Кәсіп таңдауға емес, кәсіби таңдауға назар аудару керек

0
1000

Жоғары техникалық мектеп – жаңа заманға сай оқу орны. Мұнда студенттер тек қана ағылшын тілінде білім алатындықтан әлемдік деңгейдеге сапа стандартына сәйкес маман болып шығады. Әлемдік деңгейдегі алғашқы кәсіптік білім ордасы «АРЕС Petrotechnic жоғары техникалық мектебі» деген атау иеленген. Бізге жуырда осы мектептің директоры Ермек Күзенбаевқа жолығып, арнайы сұхбаттасуға мүмкіндік туған еді.

– Білуімізше, бұл оқу орны Канадамен әріптестік орнатып, тығыз қарым-қатынас жасап жатыр екен. Әріптестік шеңберінде қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?

– Елімізде мұнай-газ саласында көптеген шетелдік, отандық компаниялар жұмыс істейтіні белгілі. Солар бізге отандық кадрлардың талапқа сай болмайтындығы себепті мамандарды шетелдерден әкелуге мәжбүр болатындықтарын алға тартатын. Тіпті жергілікті жас мамандарды жұмысқа алғанның өзінде қайтадан оқытуларына тура келетін. Оған компанияның ақшасы жұмсалғанымен, айналып келгенде ол да еліміздің экономикасының ақшасы. Сонда біз бір адамды екі қайтара оқытып шығындаламыз. Осылардың бәрін ескере отырып Елбасымыз елімізде әлемдік стандарттарға сай техникалық және кәсіптік білім беретін мектептер ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырма негізінде 2013 жылы мектебіміз өз студенттерін қабылдады. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі колледжер желісін құру туралы тапсырмасының арқасында 2013 жылы ашылған мұнай-газ саласына кәсіби маман даярлаушы «Кәсіпқор» холдингіне қарасты «APEC Petrotechnic» (АПЕК Петротехник) жоғары техникалық мектебі бүгінде халықаралық деңгейде білім беретін оқу ордасына айналып үлгерді. Оқу ордасы, жаңа өзіңіз айтып өткендей, мұнай-газ саласы мамандарын дайындау бағытындағы әлемдегі ең үздік оқу орындарының бірі – Канаданың Оңтүстік Альберта Технологиялар институтымен тығыз әріптестік қатынас орнатты. Өйткені 100 жылдық тарихы бар «SAIT Polytechnic»-тің түлектерінің білімі мен біліктілік деңгейі 98 пайызға бағаланады және жыл сайын институт бітіретін түлектерінің 95 пайызы бірден өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Осындай көрсеткішімен оқу бағдарламасындағы жетістіктеріне сәйкес таңдау Канаданың озық білім ордасына жасалды.

– Сонда оқу орнында негізінен канадалықтар сабақ бере ме? Өзіміздің отандық кадрларды да білім беру ісіне тартатын шығарсыздар?

– Дәл қазіргі уақытта бізде Канададан келген 21 нұсқаушы сабақ береді. Оларға жергілікті екі мұғалімнен бекітілген. – Әлемдік деңгейді басты мақсат етіп алғандықтан біздегі оқытушы құрам канадалық білікті мамандардан құралды. Шетелде арнайы біліктіліктен өткен жергілікті мұғалімдер де бар. Бірінші үш мамандық бойынша 300 оқушы қабылдадық. Оның біріншісі кен орнын пайдалану, екіншісі мұнай мен газды өндіру технологиясы және үшіншісі бақылау-өлшеу приборлары мен автоматтандыру технологиясы мамандары. Алдағы уақытта мұнайды химиялық өңдеу, бұрғылау технологиясы, бақылау-өлшеу құралдарының инжинирингі сияқты тағы үш мамандық ашылатын болады. Өзіміздің мұғалімдер әзірге тағылымдамадан өтушілер болып саналады. Олар өздерінің мамандықтары бойынша өзінің оқу жоспарын, оқу-әдістемелік құралдарын жасайды. Бұған қоса, Канадаға барып біліктілік курстарынан өтіп келді. Мұнда келгенде де біліктілік курстарынан өтіп отырады. Осылайша тағылымдамадан өту бағдарламасынан өткеннен кейін барып мұғалім мәртебесіне ие болады. Бүгінде жергілікті 8 мұғалім осы мәртебені иеленіп, өз беттерімен шетелдік инструкторларсыз сабақ беріп жатыр. Жалпы, осылайша екі-үш жыл көлемінде шетелдік мұғалімдерді толық жергілікті мамандармен алмастырамыз деген жоспарымыз бар. Шетелдік нұсқаушылар қасындағы жергілікті екі тағылымдамадан өтуші әрі кетсе үш жыл көлемінде барлық тағылымдамадан өтіп, шетелдіктердің деңгейіне көтерілуі тиіс.

