ҚАУІП-ҚАТЕР мен ҚАЙҒЫ-ҚАСІРЕТІМІЗ – ҚҰЛҚЫННАН
2016 ж. 27 тамыз
3569
15
«От пен су – тілсіз жау» деген екен қазақ атамыз. Бұл құпиясын ешкім ешқашан толық зерттеп болмайтын тылсым табиғаттан келер көптеген қауіпті білдіретін бабаларымыздан қалған тобықтай ғана түйіндеме...
Алдымен күні кеше ғана Италияның Аккумоли сияқты бірнеше қалаларында болған жойқын зілзаланы бір сәт еске алып көрелікші. Қатты жер сілкінісі жүріп өткен қалалардағы ғимараттардың төрттен үші талқандалып, 250-ге жуық адам қаза тауып, жүздеген адамдар хабарсыз жоғалған. Құтқару жұмыстары күні-түні жүргізілуде. Міне, аталарымыз алдынала ескерткен «От пен су – тілсіз жау» дегеніміз осы. Деректерге қарасақ жойқын зілзала сирек болғанмен, әлсіз толқулар жұмыр жерді тұрақты тербейді екен. Италиядағы бұл зілзаланың күші небары 5-6 балл болғанмен қаншама қасірет әкелді. Мыңдаған отбасылары бір сәтте баспанасыз далада қалды. «Құдай бетін аулақ қылсын!» делік мұндай қауіп-қатердің.
Бәлкім сәйкестік болар, Италиядағы жер сілкінісі әлем жұртшылығын дүрліктіріп жатқанда Алматы қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы генерал-майор Серік Әубәкіров Алматыда 9 балл және одан да жоғары күшті жер сілкінісі бола қалған жағдайда тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттардың 50-60 пайызы қирайды, тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі толығымен істен шығады деп мәлімдеп, онсыз да зілзала десе зәре-құты қалмайтын алматылықтарды күзгі жапырақтай қалтыратты. Жоқ, генералды шын мәнінде орын алып отырған нақты жағдайды ашық, бүкпесіз айтқаны үшін айыптаудың қажеті жоқ. Керісінше, болуы мүмкін қатердің алдын алып, ескерту жасағаны үшін алғыс айтуымыз қажет. Соған қарағанда генерал мырза ата-бабаларымыздың «Құдай сақтансаң – сақтайды» деген тағы бір ғұмырлық тәжірибеден алынған тәлімін көңіліне мықтап түйгені байқалады. Қауіпті және төтенше жағдайларда адамдарды құтқару қызметінің тізгінін ұстап отырғандықтан бұл оның тікелей міндеті. Яғни, мемлекеттік қызметкер ретінде өз міндетін адал атқарып отыр деп бағалауымыз керек. Бізде жиі кездесетіндей шенеуніктердің жалған ақпараттарына үйреніп қалған қалқиған құлағымызға бұл ашық мәлімдеме бір түрлі ерсі естілгенін де жасыра алмаймыз. Дегенмен, ақиқаттың аты ақиқат. Өтірік көлгірсігеннен, ащы да болса шындық әлдеқайда артық.
Сонымен, Серік Әубәкіров Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің отырысында не деді? Қауіпті ескертулерден соң мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, дайындық шараларын жүргізіп жатқандығын, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында Жапония секілді әлемдегі озық елдердің тәжірибелері зерттеліп, қолданылатынын жеткізді. Оның айтуынша, 2009-2015 жылдары білім және денсаулық сақтау нысандарын сейсмикалық тұрғыда нығайту бағдарламасы аясында республикалық және жергілікті бюджет есебінен 79 нысанда бекіту жұмыстары жүргізілген. Олардың ішінде 60 нысан – білім беру, ал 19 нысан – денсаулық сақтау саласына тиесілі. 2016 жылы жалпы сомасы 4,7 млрд. теңгеге 8 – білім беру нысаны мен 2 – денсаулық сақтау нысанын сейсмикалық тұрғыда нығайту жоспарланған.
Табиғи апаттар жұмыр жер жаралғаннан бері болып келе жатқан құбылыс. Бетіміз бүлк етпей, барлық пәле-жаланы табиғатқа жаба салуды «сыныққа айтар – сылтау» деп бағалаған жөн. Жердің астаң-кестеңін шығарып жатқан адамдардың үлесі әлдеқайда көп. Сондықтан қауіп-қатер табиғаттан емес, адамдардың өздерінен деуге толық құқығымыз бар. Неге? Түсіндіруге тырысып көрелік.
Біріншіден, Жер тұтас ағза іспетті. Бір түйір тасына дейін есеппен жаратылған. Оның қойнауын аяусыз қазу ішіне пышақ сұққанмен бірдей. Әсерге қарсы әсердің пайда болуы – физикалық заңдылық. Химиялық және өзге де көптеген әртүрлі өндіріс атаулының жедел дамуы жер бетінің жылдам жылуына әкеліп, топан су басу кезеңін тездетіп отыр. Бұл да өзіміз тілеп алған – тілсіз жау.
Екіншіден, Алматының сейсмикалық жағынан қауіпті аймақта тұрғаны атамзаманнан белгілі. Соны біле тұра, сақтану шараларын ұмытып, біз бәрін керісінше жасап келеміз. Кеңес кезеңінде беделді ғалымдардың тыңғылықты зерттеулер қорытындысы бойынша Алматыда барлығы 600 мыңнан артық адам тұруға болмайтыны белгілі болған-ды. Қазақстанға миллион тұрғыны бар қала керек болып, дегенімізге жетіп, қалпағымызды көкке аттық. Тәуелсіздік алғаннан бері де Алматының аумағы екі еседей ұлғайды. Өйткені табиғаты жайлы Алматы жері қымбат тұрады. Жерді оңды-солды сатқан жергілікті әкімдіктегілер мен соған қарасты саладағы шенеуніктер жырғап қалғанымен қала тұрғындарының басын қатерге байлап қойдық. Бар ұтқанымыз осы. Қазір Алматы мегаполисі Талғар, Қаскелең қалаларымен қосылып кетті. Елордамызды Астанаға көшірмегенде бүгінгі күні Алматы көшелерін Талдықорған қаласына апарып бір-ақ тірейтін едік. Бетін аулақ қылсын, егер қатты жер сілкінісі бола қалса еліміздегі халқымыздың 20 пайызынан көз жазып қалуымыз мүмкін. Алматы қаласына ендігі жерде шектеу қойылмаса қауіпті одан әрі күшейте береміз.
Үшіншіден, біздегі құрылыс атаулы ешқандай сын көтермейді. Бір ғана сейсмикалық жағынан ең қауіпті Алматыны алайықшы. Тәуелсіздік кезінде салынған бірде-бір құрылыста сапа деген атымен жоқ. Жаңадан пайдалануға берілген ғимараттардың бір ай өтпей қабырғаларына сызат түсіп, оған кіріп-шығудың өзі қатерге айналып отыр. Оған қарағанда өткен ғасырдың 50-60 жылдары сонау Хрущев заманында тұрғызылған, неше түрлі жер сілкінісіне шыдап берген 2-3 қабатты ескі үйлер анағұрлым мықты. «Ақ бұлақ» ықшам ауданындағы бірнеше тұрғын үйдің қисайып жатуы осыған нақты дәлел емес пе? Қазіргі кезде әкімдік қарамағындағы құрылыс саласының сорпасын сапырғандардың асығы алшысынан түсіп тұр. Құрылыс қазанын қайнатқандар қайдан құлақ шығарамыз десе де өз еріктерінде. Бұл саланы жемқорлық жайлағаны соншалық, жең ұшынан жалғасқандар өз жұртының, өз ұлтының амандығын ойлаудан қалған, құлқынның құлы болып кеткен. Құрылыстағы тендерден бастап, нысанды қабылдап алғанға дейінгі аралықта бөлінген ақшаны аш қасқырша талайды. Құрылыстың қыр-сырын білетіндердің айтуынша тендерді ойнатып, ұтқызғаны үшін оған бөлінген мемлекеттік қаржының кем дегенде 20 пайызын қақшып қалады екен. Тендерді «ұтқан» компанияның дұрыс сапталған күрегі де жоқ болып шығады. Ол өз кезегінде жұмыс істеуге сақадай сай басқа мердігерді жалдайды. Енді есептеп көрелік. Тендерді алған компания жаңағы бөлінген қаржының 10 пайызын алары сөзсіз. Әйтпесе тендерге қатысып, жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырып несі бар? Құрылысты жүргізгендер де 10 пайыз алуға құқылы, оларда да құлқын бар. Сонда ақшаның 40 пайызы қолды болады екен. Одан кейін қайдағы сапа туралы сөз болуы мүмкін. Жөргегінен таланған дегендей, жоспарлауынан тоналған үйлердің қисайып, жаңа салынған жолдардың жарты жыл өтпей шұрқ-тесік болып жатуы заңды емес пе? Оған осы сапасыз салынған нысанды пайдалануға қабылдайтындардың қолына қыстыратын қаражатты да қосып қойыңыз. Ол аз болса, бір депутатымыз «Тексеруге барған монополияға қарсы күрес мекемесінің сабаздары сөмкелерін сықап толтырып қайтумен ғана шектеледі» деп айтқандай, құрылысты тексеруші құқық және қаржы қайраткерлері де өз қалтасын қалыңдатып қалуы керек. Міне, біздегі құрылыстың шын мәніндегі кейпі мен сықпыты осындай. Осының бәрін жоғары жақ білмейді ме? Білгенде қандай! Бұл құрылыс алаңынан министрліктің кеңсесіне дейін жалғасқан сыбайлас жемқорлық, басқа ештеңе емес. Бәрінен бұрын несие алып қарызданып, баспаналы болдық деп балаша қуанған қарапайым тұрғындарға ішің ашып, жүрегің ауырады. Баспана емес, бастарына бәле тапқанын олар қайдан білсін.
Осының бәрі айналып келіп, бас құтқарушының бас ауруына айналмағанда қайтеді? Әлсіз үйлерді бекітіп нығайту үшін тағы да миллиардтаған қаржы жұмсаймыз. Ол да жолай тоналады. Сонда не боп кетті? Әйтеуір де тоналатыны бар, шетелден қарыз алып құрылысқа несіне ақша бөлеміз? Киіз үйді тұрақты қолданысқа енгізген біздің ата-бабаларымыз неткен ақылды еді! Ешқандай зілзаладан қауіп жоқ. Әлде біз де киіз үйге көшуіміз керек пе? Әй қайдам, жемқорлар ол жерден де жейтін жол табады. Қазіргі құрлысшылардың тұрғызған киіз үйлерінен де жаңбыр себелесе су сорғалайтыны сөзсіз. Керек болса біздің жемқорлар киіз басуға бөлінген жүн-жұрқаны де жеп қояды.
Бүгінгі әңгімеміздің тақырыбына айналған қауіп-қатер төңірегіндегі біздің ойымыз осындай. Әрі ойлап, бері ойлап қазақты мазалаған қауіп-қатер мен қайғы-қасірет өз құлқынымыздан келіп отыр деген шешімге тірелдік. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, бәлкім біздің пікіріміз қате шығар? Айтар уәждеріңіз болса тыңдауға әзірміз, құрметті біздің қалың оқырмандарымыз!
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz