Ізбайыров салафизмді ақтап алғысы келе ме?!.

image

Ақтөбедегі терактіден соң ел ішінде діни экстремизм мәселесі қызу талқыланатын тақырыпқа айналды. Дінтанушылар мен өзге де сарапшылар, діни басқарма мамандары терроримзге апаратын себептерді іздестіріп, қауіпті идеологияларға қалқан боларлық ұсыныстарды ортаға тастады. Артынша Алматыда да қайталанған терактіні Мемлекет басшысы, ҰҚК жетекшісі салафизм ағымына қатысы бар радикалдардың әрекеті деп бағалады. Бұл туралы Қамшы хабарлайды.

Алайда, қоғамда бұл ағымға қатысты пікір екіге жарылып отыр. Бір топ әлемнің әр түкпірінде, әсіресе, араб елдерінің есін алған лаңкестердің негізгі идеологиясы саналатын уаххабизм мен салафизмге заңмен тыйым салып, аталған ағымның үгіт материалдарының таралуына қарсы нақты тетіктер енгізу қажет десе, енді біреулер, салафизмге тыйым салу – адамдардың наным-сенім бостандығын шектеу, конституциялық құқықтарына қол сұғу деп байбалам салуда. Сенім сергелдеңіне қатысты пікір білдіріп айтысқан сарапшылар ақпарат алаңында «соғыс» жүргізіп жатыр десе де болады. Салафизмге тыйым салуды жақтайтын тарап жат ағымды жақтаушылардың әрекетін қоғам назарын басқа жаққа аудару, қате қоғамдық пікір қалыптастыруға, елді адастыруға талпыныс деп те бағалауда.

Мәселен, Ақтөбедегі «Аңсар» консультативтік-сауықтыру орталығының директоры Асқар Сабдин 2011 жылдан бері түрлі діни оқиғалардың ортасында жүргенін, 30-дан астам конференцияларға қатысқанын, солардың барлығында салафизмді бұрмалап түсіндіру талпыныстарына тап болғанын, ондай процестерге тіпті бизнес-элита өкілдері, сарапшылар мен шенеуніктер, ғылыми, шығармашылық интеллигенция өкілдері де жұмылдырылатынын айтады.

«Әрбір кезекті конференция салафизм табиғатының қалыптылығы мен радикалдылығы туралы пікір-таластарға ұласып кететін. Салафизм идеологиясын және мемлекеттік органдардың оларды ақтауға тырысатынын ашық сынағандар түгелдей ақпараттық алаңда, танымал сайттарда дискредитацияға ұшырап келді. Салафиттік «экспертократия» оларды шииттер, хабашиттер, сектанттар, сопылар, агенттер, тіпті, қоғамдық тұрақтылықтың дұшпандары етіп шығарды», - дейді А. Сабдин.

Сабдиннің сезіктенуі бекер емес сияқты. Қазірдің өзінде салафизмді «сурурит», «матхалит», «такфирит» деп үшке бөліп, мынасы қалыпты, анасы «радикал» деп көрсететін, осылайша түрлі лаңкестік әрекеттерге жетелейтін ағымды ел алдында ақтап алуға ашық әрекеттенушілер бар.

Жақында ресейлік «Ақпараттық талдау орталығы» сайтына сұхбат берген қазақстандық дінтанушы, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, Геосаяси зерттеулер институтының директоры Асылбек Ізбайыровтың кей пікірлеріне қарап күмәнданып та қалдық. Қазіргі уақытта парламентте қаралып жатқан экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдар жөніндегі заң жобасына қатысты пікір білдірген дінтанушының кей сөздері А. Сабдиннің ескертуін еске салатын сияқты. А. Ізбайыров заң жобасындағы терроризм, экстремизммен күреске бағытталған нақты ұсыныстарды қолдайтынын, алайда, ең алдымен «салафизм», «салафит» деген терминдердің басын ашып алу керектігін айта келе былай депті: «Мұсылмандарды салафитке жатқызуға болатын шарттарды анықтау өте қиын.

