Ел мүддесі бәрінен биік тұрады
2016 ж. 01 қараша
3056
0
Депутат – халықтың өкілі, олардың өкілетті биліктегі үні десе де болады. Біз халық қалаулысы деген құзырды иеленген күннен бастап, ең алдымен елдік мүддені бәрінен биік қоюға тырысамыз. Себебі, халық дегенің – мемлекет, бұл екі ұғымды бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды.
Біздің бір данышпан атамыз өзінің даналық сөзінде: «Билік дегенің – айбалтаның басы, ал, халық оның сабы. Егер сабын мықтап ұстамасаң, оның жүзі абайсызда біреуді жаралап кетуі мүмкін» деген екен.
Шынында, биліктің салиқалы саясат жүргізуі халықтың мүддесіне орайластырылуы керек дейтініміз де содан болса керек. Мәслихат – өкілетті биліктің бір тармағы ретінде мемлекет пен халықтың арасындағы дәнекері қызметін де атқарады. Сондықтан біз өзімізге жүктелген міндеттерді адал атқаруға тырысамыз.
Мен алтыншы шақырылымдағы Көкшетау қалалық мәслихатына депутат болып сайланғалы бері қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстарына да атсалыса бастадым. Жаңа шақырылым бастау алғалы өткен бес ай ішінде үш сессия өткізілді. Тұрақты комиссиялардың он мәжілісінің басқосуы болды.
Әрине, алғашқы сессияда ұйымдық мәселелер күн тәртібіне қойылды. Мен әлеуметтік-экономикалық даму, экология, коммуналдық сала және көркейту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияға мүше болып сайландым. Бұл бүгінгі ең маңызды мәселелерді қарайтын сала екенін де айтар едім. Тұрғындарды толғандыратын жайлар да осы салаларға байланысты туындайтыны анық. Мысалы, әлеуметтік жүйеде де шешімін таппаған мәселелер баршылық. Тіршілік қаракеті алға озған сайын қарапайым адамдардың толғағы көп толғаныстарының да қылаң беретіні еш жасырын емес. Атқарушы және өкілетті билік бұл көкейтесті мәселелерді бірлесе отырып шешкенде ғана істің нәтижесі болады.
Атап айтсақ, облыс орталығының экологиялық және коммуналдық бағыттағы мәселелері өз шешімін тауып жатқан жайы бар. Біздің қала республикадағы ең таза өңірлердің бірі екенін білеміз. Соған қарамастан туған қаламыздың бет-бейнесін жақсарту бағытында аз жұмыс істеліп жатқан жоқ. Күн санап бой түзеген биік үйлер мен ғимараттар осының айқын мысалы іспеттес. Өзім басқаратын құрылыс фирмасының қала сәулетіне үлес қосып жатқанын ауыз толтырып айта аламын.
Әрине, мәслихат сессияларында қаралатын негізгі мәселелерге келсек, негізінен қала бюджетіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу басты назарда ұсталады. Мұның да өзіндік себептері бар. Қазіргі жаһандық қаржы дағдарысы біздің елімізге де әсерін тигізбей қалмады. Бірақ, біз қаржы дағдарысын желеу етіп, бюджеттің әлеуметтік сипатын кейінге ысырып қойған емеспіз. Жаңағы сессияларда қаралатын бюджет мәселесінде тұрғындарды әлеуметтік қорғау, жұмыссыздықты жою және тағы басқа міндеттер күн тәртібіне жиі қойылады. Мысалы, Көкшетау қалалық мәслихатының 2015 жылдың 24-желтоқсанындағы №С-44/3 «2016-2018 жылдарға арналған қала бюджеті туралы» шешіміне өзгерту енгізу жөнінде мәселе екі рет депутаттар талқысына түсті.
Одан кейін тұрғындардың жекелеген санатына әлеуметтік көмек көрсетудің мөлшерін анықтау жөнінде ережені бекіту, аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй жәрдемақысын берудің көлемін белгілеу және тағы басқа келелі мәселелер кеңінен қаралды.
Сонымен бірге, Көкшетау қаласы әкімінің есебін бекіту жөнінде арнайы басқосу өтті. Онда қала әкімі Ермек Маржықпаевтың облыс орталығын осы жылдың алғашқы жарты жылдығында дамытудың міндеттері жөнінде есебі ұсынылған еді. Депутаттар бұл есепті баяндаманы тыңдай келіп, оған бірауыздан қолдау білдірді. Қала әкімдігімен қолға алынған жақсы жұмыстар тілге тиек етілді. Бюджет қаражатының аздығына қарамастан қаншама игі істер жүзеге асып жатқанын да атап көрсетуге болады.
Депутаттың негізгі жұмысы – өздеріне берілетін сайлаушылар сұрауларын қанағаттандыру бағытындағы шаралар арқылы да көрініс табады. Қалалық мәслихаттың депутаттарына ағымдағы кезеңде келіп түскен сұраулар бойынша хаттар тиісті құзырлы органдарға жолданды. Сөйтіп, 62 депутаттық сұраудың басым бөлігі оңтайлы шешімін тапты.
Ал, халықты толғандырған «Нұрлы көш» және «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» қатысушыларымен тұрғын үйді жалға алу келісім-шарттарын жасасу бойынша жүргізілетін жұмыстарды қадағалау мақсатында екі уақытша комиссиялар құрылды.
Міне, осының бәрі мәслихат депуттарының өз сайлаушылары алдындағы міндеттерін мінсіз орындауға деген талпыныстарын жақсы қырынан көрсететіні анық. Алдағы уақытта да біз осы арнадағы жұмыстарымызды жалғастыратын боламыз. Бұл ретте жергілікті атқарушы билікпен қоян-қолтық жұмыс істеп, ел мүддесі жолында бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.
Биыл біздер үшін ерекше тағылымды жыл болғалы тұр. Азаттығымызды алып, көк байрағымызды асқақтатқанымызға ширек ғасыр толғалы отыр. Осы арада Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бір даналық сөзін келтіргім келеді. Ол тәуелсіздік жайлы бір сөзінде: «Қаз тұрып, қадам басқан Тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, Қазақстанымыз айшылық жерді алты-ақ аттаған алып секілді, дәуір жалынан мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді» деген болатын.
Ендеше, ұлы мұраттарға қол созған тәуелсіздігіміз баянды болу үшін оған басшымыз да, қосшымыз да белсене үлес қосуымыз керек. Бұл ретте депутаттар қауымы да өздеріне берілген міндеттерді адал атқарып, қазақ елінің биік белестерден көрінуіне жан-тәнімен атсалысады деп айта аламын.
Ғалымжан Көпішев,
Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты, «К.Г.С.СаудА» құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры
qazaquni.kz