Бердоңғаровтың беті бері оңғарыла ма?

Қанша кәлла болса сонша ой болады... Амалсыз, ауанымыз құрыған соң айтып отырмыз осы сөзді. Құлдық сананың қиямпұрыс, қиғылық шырмауынан енді-енді шығып, тартпаны қолға алған уақытта қиқу шықты! Елең етіп, ебелек көңілді баса бастағанымыз сол еді, парламенттен көтерілді деген соң құлағымызды сап-сап түрістік. Тәңірберген Бердоңғаров қазіргі Ресейдің, ілгеріде кеңес өкіметінің Отан қорғаушылар күнімен құттықтап дүйімге сөз арнапты. Сонда...

Berdongarov1

Қияметтей болған құлдық пен күйкі өмірді бастан кешіріп, бостандық өмірге демі құри жеткен ұлттың барын да, нарын да, яғни Тәуелсіздігін әжуаға айналдырып отырғаны ма? Тәуелсіз тарихымыз бен ұлттық рухты көтеріп, азаттықтың ақ таңын көру үшін «мұтылған» атанып, жанын қиған талай мұңлықтар мен боздақтардың көз жасын қалай қиды? Сайқымазақ атанып, ара-тұра күлгенге күле бағып әзіл айтатын орын ба еді осы? Түндігімізді қайырып, төскейімізден шыққан азаттық таңын қанша қолпаштап, мерейін асырып жатсақ та қасіретті, қасиетті күнімізді күң етіп, намысымызды қоздырып, алқа-құтан жиынның дәл ортасында омақаса сүрінген депутатымыздың түрі анау. Халық қалаулысы осындай-ақ болса «сенген қойым сен болсаң» деп, үмітімізді сөндіре қояйық ендігі. Бізге егемендіктің қалай келгенін әрбір оқыған қазақ біледі. Ал тұғырда отырған Тәңірберген Бердоңғаров білместіктен айтты десек жыртығымызды жырық шытпен жамағандай болатынымыз тағы бар. Он күнәнің тоғызы тілден. Тасты емес, басты жарып отырған парламенттегі әңгімені «арзымайтын дүние» деп, оған ат үсті қарасақ, тәуелсіздігіміз бізге соншалықты құнсыз болар еді! Айдың-күннің аманында егемендігімізге селкеу түсірмек ниеттегі сөздің қандай мақсатта айтылғандығы белгілі ме? Қош. Ал түп-тұқиянында қандай ой-мақсаттар жатқандығы бізге тағы да беймәлім... Рас, Ресей, Қырғызстан, Белорусь және Украина елдерінде бұл Отан қорғаушылар күні. Бұл күн бұрын КСРО Отан қорғаушылары күні болатын. Ал қазіргі бостан, бейбіт, демократиялы, діни зайырлы елімізде 23 ақпанды Отан қорғаушылар күні деп лепіргенімізге қандай «жол болсын» тілейік?! Орманның қара аюы атанған орыс мемлекеті кеңес империясы ыдырамақ тұста Мисыз Мекалайдың мансұғынан біржола құтылу үшін жасаған «үлкен» қадамы өз алдына дербес Ресей Федерациясы болып бөлінгені. Бақылауға алынған билік өз парламентін шұғыл түрде жинап алуы керек болды. Сондағы бейбастықтың нәтижесі бүгін шығып отырғандай. Міне керек десеңіз, сіздің дербес мемлекет деп қуанып, алып-ұшпа сезіміңізге бір-ақ жүріспен тойтарыс бере қойды. Кім? Өзіміз екен! «Құлды бәрекелді өлтіреді» деуші едік, «бәрекелділе­сіп», бойымыздан мысқылдап шықпай жүр­ген құлдық сана деген індетті байқамай қалыппыз! Күйіп кетсеңіз де сол. Күні кеше ел алдында дабырадай етіп Азиада өткізген, жеңерін жеңіп, алтынын алып жан ұшырған мемлекетті әлем алдында тағы бір бет қызартқан еді. Қастерлеп, көгімізге желбіреткен көк туымыздың жерге тасталғанын көріп, «көсегеміз көгеріп» тындық. Енді бүгінгісі мынау... Сананың салғырттығы жайлаған халықтың өзі емес екен, саны аз билік. Сол саны аз билігіңіз мұны мойындайды да. Себебі сол кешегі «алқалы» отырыста өзара дау болып, арты әрбіреудің әрбір баспасөз бетіне, одан қалды телеарналарға таратып жатқан домалақ хаттар дейсіз бе, әлде «сигнал» дейсіз бе, әйтеуір сұхбаттары дүйім жұртқа сол мезетте-ақ тарап кетті. Бақылауға алып, бабына келтіретін бапкерлер жоқ. Жақсысын асырып, жаманын жасыру деген ұмытылған. Тек Бекболат Тілеухан мен Нұртай Сабильянов наразылығын естідік. Жүрегі қазақ деп соққан ағаларымыз сол мезетте-ақ «қой» деп, «қожалық» жасамағанда бәлкім күйіс қайырған түйедей әрбір жаттаған қазақшасын ежіктеп отырған көкелер байқамай да қалар ма еді, кім білсін...

А.ЖЕТІБАЙ

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Bekbolat

Мен қазір осы жерде отырып айтсам, құрметті әріптестер, «ертең 24 ақпан День флага Мексики» десем ақылға сыя ма, я болмаса «17 февраль өтіп кетіпті, содан соң кездесіп отырғанымыз осы. Праздник фонаря Иан Сяоу в Китае» десем ақылға сыя ма? Сыймайды. Қазақстан Республикасының ешбір күнтізбесінің қызыл күнінде ақпанның 23-і дейтін мереке жоқ және ол үшін неге қол соғып жатқандарыңызда түсінбеймін. Тәңірберген, мен сені сүйем, жақсы көрем, інімсің, бірақ сен тәуелсіз Қа­зақстанның тұсында қалыптасқан адам ретінде мұндай нәрсеге бажайлап қарауың керек. Өйткені, сен – Парламенттің депутатысың. Көшеде бір-бірін Валентин күнімен құттықтап жатқан адам емессің. Сіздер саясаткерлерсіз­дер, Қазақстан Республикасының атынан сөйлейсіздер. Ендеше ауыздарыңыздағы сөзді бағуларыңыз керек.