БІЗ білмейтін ұлы адам

Ғарай САҒЫМБАЙ, Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген экономист, профессор (Соңы, басы өткен сандарда)

Атырау, Қызылорда сияқты жер жағдайы, ауа райы қолайсыз, табиғаты қатал өңірде жұмыс істеу, оны басқару оңай шаруа емес. Басқа облыстармен салыстырғанда, олардың өзіндік өзгешеліктері тағы бар. Кезінде Украинада бірінші хатшы, Мәскеуде — министр, бізде — Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары болған Л.Г. Мельников Атыраудың Жылой, Махамбет аудандарын аралап көріп, обкомның бірінші хатшысы Н. Оңдасыновпен қоштасарда: «Сіз, әрине, мұнда тұратындардан жұмыс талап етесіз, мен болсам осындай жерде тұрғандары үшін бәріне орден берер едім» — дегенін өз құлағыммен естіп едім. Міне, осындай қиыншылығы мол облысты Нұрекең табысты басқара білді, елдің ырысын молайтты, көңіл-күйін жақсартты. Бұл, әшейін, мақтау, мадақтау үшін айтылған сөз емес, сол жылдардағы көрсеткіштерді саралап, салыстырып қараған экономист маманның түйіні. Қазір халқымыздың мақтанышына айналған мол мұнай, табиғи газ қорларын кең көлемді зерттеу және игеру жолында Оңдасыновтың орны бөлек. Мұны сол өңірдің жұртшылығы жақсы біледі, «жаңа қазақтардың» да есінде жүргені абзал. Көздері тірі, атақты мұнайшы Сафи Өтебаев, бұрынғы геология министрі Сәкен Чақабаев, Манғышылақ мұнайын бірінші болып игерген Рақымет Өтесінов, тағы басқалар Нұрекеңнің осы саладағы қажырлы еңбегінің куәгерлері. 1913 жылы — 118 мың, 1940 жылы — 697 мың, 1950 жылы — 1059 мың тонна мұнай өндірген Атырау 1966 жылы — 3105 мың тонна өнім берді. Нұрекең басқарған жылдары мұнай өндіру 3 еседен артық, газ өндіру 6,5 есе (7,4 миллионнан 46,1 миллион текше метрге дейін) өсуі еліміздің табысы мен байлығына Оңдасынов қосқан үлес деп түсінген орынды. Қазақ КСР Ғылым академиясының көшпелі сессиясын Атырауда өткізіп, оған еліміздің тәжірибелі геологтары мен барлаушыларын шакыртып, Ембі мен Маңғыстаудың мұнайы мен газын іздестіруді жедел қарқынмен, кең көлемде жүргізуді ұйымдастырған да сол Нұрекең болатын. Жүздеген жылдар бойы пайдаға аспай, Каспий теңізі жағалауында жатқан ұлу қабыршағын қазып, бүкіл Кеңес Одағының құс өсіретін фабрикаларын жемнің жаңа түрімен қамтамасыз етуі Нұрекең сияқты жаңашыл, үнемі ізденіс үстінде жүретін басшының ойына келіп, назарына ілінуі мүмкін. Талай жол мамандары, инженерлер күнде көріп жүрген, бірақ елемеген, көңіл бөлмеген мұнай мен қиыршық тас араласқан қазбаны (холодный асфальт) тас жолдар салуға пайдалануды бірінші болып үйымдастырған да Оңдасынов еді. Атырау мен Жаманқала аралығына салынған жол жасанды асфальттан төзімді және арзан екенін көрсетті. Қазақстанда бірінші хатшы болып, кейіннен Ульянов облысына ауысқан И.Д. Яковлев әдейі мамандарын жіберіп, бізден қазба алып, тас жолдар салғызғаны белгілі. Маңғыстау түбегі байлықтарын игеруге, мұнай, газ өндіруге, құрылыс материалдарын шығаруға Нұрекең көп күш жұмсады. Ұлутасты кесіп, кірпіш орнына құрылыс салуға пайдалану сол кезде басталған еді. Ақтауда, Атырауда, Алматыда, Оралда ұлутастан салынған немесе ұлутас тақталарымен (плита) көмкерілген пәтер үйлер мен ғимаратгар баршылық. Маңғыстаудың қазба байлықтарын тездетіп игеру үшін темір жол салу қажеттігін айтамын деп бір үлкен жиында Хрущевтан сөз де естіген. Ақыры Хрущевтың дегені болмай, Нұрекеңнің