Н. Ермекбаев: сәләфизм идеологиясын насихаттаушылардың жолын жабамыз
2016 ж. 20 қазан
1892
0
Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде таяуда өткен брифингте Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың дін саласындағы уәкілетті органның негізгі ұстанымдары мен мемлекеттің дін саласындағы саясатының басым бағыттары туралы айтқан ойларына қатысты Астана қаласындағы «Шейх Кунта қажы» мешітінің найб имамы Сәбит Ережепов Қамшы порталына пікір білдірді.
Саясиланған дін мәселесін мемлекет шешеді
Біз дін саласында жүргендіктен, жуырда құрылған министрліктің әрбір мінберде айтылған тұжырым-пікірлерін назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. 14 қазанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев баяндама жасап, сәләфизмге қатысты да пікірлерін ортаға салған болатын. Санада мынадай ақжолтай пікірі қалды: «Біздің ары қарайғы жұмысымыз сәләфизм идеологиясын насихаттайтын әдебиеттер мен интернет-сайттардың таралуына жол бермеуге бағытталады». Әрине бұған дейін осы бағыттағы жұмыстар жасалмады демейміз. Десе де олардың арасында кейбір сайттар ұлттық дәстүрді, спортты және тағы басқа да ұлтқа қажетті дүниелерді насихаттап отырған түр танытып, өз идеологияларын астыртын жүзеге асыра берді. Қақпанын қар астына құрған мұндай интернет ресурстарды қатаң бақылау керек. Олар қаржы көзін қайдан алып отыр? Бас «идеологтары» кім? Анықтасақ... Біз, әуелі, түрі қазақ, тіні «кәззәп» сәләфилік ақпараттық экспанцияның зардаптарын жоюымыз керек, таралу жолдарына тосқауыл қоюға тиіспіз. Осындай өткір сұрақтар тұр алдымызда...
Дін тақырыбын терең зерттеген ғұламалардың дені «әр нәрсенің ақиқаты – сол объективтің орта тұсында деп жататыны бар. Біздің қоғам дін саласында осындай бел ортаға келген секілді. Ел тәуелсіздік алған жылдардан бері біз зайырлы мемлекет болуға басымдық бердік. Бірақ қоғамды демократиялық әрі мәдениетті жолмен дамытатын мұндай тамаша мүмкіндікті пиғылы зымияндықпен жымдасқан ағымдар да өз пайдасына асырып бақты. Көптеген жыл «бас ауруымызға» айналып келді. Бұл діни дау-дамай да емес, ғылыми тартыс та емес. Ислам тарихында мұндай рухани қайшылықтар бұған дейін болған. Ол жасырын емес. Халифаттар арасында, әулеттер арасында да болды. Олар ғалымдардың алдында шешімін тауып, бітісіп отырды. Әрі пікір жаңарып, рухани түлеу пайда болды. Ал бүгінгі әлемдегі жайт, соның ішінде Қазақстандағы жағдай одан гөрі саясиланған мәселе деп ойлаймыз, сондықтан да бұл мәселені мемлекеттің қолға алуы – құптарлық жағдай.
Түйін. Сайып келгенде, еліміздегі діни ахуалдың қаншалықты деңгейде ушыққанын, не қалыпқа түскенін бағамдап отырған дінтанушылар ең бастысы жаңа ведомствоның құрылғанына қуанышты екенін білдірсе, оның түпкі астарында ел ішін бүліншілікке алып келетін мәселелердің алдын алуға ықпалды саясаттың орнайтынынан үмітті. «Екі қолдың сесі барын» бір мақсатқа жұмылғанда ғана аңғаруға болар...