– Жалпы әлемдік білім кеңістігі, халықаралық білім стандарттары, кәсіби бәсекелестік туралы соңғы кездері жиі айтатын болдық. Бұл өзі бос қиял ма, әлде қол жетерлік меже ме, өз пікіріңізді білсек деп едік.

– Бізде студенттер тек қана ағылшын тілінде білім алады. Өйткені, мұнай-газ саласында негізінен қолданылатын тіл – ағылшын тілі. Сенімді серіктестік пен өзара әріптестік байланыстың арқасында біздің отандық ұстаздар да халықаралық білім беру жүйесін игеру үстінде. Мысалы, 2014-2015 жылдар аралығында Қазақстандық 18 ұстаз Канадаға барып шетелдің озық білім беру әдістерін түбегейлі меңгеріп келді. Олардың барлығы қазір сабақты тек ағылшын тілінде жүргізеді. Бұл жоба кезең-кезеңімен жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Болашақта отандық ұстаздар қауымы шетелдік әріптестерін түпкілікті алмастырып, халықаралық деңгейдегі білім беру бағдарламасын өздері оқытатын болады. Ұстаз лекциясы ғана емес жоғары

техникалық мектептегі теориялық білім беру жүйесі тікелей мұнай-газ кеніштеріндегі іс-тәжірибемен ұштастырылады. Бұл мақсатта жергілікті және шетелдік біріккен мұнай-газ компаниялары арасында келісімшарт жасалған. Студенттер теориялық білімнен бөлек, кен алаңындағы өндіріс басында вахталық әдіспен жұмыс істеп өз мамандығының қыр-сырын меңгеруге толық мүмкіндік алған. Мысалы, еліміздегі іргелі кәсіпорындардың бірі 5,5 мың жұмысшысы бар «Ембімұнайгаз» АҚ болашақ мұнай-газ саласының мамандарына инвестиция салуда. Яғни үздік студенттерге арнайы грант бөліп оқу ақысын төлеп, аз қамтылған отбасылардан шыққан, сабақты тек 5-ке оқитын студенттерге шәкіртақы төлеу және өндірістік тәжірибеден өткізу бағдарламаларын жүзеге асырып отыр.

– Кәсіптік-техникалық мамандарды даярлау ісіне белсене қатысып, мемлекетті қажет маманмен қамтамасыз етуге үлес қоса бастаған колледждің ашылғанынан үш жыл болады, биылғы жылы колледждеріңізде қандай жаңалықтар бар?

– Ел өркендеуіне үлес қосу – әрбір азаматтың борышы десек, ерінбей еңбек ету де әрқайсымыз үшін маңызды. Бүгінгі жаһандану дәуірінде көрші елдер күн санап өркендеудің жаңа сатысына көтеріліп жатқанда, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуді мақсат еткен Қазақстан үшін жан-жағына жалтақтауға да уақыт жоқ. Жаңа техниканың тілін меңгеруге міндеттіміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың 30 қарашасында жариялаған Жолдауында 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасының қолға алынатындығын айтты. Яғни, мемлекет әрбір қазақстандық азаматтың алғашқы техникалық білімді тегін алуын қамтамасыз етеді. «Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді. Біз әлемдік деңгейдегі зияткерлік мектептер мен кәсіптік-техникалық колледждер желісін дамытудамыз» деп мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев айтып өткендей, осы бағытта еңбек етіп келеміз. Ал, жаңалыққа келсек, қазір жоғары техникалық мектепте екі дипломды оқыту жүйесі негізінде білім берілуде. Оқу орнында «Бұрғылау технологиясы», «Мұнай жән газ кен орындарын пайдалану» және «Электрмен қамтамасыз ету» мамандары дайындалып жатыр.

– Яғни, сіздің түлектер жерде қалып жатқан жоқ деңіз. Дегенмен, экономикалық дағдарыс кезеңін жоққа шығара алмаймыз, мысалы, осы жылғы түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші қандай болмақ?

–Жалпы биылғы түлектердің 80 пайызы бірден жұмысқа орналасады. Ал қалған 15-20 пайызы білімдерін ары қарай жалғастырмақ. Жоғары техникалық мектебінің білім беру бағдарламасы жыл сайын жетілдіріліп, мамандық беру аясы да жоспарлы түрде кеңейтіліп отырады. Қазір 800-ден астам студент білім алып жатқан Жоғары техникалық мектеп өз тарихында тұңғыш рет 270 түлегін қанаттандырып, биылғы оқу жылында толыққанды 6 мамандық бойынша бірінші курсқа 300 студент қабылдайтын болады. Сонымен қатар,оқу бағдарламасының аясы кеңейтіліп геология негіздері, барлау-өндіру, мұнай химиясы, мұнай мен газды тереңдете өңдеу салалары толық қамтылады деген жоспар бар. Өйткені, бұған жоғары техникалық мектептің педагогикалық әлеуеті де, материалдық-техникалық базасы да толығымен жетеді. Сонымен бірге, әлемдік деңгейде және халықаралық талаптарға сай маман даярлайтын оқу орталығының озық тәжірибесін өзге де отандық кәсіби-техникалық білім беру ордаларына енгізу ісі бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

– Бүгінгі берілетін білім бәсекелестікке қабілетті болса, ғылым мен тәжірибе өзара ұштаса алса, дәл бүгінгі таңдағы ең озық инновациялық технологияларды енгізе алса, оқу үрдісін жетілдіру мақсатында студенттердің білімін тәжірибеде нақты қолдануына мүмкіндік жасалса ғана – ол білім беруді нәтижелі деп айта аламыз. Бұл тұрғыда не дейсіз?

– Әрине, сұрағыңыз өте орынды. Шынында да оқуды үздік бітіріп халықаралық үлгідегі диплом және сертификат алған жастардың Ұлыбритания мен АҚШ секілді дамыған елдердегіоқу ордаларында да білімін жалғастыруына мүмкіндігі жеткілікті. Ең бастысы болашақта дәл осындай білімі мен біліктілігі жоғары, әмбебап мамандар Қазақ елінде жұмыс істеп жатқан шетелдіктерді ығыстырып отандық үлесті арттыратын болады. Сонымен жоғары техникалық мектептің түлектері әлемнің кез-келген түкпіріндегі мұнай-газ кенішінде жұмыс істеуге де қарым-қабілеті

толық жетеді. Бұл орайда айта кетелік, Мұнай-газ өндіруші компаниялар да жоғары техникалық мектептің озық білім беру тәжірибесі мен студенттердің қабілеттілігіне ден қоя бастаған. Жұмыс берушілер қазірдің өзінде болашақ жас мамандарға таңдау жасай бастады. Өйткені жоғары техникалық мектеп отандық және шетелдік ірі компаниялармен бірлескен әріптестік жобаларды жүзеге асырады. Сонымен бірге оқу ордасы жанынан құрылған тұрақты индустриалдық кеңес мүшелері заманауи білім беру бағдарламасы мен нарық сұранысына сай маман даярлауда үлкен септігін тигізіп отыр. Жоғары техникалық мектепте 10 айлық оқу бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, былтырдың өзінде 150 кәсіби маман тегін оқу курстарын аяқтап, мұнай-газ кәсіпорындарына жұмысқа жолдама алып кетті. Оған қоса өңірдегі кәсіпорындардың мыңға жуық жұмысшысы теориялық білімдерін жетілдіру, қайта даярлау және еңбек қауіпсіздігі техникалары бойынша біліктіліктерін шыңдады. Атап айту қажет, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында Африка құрлығының 20 мемлекетінен келген жас мамандар да Атыраудағы жоғары техникалық мектепте кәсіби білімдерін жетілдірді.

– Әлеуметтік серіктестіктерді нығайту мақсатында қандай базалық мекемелермен тығыз байланыстасыздар?

– Қазіргі уақытта 18 компаниямен келісімшарт жасалған. Атап айтсақ, «Қазмұнайгаз», «ЕмбіМұнайГаз», «Атырау мұнай өндеу зауыты», «Теңізшевройл», «НСиОСи», «Шлюмбер» сияқты ірі компаниялар. Олармен жасалған келісімшарт бойынша студенттеріміз оқу барысында тікелей өндірісте арнайы тәжірибеден өтеді. Сондықтан оларды компанияға жұмысқа алғанда қайыра оқытудың қажеті жоқ. Тіпті, сол компаниялардағы еңбек қауіпсіздігі шарттары да арнайы оқытылатындықтан жұмыс беруші мұндай қысқа мерзімдік оқытуларға да уақытын жоғалтпайды. Бір сөзбен айтқанда, бізден шыққан мамандар өндіріске жүз пайыз дайын күйінде барады. Біздің оқу орнының негізі мақсаты да сол. Ал компаниялар, әлбетте, осындай дайын мамандар болғандықтан ең бірінші кезекте қажетті кадрларды бізден алуға тырысады. Қазіргі уақытта бірқатар компаниялар ақылы өндірістік тәжірибеден өтуге бірнеше студенттерімізді шақырып отыр. Олармен арнайы әңгімелесулер жүргізген болатын. Ақылы деп отырғаным, студенттер өндірісті тәжірибедегі жұмыс күндеріне сай еңбекақы алады. Бірқатарын болашақта жұмысқа тарту жөнінде де келісім жасасу үстінде.

– Сол бірлесіп жұмыс жасап жатқан компаниялар тарапынан демеушіліктер де жасала ма? Болашақта жұмыс табуға септігін тигізе ме?

– Жалпы, біздің оқу орнын бітіргендердің жұмысқа тұру мүмкіндігі анағұрлым жоғары. Енді демеушілік мәселесіне келетін болсақ, «Қазмұнайгаз» және тағы басқа компаниялардың демеушілігімен бізде 10 айлық қысқа оқу курстарын да оқыту жолға қойылған. Мұнда негізінен тұрмысы төмен отбасынан шыққан, көп балалы отбасы, балалар үйінің тәрбиеленушілері, мұнай-газ саласында жұмыс жасайтын династия отбасылардың балалары оқиды. Бүгінде 160 бала қысқа курста мұнай-газ саласына қажетті мамандықтарды меңгеруде. Оны бітіргендерге де түрлі халықаралық стандарттарға сай және мемлекеттік үлгідегі сертификаттар беріледі. Қазақта «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген сөз бар емес пе, сен үшін бүкіл команда төмендеп қалмасын десең, намысыңды жаны. Сондай-ақ бізде студенттердің қоғамдық белсенділігі де жоғары. Студенттік үкімет, парламент, білім министрлігі сияқты лауазымдар бойынша студенттер өз ішінде кәдімгідей қызмет атқарады. Түрлі мәселелерді шешіп отырады, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Студенттердің өздері арнайы құрған клубы бар. Осы клубқа өндірісте ұзақ жыл жұмыс жасап жатқан мамандарды шақырып кездесулер өткізеді, тәжірибелерін үйреніп, әңгімелерін тыңдайды. Мұның бәрі олардың болашақ мықты маман ретінде қалыптасуына айтарлықтай ықпал етері сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңызға жеміс тілейміз!

Сұхбаттасқан Мерей БОЛАТ,

qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз