өз бағасын көтеруге тырысады. Және өз тілінде сөйлесе іштей кемдік сезініп көңілі жаситын ондай жанға сол тілде сөйлейтін қандастарының бәрі де кем тәрізді көрінетін болады. Сондықтан да өзге тілде сөйлей бастаған кезде ол өзін олардан артық сезініп, оларды менсінбейтін де болады. Бұлай өз тілі мен өз ұлтын менсінбеуден ешкімнің де абыройы арта қоймасы анық. Өйткені, бұл оның өзін-өзі силамайтындығын көрсетеді. Өзін-өзі силамайтын, сол себепті де өзінікін де өзгелерге силата алмайтын мұндай жанның өзгелерге жағынуы мүмкін, бірақ ол өзгелермен иық теңестіріп тең дәрежеде қарым-қатынас жасай алмайды. Өйткені, өзгелер де өзін-өзі силайтын адамды силайды. Егер адам өзі ана тілін, сол арқылы өз халқын, өзінің ұлттық болмысын силамаса, тіпті оны өзгелердің аяқтарының астына тастап «міне, мұны былай тапаңдар» деп үнемі үлгі көрсетіп отыратын болса, онда өзгелерге де оны неге ойланбастан тапамасқа? Бұлай өзінің ұлттық қадір-қасиетін өз қолымен өзгелердің аяқтарының астына тастайтын намыссыз жанның өзгелердің алдында қандай қадір-қасиеті болуы мүмкін? Қазіргі заманда көптеген жандар өркениетті, озық, зиялы жан болуды қалайды. Және кейбір қандастарымыз оның оңай жолын тауып та алды. Ол үшін бар болғаны бір ауыз қазақша қоспай өзге тілде сөйлеу ғана қажет. Сонда ол өркениеттіліктің, озықтықтың, зиялылықтың шыңынан бір-ақ шығады. Осыншама тайыздыққа күлеміз бе, әлде жылаймыз ба? Егер мұндай жандар өркениеттілік, озықтық, зиялылықтың тек адамшылықтан ғана бастау алатынын білсе, және ана тілі мен туған халқына астамси қараудың адамшылыққа жатпайтынын түсінсе, онда олар нағыз өркениеттілікке, озықтыққа, зиялылыққа әлдеқайда жақындай түскен болар еді. Жалпы, тілінің мәртебесін өсіретін де өшіретін де адамның өзі. Өзіне-өзі сенімді, ісі де мығым, жігерлі жан қандай қарапайым тілге болмасын өзгелер құрметпен қарап, қызығушылық танытатын ерекше бір тартымдылық береді. Ал, керісінше, еңселері түсіп, іштей мүжілген талай ұлттардың шұрайлы да әуезді тілдері қолданыстан қалып өлі тілдерге айналуда. Олай болса, адамның өзін іштей қомсынып, төменшіктеуіне ана тілін кіналы санауы орынсыз. Әрбір өзін-өзі құрметтеп, еңсесін тік ұстайтын адам өз тілін де абыроймен алып жүріп, оның да мерейін үстем ете алады. Одан оның адамдық бітім-болмысы айшықтанып, абыройы арта түспесе, ешқандай да кемімейді. Тілдер бір-бірінен қолданыс ау­қымының кеңдігімен, сөздік қо­рының молдығымен, тілге оралым­ды­лығымен және әуезділігімен де ерекшеленеді. Сондықтан да адамдарда өзге тілдерге деген қажеттілік, немесе қызығушылық туындап, оларды үйренуге деген құлшыныс пайда болады. Ол құлшыныс оларды өрге жетелейді. Өйткені, әрбір жаңа тіл адамға жаңа өріс ашып, тың таным, етене жақындық силайды. Сондықтанда тіл үйренуден ешкім де ұтпаса ұтылмайды. Бірақ, өз елінде, өзінің ана тілін білмей жүріп өзге тілдерді үйренуге ден қойып жүрген қандастарымыз да бар. Бұл олардың пайданың ғана соңында жүргендігін көрсетеді. Жалпы, қажеті жоқ деп ана тілінен бас тартып, пайдалы деп өзге тілді үйренетін адамнан көп жақсылық күту қиын. Өйткені, бүгін мынау пайдалы болса, ертең анау мол табыс әкелуі мүмкін. Сонда осындай пайданың соңына түсіп өзі ардақтауға тиісті нәрселерінен оп –оңай бас тарта беретін адам ненің қадірін біліп, кімге опа таптырар дейсің. Өз тілін үйренгеннен көрі басқа екі-үш тілді үйреніп алуға дайын мұндай қандастарымыздың өздерін ұлт ретінде силамаушылықтары таңғалдырады. Және, олардың ана тілдерін үйренгеннен көрі оны жойғанды жөн көретін өз тіліне деген жеккөрініштері қорқытады. Егер адамның ана тілін, жалпы, өзінің ұлттық болмысын жеккөруі оның өзін-өзі жеккөретіндігін айғақтайтыны рас болса, онда бізге өзімізді өзіміз осыншалықты қатты жеккөруге бола ма? Халқын менсінбейтін адам қашанда өзге тілді үйрену арқылы өз халқынан биіктеп, сол биіктен өз халқын тұқыртуға тырысады. Сол тіл арқылы ол өз халқынан алшақтап, сол тіл арқылы ана тілін тұншықтырып, оны жоюға атсалысады. Ал, өз халқын бағалайтын адам қанша тіл үйренсе де оларды халқының игілігіне пайдаланады. Өзге тілді үйрену арқылы ол сол халықтың жеткен биігін игеріп, сол биікке өз халқын да көтеруді армандайды. Өзге тілді үйрену арқылы сол халықтың жетістіктерін меңгеріп, оларды өз халқының игілігіне жаратуға тырысады. Өзге тілді үйрену арқылы сол халықтың жоғары құндылықтарын бойына сіңіре отырып өз халқын да рухани байытуға ұмтылады. Сол тіл арқылы ол өзі де табыстарға жетеді, әрі халқына да пайда әкеліп, еліне қызмет етеді. Жалпы, өзінің тілінен, сол арқылы өзінің қанынан оңай бас тартуы ол адамның ішкі берік өзегі жоқ табансыз екенін көрсетеді. Ал, мұндай табансыздықтың түп-төркінін көп құдайға табынушылықтан іздеген жөн. Өйткені, жағдайға қарай құбылып, пайдасына қарай құлдық ұрып әр пұтқа бір сиынатын имансыз жанда берік өзек қалыптасуы мүмкін емес. Тек бір Алланы ғана мойындап, бір Аллаға ғана құлшылық ететін жанда ғана болаттай берік ішкі өзек қалыптасады. Осы ішкі өзек адамға қандай жағдайда да өзіндік бітім-болмысын сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай адам өзінің ұлттық болмысына да адал бола біледі. Бұл пікірге дәлел ретінде еліміздегі аз санды мұсылман халықтарын алуға болады. Олардың бәрі де кеңес үкіметі кезіндегі халықтарды судай сапырған орыстандыру саясатына бой бермей өз тілдері мен дәстүрлерін сақтап қалды. Және, қазіргі өз тілдері мен дәстүрлерін жаңғыртуға берілген мүмкіндікті мейлінше пайдаланып ұлт ретінде тығыз топтасуда. Өйткені, олар қашанда діндеріне берік болды, және осы беріктік оларды ұлт ретінде аман сақтап қалды. Шын мәнінде, Аллаға деген берік сенім ғана адамға өзіне деген берік сенімділік беріп, оның табанын бекітеді. Мұндай Раббысына адал, дініне берік жанның барлық тыныс-тіршілігінен де адалдық көрініс тауып отырады. Мұндай жанның ана тіліне деген адалдығы да оның ішкі адалдығының табиғи бір қырына айналады. Мұндай жандары көп қоғамда біздегідей тіл мәселесі күн тәртібіне қойылып, сол үшін дау-даңғаза көтеріліп, үсті-үстіне қосымша заңдар қабылданып жатпайды. Олай болса, бізге дін мәселесін айналып өтіп тіл мәселесін де түпкілікті шешу мүмкін емес екендігін түсіну қажет. Ғалым Бақыткерейұлы