Алтынбексіз өткен бес жылдың жұмбағы

Өмірінің соңғы жылдары Қа­зақстандағы оппозиция жетек­шілерінің біріне айналған саясаткер туралы естеліктерінде жергілікті азаматтық қоғам өкілдері оның бір-біріне қарама-қайшы екі түрлі саяси кезеңнен өткенін айтады.

Осыдан бес жыл бұрын белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі – Бауыржан Байбосын және Василий Журавлев кісі қолынан қаза тапты. Олардың денелері Алматы облысының Талғар ауданы аумағынан табылған еді. 2006 жылғы ақпанның 13-і күні жергілікті уақыт бойынша 11 сағат 35 минутта Алматы облыстық ішкі істер басқармасының басқару пультіне «жол жағасынан зорлықпен өлтірілген үш адамның мәйіті табылды» деген хабар келіп түскен. Үш адамның үшеуі де желкесінен тиген оқтан өлген. Бұл қылмыс ешкімді бей-жай қалдырмады. Біреулер оны ескерту деп, ендігілері билік өзіне қауіпті қарсыласының көзін жойды деп бағалады. Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты түрлі болжамдар айтылды. Билік жария түрде өткізген сот процесі арқылы «кі­нәлілерді жазалағанымен», саясат­танушылар мен жекелеген қайраткерлер бұл өлім Қазақстан оппозициясының жүрегін шай­лықтырып тастады деген пікірде. Жасарал Қуанышәлиннің айтуынша «оппозицияға сес көрсету» әсерлі болып шыққан. – Ол үлкен есеппен жасалған әрекет еді. Алтынбек «Нағыз Ақ жол» партиясының идеологиялық басшысы, көсемі еді. Ал ол қаза болғаннан кейін «Нағыз Ақ жолды» кім ұстап келгендігі бірден байқалды. Алтынбексіз Болат Әбілов, Төлеген Жүкеев, Ораз Жандосовтар бірден қаусап қалды ғой. Қолдарынан түк келмей қалды. Алтынбек тірі болғанда қазіргідей Болат Әбіловтердің Ақордамен байланыста жұмыс істеуі болмас еді. Партияның атын өзгертіп, өзара быт-шыт болып, қайдағы жоқ әрекеттерге бармай, халықпен жұмыс істеуші еді,- дейді Жасарал Қуанышәлин. Қуанышәлин мырза Алтынбек Сәрсенбайұлының Қа­зақ­станның саяси өмірінде ерекше орын иеленгеніне шәк келтірмейді: – Мен оның орнын жоғары бағалаймын. Бұл сөзімді оның осы өмірде атқарған істері мен тірліктері дәлелдейді. Мен оны жоғары лауазымды мемлекеттік қызметте болғандығымен өлшемеймін. Оны жас кезінен, сонау 90-жылдары «Арай-Заря» журналында істеп жүргенінен бері білемін. Кейін «Өркенде» бас редактор болғанда менің мақалаларымды басып тұрды. Ол нағыз интеллектуал, өте сауатты, жас болса да көп нәрсені білетін, қабілетті еді. Кейін ол билікке кеткенде де араласып жүрдім. Ол менен мүшел жас кіші еді. Қай кезде де маған «сіз» деп тұратын. Кейде кездесіп, «айтысатынбыз». Дарақы айтыс емес, мәдениетті айтыс болатын. Ол билік режимін жақтайды, мен өз көзқарасымды айтамын. Кейін сол пікірі біртіндеп өзгеріп, аяғында оппозицияға келді.

ӨЗІ ҚҰРҒАН САЯСИ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ҚҰРБАНЫ

Азаттыққа берген сұхбат барысында Жасарал Қуанышә­лин кезінде Алтынбек Сәрсен­байұлымен болған әңгімені еске алды. Саясаткер өзінің үлкен қателік жасағанын айтқан екен. – Арада болған әңгімеде ол «Бір өкінетінім – мына сіз басқарған азаматтық «Азат» қозғалысын тұншықтыру үшін біз бәрін жасап едік» деді. Меніңше, қателікті мойындау да – ерлік. Сондықтан, ол өз қатесін түземек болып, қалыптасуына көмектескен режимге қарсы күрес бастады. Алайда сол күрес ұзаққа созылған жоқ, қайғылы аяқталды, – дейді Қуанышәлин. Алтынбек Сәрсенбайұлы оппозицияға өткеннен кейін, билік басында жүргенде өзі қысым жасап, аяқтан шалған азаматтармен ашық диалог орнатты деген тұрғыда пікір айтады Азаттыққа сұхбат берген бірқатар саяси қайраткерлер. Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, Сәрсенбайұлы На­зарбаев­тың адамы болған­дықтан алғашқы күннен-ақ «оған сенімсіздікпен» қараған. – Алғаш Сәрсенбайұлы туралы 1993 жылы сол кездегі ақпарат және байланыс министрі қызметіне «үміткер» деп Назарбаев айтты. Мен оның тым жас екендігін ескерттім. Сәрсенбайұлы ол кезде небары 31 жаста еді. Бірақ ол (Назарбаев – ред.) «Сәке, бұл біздің адамымыз» деді. Сондықтан да онымен аса сақ болуға тырыстым. Шынын айту керек, біз аса қатты араласқан да емеспіз, – дейді Әбділдин мырза.

Altynbek Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының соңғы суреті. Алматы, 8 ақпан 2006 жыл

 

ТӘУЕЛДІ ИДЕОЛОГТЫҢ ТӘУЕЛСІЗ САЯСАТКЕР БОЛУҒА ҰМТЫЛУЫ

Журналист Сергей Дува­нов­тың айтуынша, Алтынбек Сәр­сен­байұлының қызметін екі кезеңге бөліп қарау керек. – Алғашқысы – интеллектуал әрі өте сауатты саясаткер Сәрсенбайұлының режимге қызмет еткен кезі. Меніңше, осы кезде ол режим үшін елеулі еңбек сіңірді. Назарбаев әрдайым оның пікіріне құлақ асатын. Сондықтан дәл Сәрсенбайұлының көптеген кеңесі Назарбаевтың авторитарлық режимінің негізгі темірқазығына айналды. Мәселен, елдегі ақпараттық кеңістікті бақылауға мүмкіндік беретін радио мен телевизия толқындарына жарияланған тендер – Сәрсенбайұлының ісі екендігіне күмәнім жоқ. Шыны керек, сол кезде дәл сол себепті мен радио және телеарнадан айырылдым. Сүйікті жұмысымнан, телеарнада жүр­гізген сүйікті бағдарламамнан айырылып қалдым. Осы тұрғыдан алғанда, меніңше, Назарбаев Сәрсенбайұлының бұл еңбегіне риза болуы керек. Бұдан бөлек, оның БАҚ-қа жауап беретін министр болып отырғанда ел үшін жасаған істерін де атап өту керек. Бұл тек шенеуніктік қызмет қана емес, үлкен идеологиялық қызмет болды. Бұл қызметте де ол өзгелерден ерекше көзге түсе білді. Оның сол кездегі саяси қабілеті демократияға қарсы қызмет етті, – дейді Сергей Дуванов. Ал екінші кезеңді Дуванов өте позитивті деп бағалайды. Ол – Сәрсенбайұлының оппозицияға өткен кезі. Оның бұл қадамына не түрткі болғандығын білмейтінін айтқан журналист дәл сол оппозицияда жүргенде Алтынбек Сәрсенбайұлының мінезі мен қасиеттері көріне бастады деп санайды.

 

 

 

Мәншүк АСАУТАЙ www.azattyq.org