Шымкентте 21 сәбиді сатып жіберген төрт баланың анасы сотталды
2016 ж. 10 қыркүйек
2141
0
Шымкентте нәресте сатқан қылмыстық топтың соңғы мүшесі абақтыға жіберілді. Эльмира Дәулетованың ісін қараған судья оны бес жылға бас бостандығынан айырды. Бұған дейін онымен бірге 21 сәбиді сатып жіберген бес сыбайласы түрлі мерзімге сотталған болатын деп хабарлайды КТК арнасы.
Айыпталушы әйел залдан кісенсіз шықпайтынын сезген болуы керек судья кірмей тұрып бала-шағасымен қоштасты. Үкімді жылап тұрып тыңдаған ол үш бап бойынша кінәлі деп танылды. Туа сала баласынан бас тартқан әйелдер туралы перзентхана қызметкерлері Дәулетоваға өздері хабарлап отырған.
Делдал әйел нәрестелерге АХАЖ бөліміндегі танысы арқылы жалған құжат жасауға да атсалысқан екен. Осы қызметі үшін 35 жастағы әйел әр баланың асырап алушысынан кемі 300 мың теңге алыпты.
Өзінің де төрт баласы бар екенін және тергеуге барынша көмектескенін ескерген судья оған өзге сыбайластарына қарағанда, ең жеңіл жаза кесіп отыр. Енді Эльмира Дәулетова алдағы бес жылын жалпы тәртіптегі колонияда өткізбек.