Индустриялық өркендеу – ел дамуының негізі
2016 ж. 26 қазан
1805
0
Бұдан біраз бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагинді қабылдап, өңірдің индустриалдық-инновациялық даму көрсеткіштері жөнінде есебін алған еді. Сол жолы өңір басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайынан ақпарат бере келе, алғашқы жарты жылдықта өнеркәсіп саласындағы жеке индекстік көлем 106,5 пайызды құрап, республикада алғашқы орынға шыққанын қуана жеткізді.
Ол индустрияландыру картасы бойынша 62 жоба іске асырылып, 6 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылғанын және жыл аяғына дейін тағы 20 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын да атап көрсетті.
Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығында жаңа технологиялар мен инновацияларға негізделген өнеркәсіп өндірісіне ерекше басымдық беріледі. Осы екінші бесжылдық барысында Ақмола облысында Индустрияландыру картасы бойынша құны 500 миллиард теңгені құрайтын 41 жобаны жүзеге асыру көзделеді. Оның барысында 7,5 мың жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Бұл кәсіпорындардың 80 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі өндіріс орындары болып табылады.
Биыл Астана қаласындағы Индустрияландыру күні аясында өткен көрмеде «Степногорск» Еуропалық подшипник корпорациясы» кәсіпорнының жаңа өнімі – көп қырлы сфералық подшипниктері ұсынылған еді. Елбасы бұл өнімдерді көріп, жақсы бағасын берген болатын.
Бүгінгі біздің әңгімеміз Арқа өңіріне ғана емес, елімізге де кеңінен танылған іргелі кәсіпорын – «Степногорск подшипник зауыты» акционерлік қоғамы жайлы болмақ. 1976 жылы зауыт конвейерінде алғашқы подшипник өнімі шықса, содан бергі қырық жыл ішінде бұл кәсіпорын ТМД елдеріндегі теңдесі жоқ өндіріс орнына айналды. Мұнда қазір тәулігіне мыңдаған дана дайын өнім тұтынушыларға жол тартады.
Жаңа нарық заманына лайықтап сапалы өнім шығаруға бет бұрып отыр. Атап айтсақ, тепловоздар мен электровоздардың электр қозғалтқыштарының белдеу жүктеріне арналған подшипниктердің орнына кассеталық түрін жасауға кірісті. Кешегі кеңес елдері ішінде ең алғашқылардың бірі болып вагон өндірісіне қажет пластмассалы айналдырғышы бар білікті қорап подшипниктер шығаруды қолға алды.
Зауыттың бас директоры Анатолий Томиловтың айтуынша, өткен жылдан бастап бұл кәсіпорын «Степногорск» Еуропалық подшипник корпорациясы» деп аталады. Бұрындары теміржол көліктеріне өнім шығарып келгендіктен, бұл саладан сұраныстың азаюы аяққа оралғы болғанын да жасырмайды. Сөйтіп, 2014 жылдың қараша айынан бастап, «ЕНК-Мәскеу» акционерлік қоғамы шығаратын барлық өнімдерді осында көшіруге бағытталған 496 миллион теңгенің инвестициялық жобасын жүзеге асыру бастау алды. Бұл қосымша жүз жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал, аталған кәсіпорында бұл күндері екі мыңға жуық адам еңбек етеді.
– Қазір аталған мәскеулік зауыттың құрал-жабдықтарын орнату және қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бірақ, бұл біздің өндірістің ырғағы бұзылды дегенді білдірмесе керек. Бүгінде сатылған өнім былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге артық екенін атап өтуге болады. Ал, бұған Американың «Бренко» компаниясының сұранысы бойынша мамыр айынан бастап подшипниктің ішкі сақинасын жасауға кіріскенімізді де айтар едік. Атап айтсам, қазан айына дейін 53 мың соғылмасын өндірдік. Алда бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет етіледі. Сондықтан жыл аяғына дейін ұсталық қалыптау цехына тағы екі топ ашу көзделеді, – дейді кәсіпорын басшысы Анатолий Томилов.
Ал, «Timken» компаниясы 2018 жылға дейін өзінің өндірістік ғимаратын салады деп күтіліп отыр. Бұл жоба іске қосылса, жылына 150 мың подшипник өндіруге мүмкіндік туады. Бұдан жылына 50 миллион АҚШ доллары көлемінде табыс табуға болады.
Шетелік компаниялар ғана емес, өз елімізде де Степногорскіде шығаратын өнімдерге сұраныс күн санап артып келеді. Зауыт та заман ағымына қарай жаңа өнім түрлерін көптеп шығаруға барынша назар аударып отыр. Әзірге барлық сұранысты бірден қамтамасыз ету мүмкін емес. Жаңа инвестициялық жоба қолға алынғалы бері шығарған өнімдер қоймада қалып көрген емес. Енді аз уақыттан кейін мұнда өнімнің жаңа түрін шығару еселене түспек. Оған зауыттың да толық мүмкіндігі бар.
