ҚАЗАҚ НЕГЕ ПАРАҚОР?
2016 ж. 17 қазан
2448
0
«Алаған қолым береген». Қазақ тауып айтқан дейміз-ау! Бірақ, сол «алу» мен «беруге» құмартқан халықтың болашағы не болмақ? Құдай қолдап, кішкентайлы боласыз делік. Перзентхананың есігін аша сала дәрігерлерге көк қағаздың құлағын көрсетуге тиіссіз. Балаңыз балабақшаға барса да, мектепте оқыса да, университетке түссе де, қала берді жұмысқа орналасса да, қызметінен жоғарыласа да пара беру – парызыңыз. Ол парызды қаза қылуға дәрменіңіз жоқ. Көшеде ала таяқ ұстаған жолсақшысының өзі ақшаның көлеңкесін көрсе болды, заңыңызды дәп бір өзінің жеті атасы жазғандай аттап өте барады. Беруші, қалтасының түбін қағушы – халық. Ал, алушы кім? Мемлекеттік қызметкер! Демек, біздің «алаған қолымыз береген» емес, «береген қолым береген»... болып барады.
Пара һәм ашық сауда... Қазіргі қазақ қоғамына қарасаңыз дәп бір базарда жүргендей сезінесіз. Шынын айту керек, тәуелсіздің алғанға дейін «пара» деген аса бір жантүршіктіретін жаман сөз емес-тұғын. Жалпы түркі халықтарына ортақ бұл сөзге «ақша» ұғымы синоним бола алады. Бірақ, заман өзгерді. Заман өзгерген соң ұғым да басқа сипатқа ие болды. Кезінде қазақ болыс болып, шен алу үшін пара беруші еді... Енді өмір сүру үшін пара ұсынатын індетке шалдықты. Дұрысы мемлекеттік органдардан өзіне қажетті ақпаратты алу, өзіне тиісті қызметті пайдалану үшін қаржы шығындауға міндетті. Бәлки, жабайы капитализмді кінәлармыз. Сол жабайы капитализм біздің мемлекеттік органдарды базарға айналдырып жіберді. Мемлекет әр баланы тегін оқытуға міндетті. Сөйте тұра ұстаздар қауымы пара дәметеді. Мемлекет бәрімізге тегін медициналық жәрдем көрсетуге тиісті. Сөйте тұра Гипократтың шәкірттері қалта қалыңдатудың жолдарын тауып алған. Тіпті, қазір кез-келген мемқызметкер әр қойған қолын, мемлекеттік сатып алуларды, шыққан шешімдерін сатудан арланбайды. Осындайда «парақорлық дегеніміз дәстүрге айналып бара жатқан жоқ па?» деген сұрақ көкейге келіп тіреледі.
Парамен ұсталсаң, парамен құтыласың...
Саясат деген «ағаш атты» ерттеп мінгендердің, яғни мемлекеттік қызметкерлердің қолы мен ары қайткен күнде таза болмақ? Қайткен күнде мемлекеттік қызметкер еліміздің айнасына айналады?. Дәл бүгінгі «беттүзер» айнамызға қарасаңыз, жаныңыз түршігеді. Мәселен, өткен жылы қаржы полициясы (сол кездегі) органдары айналдырған жарты жылдың ішінде 1 800-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысын анықтапты. Аталмыш қылмыс өткен жылдармен салыстырғанда 2,2 пайызға артыпты-мыс. Солардың ішіндегі 1 650 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Бұл ресми дерек. Ал, бейресми деректер не дейді?. Оны екшеп жатқан ешкім жоқ. Бірақ, көп айтыла бермейтін «бір анық» бар. Пара алудың «акулалары» өзге теңізге еш бөгетсіз өтіп кетеді де, май табаға шабақтар шыжғырылады. Тіпті, шортандар парамен ұсталып, парамен құтылатыны жайлы да жиі естиміз. Мұндай фактілер көбейген сайын құзырлы органдардың тізгінін ұстаған шенділер мен шекпенділердің ар-ұятын оятып, мәдениетін қалыптастыруды жедел қолға алу керектігі байқалады.
Қазанға қақпақ керек...
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Шенділерді итке балаудан аулақпыз. Десе де, олар мемлекет қазанының қақпағын ұстап отырғандықтан, халық алдындағы бар жауапкершілікті сезінуі керек. Бізде осы жауапкершілік мәселесі кемшін түсіп отыр. Халықтың өз мемлекетіне, өз мемлекеттік қызметкеріне деген сеніміне селкеу түсермеу үшін шенділерді тек қылмыстық жауапкершілікке тарту аз. Шынын айту керек, осыған дейін парамен ұсталған қаншама шенеунік істі болды. Десе де, қылмыстық жауапкершілік шенділерге түпкілікті сабақ бола алмады. Олар, керісінше, «екі қарап бір шоқитын» қарғаның сақтығын жасауды үйреніп алды. Сондықтан да, насихат жұмыстарын жандандыру мәселесін қолға алғанымыз жөн. Яғни сыбайлас жемқорлықтың барар жері темір тор екенін түсіндіру арқылы тезге салғанымыз дұрыс.
Ашаршылық көрген халық парақор болады
Қазақ мәрт халық. Үйіне келген қонақтан бұйымтай сұрайды. Астына ат мінгізеді. Шапан жабады. Біреумен құда болса, киіт кигізеді. Қалыңмал алады. Осы «алыс» пен «берістің» астарында парақорлық жатқан жоқ па? Әрине, салт-дәстүрді мансұқтаудан аулақпыз. Тек біз сый мен сияпаттың арасын парақорлықтан ажыратқанымыз жөн секілді. Мысалы, мемлекеттік қызметкердің «сыйақы» сұрауы бүгін ғана туындаған мәселе емес. Қазақы параның түп-тамыры сонау патшалық үкіметтің тұсынан басталады. Мысалы, бабаларымыздың аулынай немесе аға сұлтан болуы үшін отар-отар қой айдап, сайлау сайын шығындалғаны жайлы деректер жетерлік. Бірақ, ол кезде ешкім де «биені бүгімен, түйені түгімен» жұтқан жоқ. Бір қызығы қазіргі қазақ қоғамындағы парақорлықтың дендеуін кейбір психологтар ашаршылықпен байланыстырғысы келеді. Ашаршылық пен жоқшылықты көп көрген елдің азаматының көзі ешқашанда байлыққа тоймайды-мыс.
Түйін
Атақты француз философы Шарль Луи Монтескье: «Көптеген ғасырлар тәжірибесі көрсеткендей, қолында билігі бар адам, қылмыс жасауға бейім тұрады және де тиісті шекке жетпейінше, сол бағытта әрекет жасай береді» деген екен. Әрине, бұдан құтылар бір ғана жол бар. Егер де демократиялық құндылықтар орнығып, бар билік халықтың қолына көшсе, жемқорлық та өздігінен жойылады. Біз осы жолға түсуге тиіспіз.
Қанат Бірлікұлы
Abai.kz