«Алла барлық жерде емес, Алла аспанда» дейтіндерді салафитке жатқызуға бола ма? Онда біз Конституция аясындағы ар-ұждан, наным-сенім бостандығын бұзбаймыз ба? Адамның қалай сенетіні оның жеке ісі, бастысы оның заңды құрметтейтін азамат болуы емес пе?», - деген ол аталған ағымға тыйым салу үшін Қазақстанның зайырлы мемлекет екендігі кедергі болатынын айтқан.

«Қазақстан – діни ілімдерді заңмен бекітетіндей діни мемлекет емес. Мұндай күрделі де жіңішке мәселелерді қалайша реттеп, нормалар аясына сыйғызуға болады?», - деп сұраққа сұрақпен жауап береді А. Ізбайыров. Ал, оның «Ең бастысы, салафизмге тыйым салуды радикалдар мұсылмандарды қудалау, тұтастай ислам дініне тыйым салу деп түсінуі мүмкін», - деген уәжін мемлекеттік органдар мен идеологиялық құрылымдарға бағытталған демонстрациялық шантаж деп түсінбеске шара жоқ.

А. Ізбайыровтың айтуынша, бірқатар әлемдік БАҚ-тар «Қазақстан лаңкестік қауіптерге қарсы тұра алмай көмекке мұқтаж» екенін жазып жатқан көрінеді. Оның үстіне мұндай тыйымдар ел аумағында лаңкестік ұйымдардың шабуылын үдетіп жіберуі мүмкін екен. Сондықтан да, дінтанушы мемлекеттік органдарды «отпен ойнамауға» шақырады. Салафизмнің бір тармағы саналатын такфиризмге Қазақстанда ресми тыйым бар көрінеді. А. Ізбайыров радикалдармен күресу үшін осы тыйымның өзі жеткілікті деп санайды. Алайда, такфиризмге салынған тыйымның елдегі лаңкестік әрекеттердің тыйылмауына неге әсер етпей отырғанын ашып айтпайды. Ең қызық жері А. Ізбайыров тек дінтанушы ғана емес, саяси технологиялардан хабардар, билік жүйесіндегі алда болатын өзгерістерді қатты уайымдап жүрген жан екенін байқатады.

«Басты мәселе мұндай радикалды саяси шешім қабылдау билік транзиті қарсаңында қаншалықты дұрыс? Мұның өзі үлкен қатер емес пе?» деген екіұшты сауалы салафизмнің саяси мақсат, мүдделерден де ада еместігін аңғартқандай. Осылайша елдегі діни радикализммен күрес мәселесіне қатысты ойларын дінтанушы идеологияға тек идеологиямен қарсы тұру керек, мемлекет Әбу Ханифа мәзһабының негіздерін нығайтуға күш салуы керек деп қорытындылайды. «Менің ойымша оның (Ханафи мәзһабының – ред.) потенциялы терроризмнің алдын алу үшін толық пайдаланылып отырған жоқ. Біз экстремизм мен терроризмнің алдын алу саласында таза діни ұғымдарға қатысты абстрактілі мәселелерді талқылап, көп қателік жібердік», - деген А. Ізбайыров жамағат арасындағы Жаратушының сипаттары мен мекеніне қатысты дау-дамайға мән берудің қажеті жоқтығын айтқан. Дінтанушының сұхбатынан өзіміз күмәнданған пікірлерін тізіп шықтық. Ал, ондағы салафизмге арнайы заң арқылы немесе сот шешімімен тосқауыл қою конституция талаптарына қайшы келе ме, белгілі бір діни ағымдарға тыйым салу ел аумағындағы діни топтардың радикалдануына, лаңкестік шабуылдардың артуына себеп бола ма, жат идеологиялар мен идеологтардың қызметіне тосқауыл қоймай тұрып, дәстүрлі діни таным-түсініктерді тарату мүмкін бе деген мәселелерге қатысты арнайы мамандар (заңгерлер, дінтанушылар, саяси сарапшылар) мен дін қызметкерлері өз ойларын айта жатар. Танымал теологтың бұған дейін де жарияланған сұхбат, мақалалардағы ой, пікірлерін ескере келе әзірге көкейде тұрғаны - «Дінтанушы ағамыз рухани саладағы осы күнге дейінгі босаң саясатты пайдаланып сан соқтырған салафизм ағымын ақтап алғысы келе ме?» деген жалғыз сұрақ.