Анатолий Томилов соңғы қаржы дағдарысына орай туындаған қиындықтардан сүрінбей шыққандарына тәубе етеді. Мемлекетіміздегі жаңа инновациялық жобалардың қолға алынуы өз кезегінде бұл кәсіпорынның да екінші тынысын ашты.
Анатолий Томиловтың өзі бұл зауытта кездейсоқ адам емес. Бар ғұмыры осында өтіп келеді десе де болады. Зауыт тізгінін ұстағанына да биыл отыз жыл толады екен. Ол туған кәсіпорнындағы жағдайдың оңалып келе жатқанын мақтанышпен ауызға алды. Айына 10-12 мың дана сфералық подшипниктер шығару үшін жұмысты төрт ауысымда істеуге тура келетінін де айтып қалды. Бұл қосымша жұмыс күші қажет деген сөз.
Кәсіпорын бұл күндері мамандардың жетіспеушілігіне қарамастан жұмыс қарқынын түсірмеуге тырысады. Бірақ бұл өздері тапқан жаңа жол емес, бүкіл әлем ертеректе еңсерген соны соқпақ саналады. Көп адам жұмыс істейтін шығыны көп станоктардан арылып, жоғары өнімді автоматтандырылған жаңа жабдықтарға көшу болып табылады. Мәскеуден арнайы әкелінген құрал-жабдықтар бұл тығырықтан шығуға көмектесетінін анық.
Технологиялық процестерді басқаруға адам факторын барынша азайтуға мүмкіндік беретін зауыттағы снаноктардың 90 пайызы микропроцессорлық басқаруға көшірілді. Мәселен, инструменталдық өндірістегі бірнеше ескі станоктарды сандық қадағалау арқылы басқарылатын бір ғана «HAAS» қондырғысымен ауыстырылды. Бұл адам ресурсын да үнемдеп, уақыт пен оның сапалық жағынан жоғары өнімділікке қол жеткізуге болатынын көрсетіп отыр.
Бұл өндіріс цехына ондаған ескі үлгідегі станоктар қажет болатын. Қазір олардың орнын бір жаңа станок алмастырды. Мәселе, станоктардың жаңа үлгісіне көшіріп, санын қысқартуда да емес, ең бастысы, өнімнің дәлдік негізде жасалып, сапасы да әлдеқайда жоғары болуында дер едік.
Сонымен бірге, Бас директор бұл жерде ешқандай жұмыс күшін қысқарту туралы мәселе қозғалмайтынын қадап айтты. Әсіресе, білікті мамандар кәсіпорынның негізгі жұмыс күші болып қала береді. Жаңа станоктардың орнатылуына орай одан босаған жұмысшылар басқа өндірістік нысандарға жіберіледі. Соған қарамастан кәсіпорын қазірдің өзінде жүзге тарта жұмыс күшінің жетіспеушілігін сезініп отыр.
Шынында да, мұнда реттеуші, ұста-қалып құюшы, жонушы мамандар жетіспейді. Соңғы жылдары мұнда болашақ мамандарды басымдық негізде дуалді оқыту жүйесі іске қосылған еді. Жоғары технологиялық кәсіпорынға тар көлемді маман дайындау маңызды да болып табылады. Бұл ретте Степногорск қаласындағы №2 индустриалдық-техникалық колледжбен әріптес ретінде тығыз байланыс орнатқан. Колледж шәкірттері зауытта іс-тәжірибеден өтіп, оларға арнайы тәлімгерлер бекітіледі. Осының бәрі іргелі кәсіпорынның болашақтағы жүрер жолы еңселі екенін аңғартса керек.
Зауыт осындай қиындықтарға қарамастан тамыз айындағы көрсеткішке үңілсек, жоғары өндірістік өнімділікке қол жеткізгенін аңғарамыз. Мысалы, бір ауысымда 41 мың дана вагондарға арналған подшипниктердің сыртқы сақиналары шығарылды. Ал, айлық норма 24-25 мың дана болатын.
1992 жылы аталған зауыт подшипниктің бар-жоғы бес түрін ғана шығарса, бүгінде өнім түрі екі жүзден асып жығылады. Бұл кәсіпорынның қаржылық әлеуетінің де жақсаруына мол ықпал етеді. 2014 жылы 8,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, 2015 жылы сфералық подшипниктің 58 мың данасы жасалып, шығарылды.
Осының бәрі зауытты мемлекеттің инновациялық қаржылай қолдауының арқасында жүзеге асып отыр. Мысалы, Халықаралық маркетинг орталығының сауалнамалары мен зерттеулері нәтижесіне сәйкес «Степногорск подшипник зауыты» акционерлік қоғамы Сапалықтың Алмаз Жұлдызымен, 1996 жылы East Development Foundation Inc бекіткен «GOLD GLOB» халықаралық жүлдесі марапатталды.
Міне, отандық экономиканы алға сүйреген іргелі кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Бұл нарық заманына әбден икемделген кәсіпорын ғана емес, еңсесін биіктете түскен өнеркәсіп саласының көшбасшыларының бірі. Сондықтан, ол қандай қиындыққа болсын қасқайып қарсы тұра алатынын атап айтсақ дейміз.
Бақыт Смағұл,
Ақмола облысы
qazaquni.kz