Сириялыққа тұрмысқа шыққан қазақ қызы: Тек қана қазақ жігітіне үйленіңдер
2016 ж. 07 қараша
7480
1
Жүрегіне әмір жүргізе алмаған қазақ қыздарының бірі Ақбантик Рахмун бүгінде Сирияның Дамаск қаласында тұрады. Ол сол елдің азаматына тұрмысқа шыққан деп жазады zamana.kz.
– Мен 1971-жылы Өзбекстанның Ташкент қаласында дүниеге келгенмін. Негізі әкем Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданынан. Ташкентте білім алып жүргендерінде мен дүниеге келгенмін ғой. Ал атымды әкем қойған. Ол кісі жас кезінде әнді жақсы айтатын. Шәмшінің «Ақбантик» әнін тамылжыта орындағанда жұрттың бәрі таңдай қағып отырушы еді. Менің есімімді сол әннің құрметіне қойыпты.
Студенттік шақта қазіргі жолдасым Хуссаммен таныстым. Содан екеуміздің таныстығымыз махаббатқа ұласып, көп ұзамай шаңырақ көтердік. Міне, биыл жетінші жылдан асты, Сирия елінде, Дамаск қаласында тұрып жатырмыз. Аллаға шүкір, үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Үлкенім Ахмадтың жасы 18-де, екіншіміз Мухаммад 13-те, кенжетайымыз Яхия 6 жаста.
– Өзіңіз таңдаған сала бойынша еңбек етіп жүрсіз бе?
– Әрине. Жолдасым да медицина саласының маманы. Мен акушер-гинекологпын, ал ол кісінің мамандығы – кардиолог. Қазір Дамаскіде өзіміздің жеке клиникамыз жұмыс істейді, соны басқарып жүрген жайымыз бар.
– Өткенге көз жүгіртейікші. Өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығатыныңызды ата-анаңыз қалай қабылдады?
– Ешқандай қарсылық білдірмеді. Хуссам ең алдымен әкеммен Алматыда танысты. Екеуі біраз әңгімелесті, мен ұнатқан жігіттің қандай адам екенін жан-жақты білді. Содан кейін барып Хуссам Түлкібасқа құда түсіп барды. Осылайша біз шаңырақ көтердік.
– Жасыратыны жоқ, қазір жұрт Сирия десе үрейлене қарайды. «Сирияға кеткен қазақтар» деген сөз де құлаққа түрпідей тиеді. Осы ретте айтыңызшы, жалпы, Сирия деген қандай ел? Ол жақтағы жағдай қалай?
– Сирия жылдың төрт мезгілінде де көкөніспен қамтамасыз етілген, халқы жеңіл өнеркәсіппен айналысатын, орта және жоғары білімі тегін, медицина сапасы да аса жоғары деңгейдегі ел еді. Әттең, соңғы жылдары болып жатқан соғыс айтарлықтай кері әсерін тигізді. Дегенмен біз тұратын Дамаск қаласында қазір тыныш.
Анау айтқандай соғыс апатын көрген жоқ. Дамаск қаласы ашық аспан астындағы мұражай сияқты. Бұл жерде Бейбарыс сұлтанның, Әл-Фараби бабамыздың, Мұхаммед пайғамбарымыздың балаларының, оның сахабаларының кесенелері бар.
Сирия соғысқа дейін бағалары ең арзан мемлекеттердің қатарында болған. Мұнайдың бағасы да едәуір төмен болғандықтан көрші Ливан, Иордания елінің азаматтары бензин, тамақ, киім-кешек алып кетуші еді. Ал қазір өндіріс ошақтары тоқтаған. Барлық зат он есеге дейін қымбаттады.
Бірақ халқы өте еңбекқор, соғыс болып жатқанына қарамастан өзге елдің адамдары сияқты өмір сүруге талпынып жатыр. Мектеп, аурухана сияқты мемлекетке қарасты мекемелерде жалақы уақтылы төленеді. Тіпті жаудың қолына өткен жерлердегі аурухана қызметкерлеріне де айлық берілуде.
Халқы жөнінде айтар болсам, қыздардың бәрі орамал тартады, дінді қатты ұстанады. Мұнда отбасындағы көп мәселені әйелдер шешеді. Әйелдерге еркіндік берілген. Бұл жерде араб ұлтының тамақтарын пісіре алмаған әйелдерді онша сыйламайды. Алғаш көшіп келгенде екі жыл енеміздің қолында тұрдық. Сонда жүріп енемнен көп нәрсе үйреніп алдық. Әдеттері сол, үйдегі асхана әйелдердің «визиттік карточкасы» іспетті. Қартайса да тамақты өздері пісіреді.
– Дамаскіде қазақтар бар ма, өзара араласасыздар ма?
– Өкінішке қарай, мұнда қазақтар жоқ.
– Ал үйде қай тілде сөйлесесіздер? Жалпы, елге жиі келіп тұрасыз ба?
– Екі тілде де еркін сөйлеймін. Күйеуіммен араб тілінде, ал ұлдарыммен қазақ тілінде әңгімелесеміз. Ал Қазақстанға жылына бір мәрте барып тұрамыз. Таяу уақытта елге барып, демалып қайтсам деп жоспарлап отырмын.
– Жалпы, бізде өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығуды аса құптамайды ғой. Осы ретте сіз сіңлілеріңізге қандай кеңес берер едіңіз?
– Тағдыр пешенеме осындай өмірді жазған шығар. Дегенмен оған еш өкінбеймін. Бірақ сіңлілеріме тек қазақтың жігіттеріне тұрмысқа шығыңдар деп айтар едім. Себебі өзге ұлт адамына, өзге елге сіңісіп кету оңай емес. Басқа елде басыңды тік көтеріп жүру үшін шыдамдылық, амал-айла керек. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөз текке айтылмаған. Осыны ұмытпаңдар!