ұсынысы дұрыс болып, темір жол да салынған еді. Нұртас Дәндібайұлы облыста ауыл шаруашылығын өркендету үшін айтарлықтай еңбек етті. 1951-1952 жылдың қысы қарлы және боранды болып, жем-шөбі аз, жылы қоралары жетіспейтін колхоздар түгелдей дерлік малдарынан айырылып қалды. Бір-екі бас малы бар колхоздар да болды. «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады» деген мақал соларға арнап айтылғандай еді. Нұрекең мал басын тездетіп өсіруге, одан алынатын өнімді арттыруға қолынан келгеннің бәрін жасады. Мамандығым экономист болғандықтан, айтқан сөзімді нақтылы цифрлармен дәлелдеп отыратын әдетім бар. 1961 жылдың басында облыста 126 мың ірі қара, 1135 мың қой мен ешкі, 53 мың жылқы, 27 мың түйе, 2 мың шошқа болды. Басқаша айтқанда, Нұрекең басқарған уақытта мал басы 4 еседен артық өсті. Жылына 22 мың тонна ет өндіріліп, 100 мың қаракөл өлтірісі мемлекетке тапсырылатын. Осыншама ет өндіріп, елтірі тапсыру үшін 700 мың ұсақ мал немесе 100 мың ірі қара, және 100 мың қозы сою қажет еді. Осыдан кейін Атырау облысында мал басы қалай күрт өскенін көруге болады. Мұндай қыруар жұмысты іске асыру үшін Нұрекең тек талап қоюмен шектелмей, өзінің республика және одақ көлеміндегі беделін пайдаланып, көптеген қаржы-қаражат, техника, құрал-жаб­дықтар бөлінуін қамтамасыз етті. Ол кісінің басшылар алдында мәселе қою тәсілі мен дәлелдемелері ерекше болатын. Асықпай-саспай, нақтылы анықтама мен дәлел келтіріп, аз сөзбен көп мәселені айтып жеткізетін. Қойған мәселесін естен шығармай, әрдайым орындалуын бақылап, қадағалап жүруші еді. Бізге де соны үйретіп, «артынан қалмаңдар, есіктен қуаласа, терезеден кіріңдер, табалдырығына жатып алыңдар, әйтеуір мәселе шешпей келмендер» деп отыратын. Алматыға, Мәскеуге барарда тиісті қағаздар әзірлеп, қоятын мәселені анықтап, дәлелдерін тексеріп, мықты дайындалатын. Мені үнемі көмекші ретінде бірге алып жүретін. Кейбір бастықтар үлкендерге кірерде, қасына ергендерді кабылдау бөлмесінде қалдырып, басшыға жеке барғанды ұнатады. Ондағы ойлары бастық сынаса, кемшіліктерімді айтса артық куәнің қажеті қанша дегені ғой. Нұрекең өйтпей, үнемі өзімен бірге ала кіріп, мәселе қою, шешу тәсілдерін, сөйлесу жөнін көрсін, үйренсін деп, қамқорлық жасайтын. Бірде «Атырау облысында мал шаруашылығын өркендету шаралары туралы» үкімет қаулысының жобасын әзірлеп бірінші хатшы Д.А. Қонаевқа кірдік. Нұрекенді туған ағасындай қарсы алған Димекең, жобаны қолдап, үкімет төрағасы Жұмабек Тәшеновке телефон соғып, өзінде Оңдасыновтың отырғанын, қаулы алуға комектесуін сұрады. Обалы не керек, Жұмекең де бізді тез қабылдап, қажет деген кісілерін шақырып, 15 күнде қаулы дайын болсын деді. Маған осында қал, министрліктерге барып, қойылған мәселелердің түсіп қалмауын бақыла деп тапсырды. Айтқан уақытта қаулы қабылданды, біраз мәселе шешілді, өкінішке орай, көп ұзамай Тәшенов орнынан түсіп, Оңдасынов зейнеткерлікке шығып, қаулының орындалуын бақылайтын кісі болмай қалды. Бір таң қаларлық жай, Нұре­кеңнен кейінгі 30 жылда (1991 жылға дейін) Атырау облысында мал басы өспеді, керісінше, жыл сайын кеміп, ақыры 1951 жұт жылғы мөлшерге келді. Әрине, обкомның бірінші хатшысы тек өндіріспен және ауыл шаруашылығымен ғана айналысқан екен деген қорытынды тумауы керек. Ол кезде көлемді мөлшерде және қарқынды түрде жаңа өндіріс орындары, түрғын