СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР
2016 ж. 26 қазан
2769
0
Тіршілік нәрі – ауыз су проблемасы Үкіметтің кезекті отырысында талқыланып, премьер-министр Бақытжан Сағынтаев «Ақбұлақ» бағдарламасының орындалу барысында бірқатар кемшіліктер кеткенін айтты. Мемлекет салған су жүйелері мен мұнараларын бақылайтын, басқаратын орталықтың жоқтығы қолдағы бар жүйені тиімді пайдалануға кедергі болып отырғандығы да атап көрсетілді.
Ордалы отырыста сондай-ақ, ескірген құбырларды жөндеуге, қалпында сақтауға қажетті қаржыны жергілікті әкімдіктер де бөлуі тиіс деген ұсыныстар да айтылды. Ол үшін тариф бағасын реттеу мен қордаланған қарызды жинау керек. Ұлттық экономика министріне осылай сын айтқан Бақытжан Сағынтаев қарыз жинап жүрген әкімдерге де ескерту жасады. Естеріңізде болар, Семей әкімі суға берешегі барларға өзі қоңырау шалса, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары жылу үшін төленбеген қарызды борышкерлерді аралап жинай бастаған. Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев аймақтардағы су арналарын жеке меншік әріптестікке беру керек немесе бірыңғай операторға топтастыру қажет деді. Бұл министрдің ойынша облыс орталықтары мен қалаларды сумен қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Жалпы «Ақ бұлақ» бағдарламасы іске асырылған 2011-15 жылдары қаланың 87 пайызы, ауылдың 51,5 пайызы орталық су жүйесіне қосылған. Орталық су жүйесімен қамту қалаларда – 82, ауылдарда – 11 пайызға ұлғайған. Осы мақсатқа бюджеттен 397 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Сонымен қатар, халықаралық қаржы ұйымдарынан 18 млрд. теңгедей ақша тартылған. Ал жоспарды орындау үшін әлі 2 триллион теңгедей қаражат керек. Қуандық Бишімбаевтың айтуынша сумен қамту саласының жалпы инвестициялық қажеттілігі 1,97 трлн. теңгеден асады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттегі қаржы жетіспейді. Тарифтердің өсуін ескере отырып, қалалық, елді мекендердегі су арналарын қаржыландыру бойынша бюджетке түсетін жүктемені төмендету орынды. Ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау мәселесін шешу үшін, мемлекеттік жеке меншік әріптестік қатынасын енгізу ұсынылды. Қуандық Бишімбаев ауылдағы су арналарын «Қазсушар» мекемесінің бірыңғай басқаруына беруді ұсынды. Елді мекендердегі шағын су арналарын біріктіру арқылы, оларды ірілендіру керектігін алға тартты. Ал «Қазақстан даму банкі» сумен қамту бағдарламаларын қаржыландыруға дайын екендерін айтты. – Біз сумен жабдықтау жобаларын мемлекеттік жеке меншік әріптестігі арқылы қаржыландыра аламыз. Сумен қамту саласында кепілдендірілген қаржы болады. Сондықтан ондай жобаларды инвестициялау туралы шешім қабылданды, – деді «Қазақстан даму банкі» АҚ төрағасы Болат Жәмішев, Ауыз су айналасындағы әңгіме уақыт өткен сайын жиі айтылып, бүкіл жер жүзі бойынша өткір мәселеге айналып келеді. Тіршілік нәрінің тапшылығын әлемнің көптеген мемлекеттері анық сезініп отыр. Суды тура мағынасында қомақты қаржыға, былайша айтқанда алтынға сатып алып жатқан елдер де аз емес. Ондай мемлекеттер үшін су мәселесі мұнайдың мұңынан да ауыр болып отырғаны белгілі. Әлемдік деңгейдегі білікті ғалымдардың айтуынша жылдар өте келе ауыз су мәселесін шешу қиындай бермек. Ал, өз еліміздегі мамандардың айтуынша тіршілік нәріне біз тым ысырапшылдық танытып келеміз. Суды тым тиімсіз пайланамыз. Алтынмен бағаланатын ауыз суды техникалық бағытқа жұмсап, қадірін білмей отырмыз. Мысалы, көлік жуу, түрлі өндіріс ошақтарында ол шамадан тыс мөлшерде жұмсалады. Мұндай көзқарас тіршілік нәрінің қымбаттауына әкеліп соғады. Оған қоса сумен қамтамасыз ету жүйесін қолына алған жекеменшік компаниялар қызметі үшін алатын ақыны аспандатып жіберген. Олар ешқандай құбырларды ауыстырып жатқан жоқ. Бұл мақсатқа барлық қаржы мемлекет тарапынан бөлініп келеді. Олай болса жекеменшік кәсіпорындар бағаны не үшін көтереді? Олар халыққа аса қажет қызмет көрсетуді емес, тек қана пайда табуды ғана көздейді дейді біздің тұрғындарымыз. «Судың да сұрауы бар» деп қазақ атамыз көрегендікпен айтқандай, алдағы уақытта тіршілік нәріне қатысты бізге де жаңа көзқарас қалыптастырып, жаңа талаптар қоюға тура келетін түрі бар. Бұл жолғы Үкімет отырысы осыны анық аңғартты.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz