Депутаттар халық зарын неге естімейді?
2016 ж. 14 қыркүйек
3150
15
БІР ҚОЛҒА ТӨРТ МЫЛТЫҚ
Жазғы демалыстан оралған Парламент депутаттары қызметтеріне қызу кірісіп кетті. Бірінші жұмыс күнінен белсенділік көрсеткендеріне қарағанда жақсы демалып, тың күш жинап қайтқанға ұқсайды. Терроризмге қарсы заңды күшейту туралы Елбасының тапсырмасына орай Ішкі істер министрлігі ұсынған жоба талқыланып, бұдан былай лаңкестігі үшін сотталғандардың дүние мүлкі тәркіленетін болады. Сондай-ақ қару-жарақ саудасын қадағалауды күшейту мен пәтерлер жалдайтындарды қатаң тіркеуге алу да ұсынылып отыр.
– Қазір заң бойынша аңшылық үшін 10 мылтыққа дейін сатып алуға болады. Мұның не қажеті бар? Оның санын төртке дейін азайту қажет. Әрі колибрі үлкен, қос ауызды қаруды мүлдем қолдануға тиым салу керек,-деді ел қауіпсіздігін ойлаған ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Көлкебаев. Өте орынды ұсыныс. Ал, біз өз кезегімізде Көлкебаев мырзаға «Бір адамға төрт мылтықтың қажеті қанша?» деген сұрақ қойғымыз келеді. Оның төрт мылтықты бірден ататын сегіз қолы бар ма? Әлде әрбір аң өзіне ұнаған мылтықтан ғана оққа ұшқысы келе ме? Қару-жарақтан зәрезап болған көпшілік оны сатпақ түгіл қолдану мен аңшылық атаулыны біржолата тоқтату керектігін талап етіп отыр емес пе? Бізде ататын аң да қалған жоқ, бәрі сауға сұрап «Қызыл кітаптың» қойнына кіріп кеткен. Ауыр қылмыстардың басым бөлігі қару арқылы жасалатындықтан бұл мәселені тереңірек зерттеу керек. Біздіңше, қазіргідей терроризм өршіп тұрғанда бірнеше жылға қару сату мен қолдануды мүлдем тоқтата тұру керек. Аңшылықты да алып тастау қажет, аң-құстарымыздың тым болмаса біраз уақыт ұшқан үрейі орнына келсін.
Мәжіліс отырысында заңсыз миграция, есірткі мен қару жарақ тасымалы, интернет пен байланысқа да шектеу қою мәселесі сөз болды. Депутаттар бұл құжатты жаңа жылға дейін қабылдауды жоспарлап отыр.
«ЖОЛ ЖҮРУ ЕРЕЖЕСІНІҢ» ЖЫРЫ ҚАЙТА ЖАЛҒАСТЫ
Біздің пәрменді Парламент тарихындағы ең көп талқыланған, бірнеше қайнауы ішінде жүретін ең шикі заң – «Жол жүру ережесі». Бұл заң талай зобалаңды басынан өткерді. Сонау балаларға арналған орындықтан бастап, әлемдегі ең жоғары айыппұл салу, оны төлей алмаса көлігін тартып әкету, қашқан көлікті қуалап соғып тоқтату сияқты санаға сиымсыз, қолдануға тиімсіз ережелер де біздің Парламентте мақұлданғанын білесіздер. Бір қызығы, дәп осы заң жобасы қаралғанда біздің депутаттар тым белсенді болып кетеді. Тіпті төрт жыл бойы аузын ашпай бұғып отыратын депутаттардың өзі кенеттен атып тұрып ұсыныс жасап жібереді. Сөйтіп артық қыламыз деп, үнемі тыртық қылады. Бұл жолғы отырыста да «Жол жүру ережесі» тағы да үлкен жырға айналып, даулы «дастан» қайта жалғасын тапты. Қарапайым халық үшін үнемі шыр-пыр болып жүретін депутат Мұхтар Тінекеев жолы болмаған «Жол жүру ережесіндегі» бірқатар түсініксіз де тиімсіз баптарды қайта қарау керектігін талап етті. «Айыппұл мөлшері жылда өсіп барады. Жұрттың жалақысы соған ілесіп үлгермеуде. Сондықтан қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін және көлік нөмірі кір болса салынатын айыппұлды жеңілдету керек. Күндіз шамды жағып жүру нормасын мүлдем алып тастаған жөн. Бұның жолдағы полицейлердің қалтасын қампайтқаннан басқа пайдасы жоқ» деді белсенді депутатымыз. Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов бұның бәрі қауіпсіздік үшін жасалып жатқанын айтып ақталып бақты. Шендінің түпкі ойын түсінген Тінекеев: – «Олай болса, көшеден жол сақшыларының барлығын алып тастайық. Тек фото-бейне камералар қалсын. Өйткені олармен келісіп пара бере алмайсың. Оның үстіне қазір полицейлердің барлығы көшеге нан табу үшін ғана шығады. Қылмыскерді ұстап жүрген біреуін көрмейсің»- деп төтесінен кетті. Бес саусақ бірдей емес, бүлкілдеген бүйректен сопаң етіп сирақ та шыға келді. Желдей есетін әріптесі Мұхтарды мұрттай ұшырғысы келді ме, депутат Омархан Өксікбаев көлікте темекі тартуды тыйғызу керек деді көлденеңнен килігіп. Соған қарап көпшілік Өксікбаев ыстық жақта демалып, күн өткізіп алған ба деп қалды. Әйтпесе темекінің кесірінен болған жол апатынан тым болмаса бір дерек келтіретін еді ғой. Жалпы қарапайым халықтың көкейінде осыған байланысты сұрақтар мен тілектер өте көп. Әңгімені сағызша созбай, біз сол сұрақтардың бірнешеуін халық қалаулыларының назарына ұсынайық:
1. Аспандаған айыппұл төмен түсе ме?
