САЛАФИЗММЕН КҮРЕС ПЕ, КҮРЕСКЕН СЫҢАЙ ТАНЫТУ МА?

Ғылыми орта мен белгілі бір мамандар арасында ғана жиі айтылатын «салафизм» термині биыл маусым айында жалпыхалықтық қолданысқа енді десе де болады. 5 маусым күні бірнеше содыр екі бірдей қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасады. Осы оқиғаға орай өткен Қауіпсіздік кеңесінің жедел жиынында Елбасы «лаңкестік жасаушылар салафизм радикалдық ағымының өкілдері» деген баға берді, - деп хабарлайды qamshy.kz. Дінтанушылар мен ислам ғұламалары бұған дейін де радикалдық ұстанымдарын сынға алып келген салафизм ағымына қатысты айыптаулар осы сәттен бастап ресми сипат иеленуі тиіс еді. Алайда, олай болмады. Болмайтын да сияқты.

image

Бірнеше күн бұрын саясаттанушы Әзімбай Ғали билік органдары Ақтөбедегі терактіге қатысты қажетті шараларды қолға алмай, істі сөзбұйдаға айналдырғанын айтып, мәселе көтерді.

«Ақтөбе мен Алматыдағы лаңкестік оқиғалардан кейін осы мәселеге қатысты Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Сіз «содырлық сойқанның салафилерге тиесілі» екенін баса айттыңыз. Іле-шала Үкімет басшысы К.Мәсімов «Екі айдың көлемінде салафизмге тиым салу жөнінде шешім қабылданатынын» жеткізді. Дін істері комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин «Салафизмге тиым салу мәселесі талқыланып» жатқанын хабарлады. Осы аралықта салафи содырлары Алматыда, Балқашта, Ақтөбеде, Оралда теракті жасауға бірнеше рет ұмтылғанымен, өз пиғылдарын іске асыра алмай, құрықталды. Абсолютті тиым болмаса, лаңкестік оқиғалардың легі әлі де жалғаса беретін тәрізді», - дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, құзырлы органдар қанды қырғынға тікелей қатысы бар салафизм ағымы туралы ашық ақпарат бермей, тиіп-қашпа мәлімдемелермен шектеліп отырған көрінеді.

«Бүлікші ағым – салафилікті ашық айыптауға бармай, тиіп-қашып қана мәліметтер беріп отырған ҰҚК лауазымды тұлғаларының іс-әрекетін қалай түсінуге болады? Аты дардай бұл аса жауапты мекеме өкілдері бүгін осылай сыздықтатып отырып, ертең салафилікке тиым салуға жол бермейтін шығарып салма құжат әзірлеп, Елбасының атынан елге жария етпесіне кім кепіл?! Неге ҰҚК мәселені шешуге емес, одан қашуға аса ынталы болып отыр?!», - деген Әзімбай Ғали салафизмді жақтаушылар ҰҚК сынды құзырлы мекемеге де жеткені жайлы күдіктенеді.

Ал, бұған дейін Маңғыстау облысы зиялы қауымы атынан Елбасыға салафизм, уаххабизм ағымының барлық тармақтарын экстремистік деп тану туралы өтініш хат жазылған болатын. Маңғытсаулықтардың бастамасын Алматыдағы зиялылар мен дінтанушы, бірқатар журналистер де қолдап, аталған хатқа бірнеше жүз адамның қол қойғаны айтылды.

«Қауіпсіздік комитеті теріс ағымның лоббишісіне айналды» деп айыптауға ашық негіздер жоқ.  ҰҚК басшысы В.Жұмақанов Ақтөбедегі терактіден соң-ақ, лаңкестердің салафизм ағымы өкілдері екенін айтты. Алматыдағы атыстан соң да ондағы басты күдікті Күлікбаевтің түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүріп, салафиттермен сыбайлас болғанын жайып салды. Кейін Қарағанды облысы Балқаш қаласы мен оның іргесіндегі Гүлшат ауылында, Алматы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында соңғы айларда лаңкестік әрекет жасауды жоспарлады деген айыппен жиыны отыздан астам күдікті қолға түсіп, сот санкциясымен қамауға алынды. Олардың барлығын да ҰҚК басшысы елдегі «танымал ағымның» өкілдері деп бағалады.

