Маңғыстаудың мұнайшылары аштық жариялады
2016 ж. 05 қазан
2247
0
Маңғыстауда «Бұрғылау» деп аталатын жеке меншік компанияның жүздеген қызметкері бүгін бесінші күн қатарынан жұмысқа шыққан жоқ. Олар өз талаптарын орындата алмай, аштық жариялап жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.
Нұрберген Қошқарбаев есімді мұнайшының айтуынша, бұл жалақы несие жабудан артылмайды екен.
Жұмысқа шығуды қойған жаңаөзендік мұнайшылар компания кеңсесінің алдында отыр. Қойған талаптарымен басшылықтың жуық арада келісе қоймайтынын білсе керек, өздерімен бірге жерге жаятын кілемдерін де ала келген. Наразы жұмысшылардың сұрап отырғаны – жағдай жасау, сондай-ақ, ұлттық компаниялардағыдай жалақы төлеудің бірыңғай жүйесін енгізу.
Бірақ, жекенің меншігіндегі «Бұрғылау» компаниясының оның бәрін орындауға қауқары жетпейді екен. Мұны басшылығы ашық айтып отыр. Әрі бұл мәселенің туындауы – жаздағы жұмыс уақытының қысқаруынан екен. Өйткені, мұнай бағасы арзандаған соң, тапсырыс та азайған. Дегенмен, алыс-берістегі жағдай оңалса, жалақы да көтеріледі деп уәде етуде.
"Бұл жерде жұмысшылар қатты қателесіп отыр. «ЕСIOT» деген ол ұлттық компаниялардың деңгейінде енгізілетін жүйе. Ал біз жекеменшік компаниямыз. Тапсырыстың азаюына байланысты, компаниямыз қиын жағдайда қалды. Алайда, несие алып, айлық төлеп жатырмыз. Бұл тығырықтан шығу үшін тапсырыс берушілерге тарифті көтеру туралы ұсыныс айтпақшымыз", - деп мәлімдеді «Бұрғылау» ЖШС бас директоры Дүйсенбай Таушанов.