2. Айыппұл төленбеген көліктерді тартып алып кету адам құқығын бұзу, жекеменшікке қол сұғу емес пе?
3. Көшеде көлікті қуалап соғып тоқтату сорақылық, бұл заңды ойлап тапқандардың есі дұрыс па?
4. Күндіз көлік шамын жағатындай жүргізушілер шетінен көрсоқыр ма? Олай болса сол заңды ойлап тапқандар үйлерінде де күндіз электр шамдарын жағып қойсын.
5.Көлік терезелерін көлеңкелеу (тонировка) түгелдей қашан алып тасталынады?
6. Министр Қ. Қасымов жеке парақшасында бір жыл өткенде айыппұл өз күшін жояды деп жұртты неге алдады? Өйткені, төмендегі ала таяқ ұстағандар мен қаржы қызметкерлері «Министр мылжыңдай береді, бір жыл емес он жыл өтсе де айппұлды еселеп аламыз!» деп алақандарын ысқылап отыр. Сонда бұл министрдің заң білмегені ме, әлде қаржылық жүйенің қомағайлығы ма?
Құрметті біздің, оқырмандарымыз! Сіздерді мазалаған сұрақтарды Мәжіліс төрағасының тура өзіне жіберуге уәде береміз. Өткен жолғы Мәжіліске жіберген мақаламыз мәңгілікке аттанып, тартпаның түбінде тұншыққанға ұқсайды. Жауап жоқ. Бұл жолы да жауап болмаса, келесіде қандай құзырлы орынға жіберу керектігін өздеріңіз айта жатарсыздыр. Біз сіздерге қызмет етуге қашан да дайынбыз!
БАЛАЛАРДЫҢ «БАС АУРУЫ»
Денсаулық саласына педиатр мамандарды қайтарып, балаларды арнайы білімі бар мамандар емдеуі қажет. Өйткені соңғы кезде балалар мен ересектер емханасы біріктіріліп, жалпы медициналық қызметке көшкелі бүлдіршіндердің денсаулығы нашарлаған дейді мәжілісмендер. Шүкіршілік, бүкіл басылымдар жазып, барлық телеарналар зарлаған бұл мәселе ақырында халық қалаулыларының да құлағына жетті-ау! Жеті айлық баладан бастап жетпістегі қарияларға дейін бір есікке қарап қалғаны туралы «Қазақ үні» де бірнеше рет жазған болатын. Бұл балалардың ғана емес бүкіл тұрғындардың бас ауруына айналғанын айта-айта даусымыз қарлығып біткен еді. Енді міне назарға ілікті. Жазғы демалыста депутаттарымыз баласын немесе немересін дәрігерге апарып жұрттың бұл жанайқайына көз жеткізген болуы керек. Бізді мына бір сұрақ мазалайды – біздің халық қалаулылары телеарналарды көрмей ме, газет оқымай ма? Бұл мәселе көтерілгелі бір жылдан асып кетті емес пе? Осыған дейін тым болмаса бір депутат емхананың есігін ашпады ма? Бір есіктің алдында үйіріліп, мазасызданып тұрғандарды көрмеді ме? Реті келіп тұрғанда мына бір мысал-анекдотты айта кетелік. Аң патшасы арыстан аң атаулыны жинап алып, мінезі ауыр, мойыны ұзын керікті (жираф) қызық анекдот айтып күлдіріп немесе аянышты әңгіме айтып жылатуды талап етеді.
– Менің бұйрығымды орындай алмағандарды тірідей жұтамын, – дейді.
Патшаның аты – патша, бірінші күні керікті не күлдіріп, не жылата алмаған бірнеше аң арыстанның асқазанынан бір-ақ шығады. Ертеңінде кезек қасқырға келіп, әңгімесін енді бастай бергенде ағаш басындағы жапырақты жұлып жеп жайымен тұрған керік кенеттен еңіреп қоя береді. Не болғанын түсінбей қалып, себебін сұраған аң патшасына:
– Кешегі қоянның аянышты әңгімесі жүрегімді езіп, елжіретіп жібергені,-дейді керік аспай-саспай. Сөйтсе кеше құлағымен естігені ұзын мойнымен жылжып жүрегіне жеткені сол екен. Құдай сақтасын, біз бұл жерде депутаттарымызды аң-құсқа теңеп отырған жоқпыз. Халықтың жан айқайы дер кезінде ескерілмей, миллиондаған сайлаушылардың жалғыз үміті - депутаттарға тым кеш жететінін айтып отырмыз. Халыққа керек емес заң бізге де қажеті жоқ деп Елбасымыз айтқандай осындай тиімсіз жобалар неге ұсынылады, неге ол Мәжілісте бекітіліп беріледі? Мәселе осында болып отырған жоқ па?..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz