Дін істері министрлігі: Орысша уағыз - көп ұлтты елді-мекендердегі жекелеген мешіттерге ғана қатысты
2016 ж. 23 қыркүйек
3392
4
Министр Ермекбаевтың командасы
"Қазақ Үні" порталына ресми жауап берді
"Қазақ Үні" Ұлттық порталында жарияланған "Дін істері министрі мешіттерде уағыз орыс тілінде айтылуы керек деп мәлімдеді" атты мақаласы қоғам ішінде үлкен наразылық тудырып, ел ішінде министрліктің бұл ісіне қарсы пікірлер көп айтылды. Министрдің аталмыш ұсынысы туралы халық қандай пікірде екенін сол мақалаға жазылған комментерден оқып білуге де болатын шығар. Елімізде мемлекеттік тілді ысырып тастап, қыл аяғы мешіт секілді киелі жерде де көрші елдің тілінде сөйлеу туралы бастаманы қазақ халқы қабылдамады. Әсіресе, ана тілі дегенде аянбайтын халықтың ашуын шенеуніктер ұмытпау керек секілді.
Осы орайда порталымызда ақын Қазыбек Исаның "Ермекбаевқа мемлекеттік тіл ермек пе?" атты мақаласы жарық көріп, халықтың көкейдегі тілегін дөп басты.
"Теріс діни ағымдарды тыю үшін қатал заң шығарудың орнына, Ресей тілінде сөйлейік дегеніміз, өзіміз отырғызған ағаштың қалтырап тұрған cоңғы бұтағын кесу ғой! Осы қарапайым қағидаға ауыл адамдарының көзі жеткенде, Астанадағы билік иелерінің көзін шел басып кеткен бе?..
Бұған қоғам қатты қарсылығын көрсетуде. Онсыз да қайран жерім, қайда тілім, қандай дінім деп, зорға шыдап келе жатқан елдің сыздаған жарасы жарылып кетсе, бұған аузына не келсе, соны қойып қалатын, айтып алып, содан соң ойланатын (кейбірі тіпті ойланбайды да) шенеуніктер жауап береді ме? Діни басқармамыз, Бас мүфтиіміз не дейді екен? Жамағаттың иманды сөзін айта ма, жалп етіп, жамырай қостай жөнеле ме, көп кешікпей, оны да естіп қалармыз деп үміттенеміз.
Бұл түрімізбен біз Елбасымыз айтқан Мәңгілік Ел боламыз ба, жоқ, мемлекеттік органдары түгілі мешітінде де өз тілі жоқ Мәңгүрт ел боламыз ба?!.", - деп жазған ақынның сөзін қоғам түгел қолдады.
Еске сала кетейік, Қазақстанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылатыны туралы БАҚ арасында ең алғаш "Қазақ Үні" ұлттық порталы айтқан болатын. Үкімет қаулысы шықпай тұрғанда теріс діни ағымдармен күресетін мемлекеттік органның құрылатынын айтып, көппен бірге қуанып едік. Алайда жоғарыда аталған даулы ұсыныстан кейін біртүрлі ойда қалғанымызды жасырмаймыз. Дінге жауап беретін министрліктің, тілге деген мұндай көзқарасын қалай түсінеміз?
Көп уақыт өтпей, аталмыш министрлік тарапынан ресми жауап келді. "Кімнің аузы қисық екенін" кім білсін, әйтеуір, порталымыздағы даулы мақалалар дінді бақылайтындарға әбден батқан секілді. Тағына отырмай жатып "таяқтың астында қалған" министрдің командасы бізге РЕСМИ ЖАУАП жіберді.
Сонымен, зер салып оқыңыздар:
ТҮСІНІКТЕМЕ
Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті бірқатар БАҚ беттерінде еліміздегі мешіттерде ресми уағыздардан кейін қосымша түрде оның орыс тілінде түсініктемесі айтылуы қажет деген мәселе төңірегінде туындаған талқылауларға қатысты түсіндірме беруді қажет деп есептейді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде өткен экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде жекелеген мешіттерде уағыздардан кейін имамдардың орыс тілін пайдалануы туралы мәселе Министрлік тарапынан емес, осы шараға қатысушылардың бірімен көтерілген болатын. Сәйкесінше, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі аталған іс-шара барысында осы мәселе төңірегінде журналистер тарапынан сұрақтар қойылғаннан соң біршама түсініктеме берген болатын.
Министрлікке исламға қызығушылық танытып жүрген бірқатар діндарлардың мешіт имамдарының уағыздарын толық түсінбейтіні туралы ел азаматтарынан өтініштер түсіп отырады. Өтініштерде сондай діндарлардың осы себепті ислам туралы ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми көздерінен тыс жерлерден, оның ішінде теріс діни ағымдардың ұстанушыларынан алуға мәжбүрлік танытатыны туралы айтылады. Сәйкесінше, өтініш жасаушы азаматтар халықаралық тәжірибені ескере отырып мешіт имамдары ресми уағыздардан кейін қазақ тілін айтарлықтай меңгермеген азаматтар үшін орыс тілінде түсіндірме беруді ұсынады.
Осы ретте, аталған мәселе тұрғындарының құрамы көптеген ұлттардан тұратын елдімекендердегі жекелеген мешіттерге ғана қатысты екендігін айта кетуіміз керек.
Министрлік, өз кезегінде, азаматтардан түсіп отырған кез-келген өтініштерді қарастыруға және оларды талдап отыруға міндетті. Осы орайда Министрлік құзіретіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ішкі мәселелерінің шешімін табу кірмейтінін айта кеткіміз келеді. Сондықтан жоғарыда аталып отырған мәселе бойынша мешіттерге келушілердің пікірлерін ескере отырып шешім қабылдауы тиіс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласуды ұсынамыз.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті еліміздің Конституциясында кепілдік берілген сөз бостандығына құрметпен қарай отырып, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дін тәрізді өткір салада туындап отыратын мәселелер туралы екіұдай ақпарат беруге жол бермеуге және тұрғындарға шынайы ақпаратты дұрыс жеткізуге шақырады.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі
Дін істері комитетінің баспасөз қызметі
Барлық құқық қорғалған. Материалды көшіріп басу үшін міндетті түрде qazaquni.kz порталына гиперсілтеме жасалуы керек.