Туыстары Макс Боқаевтың денсаулығына алаңдайды (ФОТО)
2016 ж. 19 қыркүйек
2057
0
Атырауда тергеу абақтысында төрт айдан бері қамауда отырған 43 жастағы азаматтық белсенді Макс Боқаевтың туыстары оның денсаулығына қатты алаңдаушылық білдіреді. Белсендінің қарындасы әрі қорғаушысы Жанаргүл Боқаеваның айтуынша, Макс Боқаевтың денсаулығына жақында жүргізілген медициналық зерттеу түрмеде отырған кезде тұтқынның ескі дерті қайта өршігенін анықтаған.
- Макс С гепатитінің созылмалы түріне шалдыққан науқас ретінде бес жыл бұрын дәрігердің есебіне алынған. Бұдан екі жылдай бұрын емдеу курсынан соң беті қайтқандай болған дерті қамауда отырғанда тағы асқынғанға ұқсайды, - дейді Жанаргүл Боқаева.
[caption id="" align="aligncenter" width="610"] Азаматтық белсенділер Макс Боқаев және Талғат Аянның туыстары мен жақтастары сот залында отыр. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.[/caption]- Зерттеу қорытындысында оған ағзасында анықталған С гепатиті вирусының қатерлі түріне қарсы дәрігерлердің бақылауымен ем қабылдап, арнайы диета сақтау қажеттігі айтылған. Біз денсаулығына байланысты Макске бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрап қыркүйектің 14-і күні прокуратураға өтініш бердік, енді жауабын күтеміз, - деді Жанаргүл Боқаева.
Ол Макс Боқаевтың денсаулық жағдайына жүргізілген тексеру жайлы Атырау облыстық аурухана мамандары өзімен сөйлесуден бас тартқанын айтты. Аталған аурухана мен Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері науқасты абақтыда емдеудің мүмкіндігі жайлы білмек болған Азаттық тілшісінің сұрақтарын жауапсыз қалдырды.
Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшысы Мирболат Көпесов тергеу абақтысында отырған Макс Боқаевтың денсаулығы туралы тек жазбаша сауал алған соң ғана жауап беретінін айтты.
[caption id="" align="aligncenter" width="610"] Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.[/caption]Қос белсендінің үстінен қозғалған қылмыстық істі тергеп жатқан Атырау облыстық ҰҚК департаменті өкілі тамыздың соңындағы сот отырысында іс материалдарымен танысу үшін тағы бір ай уақыт керек екенін мәлімдеген.
Мамырдың 17-сінен бері қамауда отырған Макс Боқаев пен Талғат Аянға «алауыздық тудырды», «заңсыз митинг ұйымдастырды» деген айыптар тағылған. Олар сәуірдің 24-і күні Атырауда жер реформасына қарсы көпшіліктің қатысуымен өткен жаппай наразылық шеруінен кейін тұтқындалған еді. Қамаудағы белсенділер өздеріне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.