Бұл түрімізбен біз Мәңгілік Ел боламыз ба, Мәңгүрт ел боламыз ба?!.
"Әндіжанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы" - деген мақал еріксіз есіме түсіп кетті. Су жаңа Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың "мешіттерде уағыз орыс тілінде айтылуы керек" деген мәлімдемесін оқығанда, бұдан басқа ой келуі де қиын-ау... Иә, Тәуелсіздігіне ширек ғасыр - 25 жыл толып отырған Қазақстанның министрі Ресейдің мемлекеттік тілінде сөйлеп тұрып, мешіттерде де уағыз Ресейдің мемлекеттік тілінде өтуі керек деп соқса, қайта жынданып кетпей, аман қалғаныңа құдайға мың да бір шүкіршілік айтып, сол мешітке барып екі рәкат намаз оқып, орысша уағыз тыңдап келу керек шығар...
Бұрын қазақ нанын жеп жүрген қазақ министрі қазақ парламентінің алдында қасқайып тұрып: "Миымды ауыстырмасаңдар, қазақ тілін қақпаймын"- деп мәлімдегенін (МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕГЕНДЕР ҚАЛАЙ МИНИСТР БОЛАДЫ?..
http://www.qazaquni.kz/?p=7602 ) көргенде де, өлмеген қазақ мешіттерде орыс тілінде уағыз айту керек дегенде де, өлмей аман қалды... Ол кезде, интернет пен Фейсбук болмап еді, енді бүгін әлеуметтік желіде әлеумет теңселіп тұр... Мешіт туралы да мешеу ойлауға болады екен-ау-ә!..
Кеше ғана қасиетті әулиелеріміз, хандарымыз бен билеріміз жатқан киелі Түркістанға зиярат етуге барып тұрып, зиянын тигізіп кете жаздаған вице-премьеріміз "Әзірет Сұлтан кесенесінде неге орыс тілінде жазылмаған" деп айды аспанға шығарса, бүгін Дін министрі "мешіттерде неге орыс тілінде уағыз айтылмайды" деп, енді жекешеленбей қалған жалғыз дүние - адамның наным-сенімі мен иманына да құзырларын жүргізгісі келіп жатса, білім министрі " жаратылыстану білімін алуға қазақ тілінің керегі жоқ, дүниенің тарихын орысша оқимыз" -деп сұңқылдаса, не істеу керек? "Қазақстанда бәрі де бола береді" деген мәтелге айналып кеткен қанатты сөздің босқа айтылмағанына куә боласыз.
Дін министрі бола салысымен тіл жанжалын тудырған су жаңа министрдің түсінігін тыңдап көріңіздер:
"Себебі мешіттерге жастар көптеп келуде, үлкен кісілер де бар, ауылда тұратындар да бар. Олардың ішінде имамдардың қазақ тілінде оқитын уағыздарын түсінбейтіндер де бар. Қала жастары ғана емес, ауылдан келген жастар да бар. Ал дін тілі және тұрмыстық тіл бұл - екі бөлек мәселе. Сонда қазақша түсінбейтіндер қайда барады? Олардың дінге деген қызығушылығы бар, бірақ мешітте айтылатын мәселелерді түсінбегеннен кейін деструктивті ағымдардың жетегінде кету қаупі бар. "
Сонда Ермекбаевқа мемлекеттік тіл ермек болғаны ма? Осындай түсініктегі адам министр болса, онда біз қайда бара жатырмыз? Ширек ғасыр бойы мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді түсінбейді деп, Ресей тілінде іс қағаздарын жүргізіп келе жатсақ, 25 жыл бойы Үкімет пен парламент, мемлекеттік органдар Ресей тілінде сөйлеп келе жатса, енді "25 жыл бойы мешітке келгендер қазақ тіліне түсінбейді" -деп, уағызды да Ресей тілінде өткізетін болсақ, онда Тәуелсіздіктің 25 жылын қай бетімізбен, былқ етпей тойламақпыз?
Сонда 25 жыл бойы біздің мемлекет, біздің билік не істеген ? Ресей тілінде жүргізген іс қағаздарына кеткен қыруар қаржы шығындары мен мемлекеттік тілді дамытуға кеткен миллиардтардың шығыны кімнің мойнында? Қазақ Үкіметінің немесе Парламенттің , не кез келген мемлекеттік органдар жиындарын телеарнадан көргенде астына титрдағы жазуларына және сөйлеп тұрғандардың рәпаттарына қарамасаң, Астанада емес, Ресейдің бір губерниясында өтіп жатыр деп еш күмәнсіз ойлай бересің... "Мемлекеттік тілді түсінбейді"-деп, шетел тілінде сөйлей беретін болсақ, онда не үшін Тәуелсіз мемлекет болып жүрміз? Ата заңымыз бен тіл туралы басқа заңдарымыздағы мемлекеттік тіл туралы баптар елді алдай салу үшін жазылып қойған ба сонда? Мемлекеттік тіліміздің қазіргі іләкәр ахуалына қарасаңыз, тек осылай ойлауға тура келеді...
Қай мемлекетте "Біздің мемлекеттік тілімізді түсінбейді?"-деп, өзге тілде имам дайындап, өзге тілде уағыз айтқанды көріп едіңіз, министр мырза? Бұндай ой Тәуелсіз елдің министрінде емес, құлдық саналы еріксіз бейшара елде ғана болады! "Әлемнің бар елін араладым. Бірақ Қазақстан секілді өз тілінде сөйлемейтін бейшара елді көргенім жоқ" деген шетелдік саяхатшы енді біздің су жаңа министрдің суы шылқылдап кеткен су жаңа ұсынысын естісе не болады?
Сондағы "
деструктивті ағымдардың жетегінде кетіп қалады"-деген Дін министрінің қаупі, сәлафиттерден қауіп еткені өте дұрыс, бірақ ол үшін мемлекеттік тілді шектеу дегенің - біздің жол салу үшін көпірді бұзып тастайтын немесе керісінше істейтін жол жөндеушілердің зиянкес тірлігі сияқты... Діни жат ағымдардан қауіптенсеңіз, мыңдаған ел зиялылары Елбасыға дейін Ашық хат жазып жатыр , жат ағымдарға тыйым салатын заң жасаңыз. Дінге жауап беретін министрсіз ғой! Тілге жауап беретін министр болмағаныңызға құдайға мың да бір шүкір... Теріс діни ағымдарды тыю үшін қатал заң шығарудың орнына, Ресей тілінде сөйлейік дегеніміз, өзіміз отырған ағаштың қалтырап тұрған cоңғы бұтағын кесу ғой! Осы қарапайым қағидаға ауыл адамдарының көзі жеткенде, Астанадағы билік иелерінің көзін шел басып кеткен бе?..
Бұған қоғам қатты қарсылығын көрсетуде. Онсыз да қайран жерім, қайда тілім, қандай дінім деп, зорға шыдап келе жатқан елдің сыздаған жарасы жарылып кетсе, бұған аузына не келсе, соны қойып қалатын, айтып алып, содан соң ойланатын (кейбірі тіпті ойланбайды да) шенеуніктер жауап береді ме? Жалпы намазхан қауым не айтады? Діни басқармамыз, Бас мүфтиіміз не дейді екен? Жамағаттың иманды сөзін айта ма, жалп етіп, жамырай қостай жөнеле ме, көп кешікпей, оны да естіп қалармыз деп үміттенеміз.
Бұл түрімізбен біз Елбасымыз айтқан Мәңгілік Ел боламыз ба, жоқ, мемлекеттік органдары түгілі мешітінде де өз тілі жоқ Мәңгүрт ел боламыз ба?!.
Қазыбек ИСА,
"Қазақ үні" газеті