Алматыда әділдік іздеп ашынған ақжаулықты ана жұрт алдында жалаңаштанды
2016 ж. 09 қыркүйек
3406
0
Алматыда әділдік іздеп ашынған ақжаулықты ана ерекше қарсылық акциясын өткізді. Қаланың қақ ортасында үстіндегі көйлегін шешіп тастаған кейуана, өзін мұндай қадамға жеткізген әкімдік қызметкерлері дейді. Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
КӨП БАЛАЛЫ АНА. 31 АРНАДАН КАДР
Тұл денесіне алтын алқасын тағып, араша сұраған қорғансыз ананың көкірегін қарс айырып, киімін шешіп тастайтындай ашуына тиген нәрсе - осыған дейін көрген қиындықтары мен әділетсіздіктер. Фатима есімді кейуана инсульт алып үйде жатқан отағасы мен отбасын асырау үшін жеміс-жидек сататын дүңгіршекті орнатқан.
Әкім-қаралар ай сайын салығын төлеп тұрамын десе де саудаға рұқсат бермепті. Күнімізді көру үшін жасап отырған соңғы үмітіміздің де күл талқаны шыға ма деп күйініп отыр кейуана.
"Мен 40 жыл жолдасыммен өмір сүрген болсам, менің тәнімді тек жолдасым көрген, жалаңаш тәнімді. Менің көкірегімді он балам емген... Қазір осы жерде мыңдаған халық өтіп жатыр", - дейді көп балалы ана Фатима Рақымбаева.
20 жыл бұрын Фатима Рақымбаева туған-туыстарының қал дегеніне қарамай, отбасымен Қазақстанға оралған. Алматыдағы ескілеу үйін сатып, "Ақкент" ықшамауданынан бөліп төлеу бойынша түріктің "Айт-Хаузинг" компаниясынан пәтер алады.
Алайда айлық төлем ақысы қымбатқа түсіп, бірнеше жыл тұрып келген үйдің төлем графигін арзандатып қайта құруға келіспеген түркиялық компания сот арқылы босатуды талап етеді. Ал қала әкімі Бауыржан Байбектің атынан ешкім үйден шығарылмайды деп қанша уәде берілсе де, Фатима апаны баспанасынан қуып шыққан. Қазір пәтер жағалап жүр.
"Қазір біреудің үйіне кірдім 150 мың теңге айына төлеп. Мен енді не істеймін әрі қарай? Қалай өмір сүремін? Жолдасым инсульт, түк сезбейді. Өзім қант диабетімен сырқатпын, оған қосылып асқазаным ауырды. Енді не істеймін мен?", - деп ашынды ана.
Тұрғындар көп балалы ананың жұрттан қайыр сұрамай, адал еңбек етуіне мүмкіндік берсе дейді.
Кейуананың Алматы қаласындағы мемлекеттік мекемелерден көңілі әбден қалған. Қаншасының табалдырығын тоздырған. Етегі жасқа толып, кемсеңдеген ана енді кімнен көмек сұрарын білмейді.