үйлер, оқу-ағарту, мәдениет, сауда-саттық мекемелері салынып, іске қосылды. Маңғыстауда ұлутас кесетін, Атырауда кірпіш шығаратын, сүт өңдейтін, мал соятын, сыра өндіретін кәсіпорындар Нұрекең басшы болғанда дүниеге келіп еді. Әсіресе түрғын үйлер салу қарқыны өте жоғары болды. Мыңдаған отбасылар жаңа пәтер алып, тұрмыс жағдайларын жақсартып еді. Жайық өзенінің жағалауын бекітіп, үйлердің су астына кету қаупін жою үшін жыл сайын бюджеттен тыс 2-3 миллион сом қаржыны Нұрекең республика басшыларынан сұрап алатын. Сол жылдары облыстық драмтеатр, баспахана, кітапхана, өлкелік мұражай, Сарайшықтағы қарттар мен мүгедектер үйі лайықты мекен-жайларға көшірілген болатын. Ел аузында жүрген Нұрекеңнің бір мінезі - ауданға, ауылға, мал отарларына барғанда жас балалармен шүйіркелесіп сөйлесіп, қандай өнер білесің, домбыра тартасың ба, өлең айтасың ба деп тәптіштеп сұрап, домбыра тартқызып, өлең айтқызып мәз болушы еді. Бұл өңір Құрманғазы мен Динаның елі, мұнда талантты жастар бар, соларды іздеп табу керек деп үнемі қайталап айтудан жалықпайтын. Астрахан облысындағы Құрманғазының зиратын таптырып, басына құлпытас қойдырып, сәулетті мазар тұрғызып, ашылу рәсіміне облыстық атқару комитетінің төрағасы Арынғазы Қайсақанов бастаған бір топ мәдениет қызметкерлерін жібергенін қазір біреу біліп, біреу білмейді. Кейіннен қосылған «жолсеріктер» өздері атқарған қызмет етіп көрсетуге де тырысады. Атырауда бірінші халық аспаптары оркестрін құру үшін консерваторияны жаңа бітірген ерлі-зайыпты Құсайыновтарды шақыртып, оларға тұратын үй бөліп, еңбек етулеріне жағдай жасаған да Нұрекең. Жаңа құрылған оркестрге, жас мамандарға көмектес деп, атақты композитор, кейіннен КСРО халық әртісі атағын алған Нұрғиса Тілендиевке қолқа салып, бір ай қызмет жасап кетерінде, оған ағалық алғысын айтып, алтын сағат сыйлап, шығарып салған еді. Орталық көп елей бермейтін, алыстағы облыстың театрының Алматыда 10 күндігін өткізіп, ел өнерімен астана жұртшылығын таныстырып, әртістеріне Құрмет грамоталары, Еңбек сіңірген, біреуіне Халық әртісі атақтары берілуі де Нұрекеңнің қамқорлығы болатын. Нұрекеңнің табиғаты, басқару тәсілі, кадрларды іріктеудегі талабы мен ұстанған принциптері басқалардан өзгеше еді. Ол басшы қызметке қоятын кісіні ағайын-туғаны, жекжаты, тамыр-танысы арасынан іздемей, іскерлік қабілетіне, елмен тіл табыса білуіне, жол-жөннен хабары барлығына қарай іріктейтін. Атыраудың орыстары қазак тілін бізден кем білмейді. Нұрекеңе дейін бірінші хатшы Сейітжан Полымбетов деген азамат болды. Кейін Жергілікті өнеркәсіп министрі, Алматы совнархозының төрағасы, Қазақ КСР Кәсіподағының төрағасы қызметтерін атқарды, руы қыпшақ болатын. Қатар кызметтес болған Константин Прониннен «Костя, сенің руын кім?» деп қалжыңдағанда «Немене, білмейсіндер ме, біз қыпшақпыз ғой» дейтін. Нұрекең хатшы болған соң, әлгіден руын сұрасақ «Осы ру-сұру дегенді қашан қоясыңдар» деп өзімізге дау айтатын болды. Әрине, қалжың сөз болса да, астарында Нұрекең үшін елдің бәрі бірдей, кім қызметті жақсы атқарса сол туыс, жолдас екенін білдіріп тұрғаны түсінікті. Нұрекең іріктеп алған, тәрбиелеген көптеген азаматтар істеріне адал болып, сенімін ақтады, кадрды дұрыс бағалай білетінін дәлелдеді. Солардың бірсыпырасы облыс түгіл, республикаға танымал, мемлекет қайраткерлері дәрежесіне дейін көтерілді. Кейбіреулерінің аттарын атасам, оның сөкеттігі жоқ қой деп ойлаймын. Олар — Сағидолла Құбашев, Саламат Мұқашев, Закаш Камалвденов, Сәкен Чакабаев, Ысқақ Өтеғалиев, Халел Өзбекқалиев, Рақымет Өтесінов, Еркін Әсенов, Болат Өтеғалиев, Елмұрза Ерекенов, Өтеп Балғымбаев, Жанша Танқыбаев, Өтеу Есенов, Қошық Қазиев, Құлшарап Өміршин т. б. Жарты ғасыр мерзім өтті, ұмыт қалған кісілер болса кешірім сұраймын. Атыраулықтар үшін Н. Оңдасынов әрдайым іскер басшы, адамгершілігі мол, жаны мен ары таза, ел сыйлаған азамат болып қала беретіні сөзсіз. Соның дәлелі ретінде каланың орталық көшелерінің бірін Нұртас Оңдасыновтың атымен атағанын айтуға болар еді. Нұрекеңнің туған өлкесі Түркістан жерінде де ол кісіге сый-құрмет көрсетіліп, 90 жасқа толған мерейтойына орай, өмірі мен еңбегіне арналған ғылыми-теориялық конференция өтті, бұрынғы көсемдердің бірінің атындағы ауыл Нұртас ауылы атанды, мектеп алаңына қоладан жасалған мүсіні орнатылды, басына мазар салынды. Өкінішке орай, осындай құрмет Қазақстанды басқарғанда 15 жыл тұрған қаласы — Алматыда көрсетілмей келеді. Туғандарының еңбегімен бұрынғы тұрған пәтеріне кішкентай ескерткіш тақта ілінгені болмаса, қалалық әкім еш нәрсе істемей отыр. Есімдерін ел білмейтін, біз үшін шыбық басын сындырмаған кісілердің атында көше,мекеме, бау-бақ болады да, Ондасыновтың, Шаяхметовтың, Тайбековтың, Бейсебаевтың т.б. аттары аталмайды. Осы Алматыда «кирпичнозаводская» деп аталатын бірнеше көше бар. Ең болмаса соларды осы азаматтардың атымен атауға болады ғой. Оған ешкімнің де өкпесі немесе қарсылығы болмас еді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, отбасының жағдайымен Н. Оңдасынов Мәскеу қаласында тұрды. Нұрекеңнен төменгі қызметте болып, Мәскеуге көшкен Журин, Демиденко, Ливенцов, Морозов, Протазанов, Ерпилов, Степа-нов, Елагин, Мойсеенко, Шеффер, Смирнов, Гребенюкт.б. үкіметтен тегін пәтер алып, қарык, болып жатқанда, Нұрекеңе ондай пәтер тимей, тұрғын үй кооперативіне кіріп, өз ақшасына үй алып тұруға мәжбүр болды. Аз зейнетақыдан көп пәтерақы төлеп, біраз қиыншылық көрді. Сонда да біреуге барып жалынған жоқ, ешкімнің есігін де тоздырмады. Өзіне әрдайым қатаң талап қойып дағдыланған, бір күнін еңбексіз өткізбеген Нұрекең, зейнеткермін деп қол қусырып отырмады, туыстарының, жолдастарының айтқандарына көнбей, ана тілімізді байыту үшін 25 жыл бойы қажырлы және жемісті еңбек етті, үлкен ғылыми жұмыстар жазды. Сөйтіп қайраткерлігіне қоса, тағы бір талантты қырынан көрінді. 1965 жылы түркі халқының «Бұл адам» атты дастанын қазақ тіліне аударды. КСРО үкімет делегациясының құрамында Түрік еліне бара жатқан Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Мәсімхан Бейсебаевқа көрсеткенімде «мынау дұрыс болды, жолда оқырмын» деп алып қалған. Анкарадан телефон соғып, тағы 30 данасын алдырып, сол елдің басшыларына сыйға тартып еді. Бір данасын делегация басшысы А.Н. Косыгин алып, орысша бастырамыз деген уәдесі орындалған жоқ. 1969 жылы көлемі 12 баспа табақ, таралуы 7 мың дана «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі» баспадан шықты. Жасы 65-ке келген Нұрекеңнің бұл бірінші ғылыми енбегі еді. Бізде араб әріптері болмай, баспахана табылмай көп қиыншылықтар кездесті. Қолқа салып, Ташкенттен сұрап алуға тура келді. 