Он төрт құрсақ көтерген ақтөбелік ана әлі күнге дейін баспанасыз жүр
2016 ж. 05 қыркүйек
3025
1
Жуырда ғана 14-ші баласы дүниеге келген ақтөбелік батыр ана Әлия Новикова әліге дейін баспанасыз. Ол үй кезегінде алты жылдан бері тұр, алайда, бұл кезектің жылжитын түрі жоқ.
Көпбалалы Новиковтар отбасы шағын ғана жалдамалы пәтерде тұрып келеді. Ерлі-зайыптылар сегіз ұл мен алты қызды тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы күйеуге шығып, отбасымен өзге қалаға көшіп кеткен. Ұлдардың алды да еншісін алып, бөлек кетіпті. Ал, қалған бала-шаға бір шаңырақ астында. Қанша жерден көңіл сыйса да, 12 адам үшін кіп-кішкентай пәтер қолайсыздық туғызып келеді.
Новиковтардың жеке баспанасы ешқашан болмаған. Әлияның айтуынша, ол 2010 жылдан бері көпбалалы ана ретінде үй кезегіне тұрыпты. Алайда, бұл кезектің Әлияның үлкен отбасына жететін түрі көрінбейді. Қазір Новиковтар аталған тізімнің 135-ші сатысында. Яғни, олардың биыл да баспаналы болуы екіталай. Жергілікті шенеуніктердің табалдырығын тоздырған батыр ананы әкімдіктегілер де жыл сайын түрлі сылтаумен шығарып салады екен. Тіпті, көп бала тапқаны үшін өзін кінәлайтын қызметкерлер де бар көрінеді.
"Әкімдікке аз барған жоқпын, ондағылардың бәрі мені танып алған. Барған сайын көмектесе алмайтындарын айтады, кезекпен ғана береміз деп. Үйімізде ине шаншар орын жоқ. 25 тамызда қала әкімінің қабылдауында болдым. Шығып үйіме жеткенше толғақ қысты, босандым. Қазір өзіммен 10 балам тұрып жатыр. Ең болмаса кезегім жеткенше уақытша кеңірек пәтер беруін сұрадым. Әкімдіктегілер тегін ешқандай үйдің берілмейтінін, тек 20 миллион теңгеге несиеге алыңыз деген ақылдарын айтты. Тіпті, үйің болмаса неге туа бересің дегендер де болды. Мұндай сөздерден кейін шенеуніктерден енді ешнәрсе сұрамаймын деп шештім. Тағы 2-3 жыл кезек күтермін, шыдамым жетеді", - дейді алтын құрсақты ана.
Әлияның үш ұлы аудандық мектепте оқиды. Мектептің басшылығы бұл балаларға материалдық көмек көрсетіп келеді екен. "Балалар бірін-бірі жетектеп өсіп келеді. Біреуден барып нан сұраған кезіміз болмаған. Әр қайсысының өз несібесі бар. Әр балама 2 мың теңгеден жәрдемақы аламын. Бірақ, оның өзі уақытылы келе бермейді. Күйеуім вахталық жүйемен жұмыс істейді, жалақысы - 85 мың теңге. Егер біздің табысымыз ең төменгі күнкөріс деңгейінен бір тыйын асып кетсе де жәрдемақыны қиып тастайды", - дейді Әлия Новикова.
Айта кетейік, тұңғышын Әлия 17 жасында босанған.