Қызық та осы жерден басталады. Еліміздің әр түкпірінде ұсталған, құқыққорғау органдарына шабуыл жасауды жоспарлады делінген олардың кім екені белгісіз. Тергеу құпиясы, жасырын операция болғандықтан айтылмады дер едік. Алайда, олардың туыстары, жақындары үнсіз жатуы түсініксіз. Одан кейін теракт жасау деген тауық ұрлау емес. Ондай шешім қабылдау үшін үлкен дайындық керек. Кез-келген қатардағы сектант мұндай қауіпті қадамға бармайды. Оның санасын діни догмалармен улап қана қоймай, нақты теракт жасаудың «қажеттілігін», оның «сауапты амал» екенін «аузы дуалы» біреу түсіндіруі тиіс. Қолға түскен отыздан астам лаңкестік ешкімнің араласуынсыз, өзара байланыссыз ҰҚК айтқан қылмыстарды қалай жоспарлайды? Олардың ешқандай дем берушісі, аудан, қала, облыс деңгейіндегі қамқоршылары, басқару органдарындағы жасырын демеушілері жоқ дей аламыз ба? Ондай қолдаушысыз қазір супермаркеттен арба ұрлау да мүмкін емес. Ал, бұлар құзырлы органның мәлімдеуінше, жарылғыш заттар әзірлеген, қару-жарақ сақтаған. Бұл әрине ойландыратын мәселе. Әзімбай Ғалидың күмәны да осындай жағдайларға негізделсе керек. Әйтпесе, радикалды ағымды өңін айландырып түсіндіретін, ашық қолдайтын, идеологтарының сөздерін көпе-көрнеу насихаттайтын танымал тұлғалар кей ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіні бұл мақсатта еш кедергісіз пайдаланып жүр емес пе?

Күні кешегі парламент сессиясының ашылуында сөйлеген Елбасы терроризм қаупіне арнайы тоқталды. Жазықсыз жандардың өмірін қиған қанды оқиғаларды қатаң сынаған ол терроризммен күрес мәселесін жетілдіру де депутаттарға артылатын басты міндеттің бірі екенін атап өтті. «Бізге мұндай шаруаларға қарсы тұру үшін батыл заңнамалық шараларға бару керек. Менің тапсырмаммен экстремизм, терроризм, қарсы барлау қызметі, дактилоскопиялық және гендік тірке, пробация, елдің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша жеті заң жобасы әзірленіп, Мәжіліске ұсынылады. Қазір ең бастысы – қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау», - деді Елбасы.

Ал, Елбасының айтқандары, қауіпсіздік пен ішкі тұрақтылыққа төнген қатердің алдын алу шараларын түрлі орган басшылары қалай жүргізеді? Ақтөбедегі терактіден бері үш ай мерзім өтсе де Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Дін істері комитеті, Бас прокуратура, ІІМ, Әділет министрлігі, діни басқарма, қауіпсіздік кеңесі лаңкестік қатердің алдын алатын, мәселенің салдарымен емес, себебін анықтап, жоятын нақты қандай қадамдарға барды? Лаңкестік, радикалдық ұстанымдағы салафилер туралы қоғамдық пікір әлі күнге сақал мен балақ төңірегінде қалып отырғанына қарап аталған мекемелердің Президентке «Мынадай жұмыс істедік» деп көрсететін ештеңесі жоқ па деген күдікке қаласыз. Жақында Мәжіліске жолданады делінген лаңкестікке қарсы жеті заңның жобасын әзірлеуге қатысу былай тұрсын, елдегі ислам ғалымдары, дінтанушылар мен білікті заңгер, сарапшылар арасында оның мазмұнымен танысқан жан бар ма? Әлде, «асығыстықпен нашар заң қабылдап жіберетін» әдетімен биліктегілер бұл жолы да шалағайлық жасады ма? Сөйтіп, ұлт қауіпсіздігіне төнген қауіптің алдын алу орнына, қатерлі ағымдармен күрескен сыңай танытып отырған жоқ па?

qazaquni.kz