1974 жылы көлемі 20 баспа табақ, таралымы 7 мың дана «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі» дүниеге келді. Бұл да қағаз жоқ, қаражат жетпейді деген сылтаулармен баспада 1-2 жыл жатып қалды. Нұрекеңе еріп баспа директоры М. Мамажановқа, Республикалық комитет бастығы Ш. Елеукеновке барып шаруаны бітіре алмаған соң, бір күні сұранып Димекеңе бардым. Ол кісі «шығарыңдар, менен рұқсат» дегеннен кейін, қағаз да, қаржы да табылып, Нұрекеңнің 75 жьлдық мерейтойы қарсаңында баспадан шықты. Қолыма бір данасын алып, Мәскеуге баруға, тойға қатысуға рұқсат сұрап барғанымда, Димекең: «Нұрекеңе сәлем айт, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапаттаймыз, указ газетке шықпайды, себебін өзі біледі, С.Б. Ниязбеков үйіне апарып тапсырады. Ал, мынау тойға менен тарту» деп бір жабулы конвертті қолыма ұстатты. Н.Е. Бабкинге телефон арқылы тапсырма беріп, Нұрекеңнің той дастарқаны мол болсын, соны ұйымдастыр деді. Ол кісіден шығып, үкімет төрағасы Б.Ә. Әшімовке кіріп, Димекеңнің тапсырғандарын айтқанымда, жымиып күліп, менен де бірдеңе дәметіп отырсың ғой деп ол да бір конверт берді. Сөйтіп, артынып-тартынып барғанда өте риза болған Нұрекең, той үстінде мен үшін ағайын-туған әкелген автокөлік пен ат-тоннан Ғарай әкелген 10 дана жақа басылған кітабым қымбат деп ағынан жарылған еді. Оқушы қауым екі еңбекті де жылы қабылдады. «Қазақ әдебиеті» газеті «тілдің өзара байланысы, әсері нәтижесінде туындап, өркендеп жататын құбылыстарын зерттеген зерделі еңбек дүниеге келді. Нұртас Оңдасынов осы мақсатта жақсы, жемісті іс тындырыпты. Бұл елеулі еңбек» деп (1975 жыл, 28 наурыз) жазған болатын. 1975 жылы қазан айының 3-ші күні «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген тақырыппен көлемді ғылыми-зерттеу мақаласы «Қазақ әдебиетінде» басылды. Тоталитарлық, жүйе дәуірінде, ешкімнен тайсалмай, орыс және шет елдер сөздерімен ана тілімізді ластамау, орынсыз қолданбау, тілімізде бар баламаларды пайдалану туралы өз пікірін ашық айтқан болатын. Сол мақалада Нұрекең ұсынған көп жаңа сөздер: қалашық, перзентхана, бөбекхана, баж, бажхана, көшетхана, нарықхана, танап, тілекнама, шипахана, әскерхана, саяжай, жағажай, т. б. қазір тілімізде қолданыла бастады. «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігін» қайта өңдеп, толықтырып, екі том етіп баспаға ұсынды. Оның бірінші томы 1984 жылы, екіншісі — 1989 жылы жарық көрді. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы болып табылатын «Егемен Қазақстан» газеті Н.Оңдасыновтың тіл саласындағы ғылыми еңбектерін жоғары бағалап, былай деп жазған еді: «көп болып қолға алғанда бітетін осынау қыруар жұмысты не хатшысы, не лаборанты жоқ, зейнеткер қарттың отбасында отырып, бір өзі бітіріп тастағаны біреу сеніп, біреу сенбейтін жағдай. Аңыз-әңгімелерде алыптардың тас талқандап, тау қопаратын ерлігімен салыстыруға болатын мұндай қиындығы қияметтей үлкен істі елім деп еңіреген, туған халқының қамын жеген азамат қана атқара алуы мүмкін. Сол үшін Нұрекеңнің аруағы алдында бас иіп, тағзым етсе болады» (1992 жыл,1-ші желтоқсан). Екі туып бір қалғаны болмаса да, Нұрекең үшін үнемі жарғақ құлағы жастыққа тимей жүретін журналист Гүлсім Оразалиева қарындасымыз 1992 жылы Оңдасыновтың көзі тірісінде жарық көрмеген «Араб текті қазақ есімдері» атты еңбегін бастырып шығарды. 1998 жылы қолжазбаларын жинап, өңдеп, тағы бір кітабын — «Шығыс халықтарының мақал-мәтелдері» деген атпен баспадан шығарған да осы Гүлсім еді. Нұрекең кездескен сайын «мен баяғының ас ішіп, аяқ босатар шалы емеспін, бір күн емес, бір сағат қарап отыра білмейтін пендемін. Тас көтеріп, тау қопарып жатырмын демеймін, келемі 10 томдай еңбек жаздым. Біразы басылды, басылмағаны да аз емес. Атақ үшін, ақша үшін істеп жатқаным жоқ, қайтсем елімнің керегіне жарамды, кейінгілерге әлдебір пайдасы тиетін мирас қалдырсам деп тірнектенемін» деуші еді. Тіл білімі саласында зерттеу жұмыстарымен айналысуына басқа түгіл, ғылым докторы, профессор, үлкен ұлы Ескендір де қарсы болып, сенбеушілік білдірген болатын. Әкесінің еңбектері жарық көргеннен кейін, 70 жылдық мерейтойында, көпшілік алдында «мен қателесіппін, Сізден кешірім сұраймын» деген жүрек жарды сөзін айтқан еді. Мен осыны жазып отырған себебім, бөліп берері жоқ, басқаның болғанын көре алмайтын кейбір ағайын әлі күнге дейін Нұрекең тіл маманы емес, арабша, парсышаны қайдан біледі, қалай жазады деген күдіктен айырыла алмай жүр. Кітаптарын оқымай, топшылап күдік айту, сенімсіздік білдіру неге қажет болып жүргенін түсіну қиын. Ана тіліміздің атақты білгірлері, академиктер Әбдуәли Қайдаровтың, Ісмет Кеңесбаевтың, Ғайнетдин Мұсабаевтың ол кісінің еңбектеріне берген жоғары бағаларына неге құлақ аспаймыз? Нұрекенді тек мемлекет қайраткері және тіл маманы деп қарасақ, аздау болар еді. Ол дүниежүзі және қазақ әдебиетін жақсы білетін, көп оқыған әдебиетші, сыншы және аудармашы болатын, қоғамдық пікір қалыптастыратын ғылым саңлақтары қатарына жататын. Соның дәлелі ретінде қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, жүріс-тұрысы, нанымдары мен сенімдері, ырымдары мен тыйымдары туралы кітаптарында жария болған мақалаларында айтқан терең ойлары мен соны пікірлерін айтуға болар еді. Біздің өткеніміз бен болашағымызды үнемі ойлап жүретін Нұрекең: «Орта ғасырларда шығыс ойшылдары мен ақындары, ғалымдары мен саяхатшылары араб алфавитімен дүниежүзілік маңызы бар қаншама құнды шығармалар жазды. Олардың ішінде әлемге әйгілі Әбунасыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағүни, Махмүд Қашғари, Әбурайхан Бируни тағы басқалар. Тіпті алысқа сілтемей-ақ, өзіміздің халықты алатын болсақ, ол ұзақ уақыт араб алфавитін пайдаланып келді... Сондықтан да арабтың тілін оқып-үйренудің жаттығы жоқ. Бұған машықтанған адам араб әрпімен жазылған шығыстың алуан түрлі әдеби бұлағынан сусындап, құмардан шығар еді», — деп жазған болатын. Ол жылдары Шығыс әдебиетіне, оның авторларына діншіл, молдашыл, кертартпа деген айдар тағылып, алдына тосқауыл қойылатын. Осындай сыңаржақ, қисынсыз пікірлерден сескенбей, ойын ашық айту, қағаз бетіне түсіру оңай шаруа болмайтын. Нұрекең солақай саясатқа қарсы пікір айтудың жаңа жолын тапты, цензуралық бақылаудан айтарын бұздырмай, сол қалпында алып шыға білді. Түсіндірме сөздіктерінде салыстырмалы әдіс қолданып, Шығыс әдебиеті мен қазақ әдебиетінің тамыры терең байланыстары бар екенін көпшілік назарына нақтылы мысалдармен жеткізе білді. 1989 жылы «Зерде» журналының 4-ші санында басылған «Президент» атты мақаласында Қазақстанның тұңғыш академиктері, әсіресе Қаныш Имантайүлы Сәтбаев туралы көркем әдебиет тілімен, үлкен құрмет және сүйіспеншілік сезіммен айтқандары үнемі ел қамын жеген ой иесінің сөздері.