Салафилікке тыйым салу –  ұлттық қауіпсіздікті сақтайтын сарабдал саясат

20
8765

ЕЛІМІЗДІҢ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІНІҢ УАХАБИЗМ-САЛАФИЗМ АҒЫМЫНЫҢ БАРЛЫҚ ТАРМАҒЫН ЭКСТРЕМИСТІК ДЕП ТАНУ ТУРАЛЫ ЕЛБАСЫҒА АШЫҚ ХАТЫ

 

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!!!

Мыңжылдықтар тоғысындағы талайлы сын-тегеуріндерден Ұлы Дала елінің іргесін шайқалтпай алып шығудың ауыр да абыройлы аманаты Өзіңізге бұйырды.

Ширек ғасырлық даңқты тарихқа ие тәуелсіздігіміздің тұғырлану кезеңі Сіздің дара тұлғаңызбен астасып, ерен еңбегіңізбен ерекшеленетіні – баршаға аян ақиқат.

Сан ұлтты бауырына басып, тілі мен дінін, тарихы мен танымын асыл аманатындай сақтаған Қазақ елінің бүгінде бейбітшілік мекені, келісім кеңістігі ретінде әлемге аты танылды. Сындарлы шақтардан сүрінбей өткен еліміздің еңсесі тіктеліп, әл-ауқаты артып, алты алаштың мақтанына айналды.

Бірақ осы толағай еңбекпен қол жеткен тәуелсіз мемлекеттің, табысты тұрмыстың, баға жетпес бейбітшіліктің шырқын бұзып, лаңкестік әрекеттердің орын ала бастауы өкінішті салдарларға соқтырып отыр.

Мемлекет азаматтарының өмірін қиған лаңкестік әрекеттер ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп, ішкі тұрақтылықтың тұғырын шайқалтып қана қоймай, тәуелсіз Қазақстанның әлемдік аренадағы асқақ беделіне де нұқсан келтіре бастады.

Өзіңіз орынды түрде атап көрсеткендей, Ақтөбеден басталып, Алматыға ұласқан бұл қанқұйлы лаңкестік әрекеттердің соңында салафилік ағым өкілдері тұр.

Бейбітшілік діні – исламның болмысы мен рухына жат дәстүрлі емес жолды ұстанатын салафилік ағымның тарихта қанды қасап қырғындарымен аты қалған, мұсылмандардың өзіне қару көтеріп, қанын төккен уаххабилікпен бір екенін барша сарапшылар, дінтанушылар мен исламтанушылар қауымдастығы бір ауыздан мойындайды.

Салафилік ағым әлемде көптеген тармақтарға бөлініп, әрекет еткенімен, елімізде оның тәкфіршілер, мадхалилер, сурурилер секілді ағымдары уағыз-насихатын белсене жүргізуде. Бұл ағымдардың атауы мен әдістемесінде аздаған айырмашылық болғанымен, олардың идеологиясы мен түпкі мақсаттары бірдей, пір тұтатын идеологтары мен пайдаланатын әдебиеттері де ортақ.  

«Салафилік» деген бір ғана атаумен бірігетін бұл ағымдардың ортақ мүддесі – зайырлы мемлекет құндылықтарын терістеу, ислам мемлекеті идеясын орнықтыру. Діни сенім бостандығын қамтамасыз ететін зайырлы мемлекетті «дінсіз, кәпірстан» деп танытатын салафилік ағым өкілдері ондай мемлекеттен ауа көшіп, ислам шариғатымен басқарылатын елге кетуді («хижра жасауды») насихаттайды. Ешбір негізі жоқ осындай жалған идеяға алданып, «мұсылман еліне хижра жасадық» деген сеніммен жүздеген қазақстандық жастардың Сирияға аттанып, ДАИШ қырғынының құрбанына айналғаны белгілі.

«Ұлт» деген ұғымды жат санайтын салафилік идеологияға мемлекеттің тірегі болып табылатын ұлттың рухани құндылықтарын, төлтума мәдениеті мен салт-дәстүрін, тіпті мұсылмандық тарихын да жоққа шығару тән. Салафилікті ұстанушылар қазақтың кішіпейілділік пен құрметтен туындаған ізгі дәстүрлерін «Аллаға серік қосу», «бидғат» деп негізсіз айыптап, тарихқа тағзым іспетті зиярат мәдениетін терістеуде. Қазақ даласында бұрын-соңды болып көрмеген қабір қирату секілді қасиетсіздік де салафилік ағым өкілдерінің ортасында орын алды.

Дәстүрлі қазақ мұсылмандығын жоққа шығарудағы тағы бір мақсат –  ислам дінін Қазақстанға тәуелсіздіктен кейін ғана келген жаңа дін секілді көрсетіп, сол кезеңде араб елдерінен тәлім алып келген салафиліктің уағызшыларын «таза» исламды таратушылар ретінде дәріптеу болып отыр.

Өзге дін өкілдерін «кәпір» санап, аса төзімсіздік салафилік ағым өкілдеріне қазақстандық менталитетке тән мәмілегерлік (толеранттылық) мүлде жат. «Кәпірлердің мал-мүлкі мұсылмандарға халал, кез келген жағдайда тартып алуға болады» деген дәстүрлі исламға жат түсінікті ұстанатын салафилік ағымы көп конфессиялы Қазақстан сынды мемлекет азаматтары үшін төтенше қауіпті болып табылады.

Салафилік ағым өкілдері намаз оқымайтын мұсылмандардың өзін кәпірге шығарады. Намаз оқымайтын ата-анасынан ұл-қызын бездіріп, оларды оқшауланған жамағаттарға тартып, отбасының күйреуіне соқтырып отырған көптеген зардапты іс-әрекеттерге салафилікті ұстанушылар себеп болып отыр.

Неке мәселесіне жауапсыз қарайтын салафилік жамағат өкілдері арасында уақытша некені заңдастыру әбден белең алған. Ата-аналарының келісімінсіз жамағаттағы әлдебіреулердің куәлігімен неке қия салатын жұптар дәл солай ешбір жауапкершіліксіз оңай ажырасады. Ер адамның көңілі қаламаса үш рет талақ айтып ажыраса салу, отбасы және бала алдында ешқандай жауапкершілікті сезінбеу салдарынан жамағат ішінде қолдан-қолға көшіп жүретін қыз-келіншектер, кімнен туылғаны белгісіз балалар көбейген. Ел ішінде мұндай келеңсіздіктер артып келеді.

Салафилік ағым өкілдері өздеріне тән намаз оқу үлгісімен еліміздегі мешіт жамағатынан ерекшеленуге тырысып, ғасырлар бойы жалғасқан діни тәжірибе сабақтастығын күйретуде. Қоғамдық орын болып табылатын мешіттердің ішкі тәртібін сақтамай, жамағаттың бірлігі мен имамдардың беделіне нұқсан келтіруде.

Исламның рухын түстеп танымаған, діннің мазмұндық қырына емес, тек формалық жағына мән беретін, сақалды, қысқа балақ пен хиджабты мұсылмандықтың тікелей көрінісі ретінде танытуға тырысатын салафилік ағымның даму атаулыны қабылдамайтын шектеулі дүниетанымы мұсылмандар үшін де аса қауіпті. «Құран аяттарын тура мағынасында ғана қабылдау керек, оны ақылмен пайымдауға болмайды» деген буквалистік көзқарасқа да сол шектелушілік себеп болған.

Осы керітартпа көзқарастың салдарынан ислам ғұламаларын, мазхабтар тағылымын мойындамау, ұлттық дәстүрлерді, мәдениет пен тарихты теріске шығару, исламдағы зайырлылық қағидаттарын, дінаралық сұхбатты, толеранттылықты жоққа шығару, «жиһад» ұғымын бұрмалап, тек «қарулы соғыс» мағынасында түсіндіру секілді көптеген қате түсініктер қалыптасып, ғасырлар бойы негізсіз қантөгіске ұласып келді. Сол теріс түсініктер қазір қазақ топырағында жалғасып, лаңкестік әрекеттерге жол ашып отыр.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!!!

Қазақстан халқының бірлігі мен келісімі – тәуелсіз мемлекетіміздің баға жетпес байлығы екенін Өзіңіз үнемі атап көрсетіп келесіз.

Сол бірлікке сына қағып, келісім кеңістігіне нұқсан келтіріп отырған дәстүрлі емес салафилік ағым идеологиясына тыйым салу қажеттігін қазір бүкіл қоғам ашына көтеруде, толассыз талқылауда.

Еліміздің сөзұстар зиялылары, айтары бар аға буын өкілдері, саясаткерлері мен сарапшылары, дінтанушылары мен имамдары бір кісідей салафилікке тыйым салу қажеттігін ашық мәлімдеп, айқын дәлелдеп отыр.

Өз кезегінде салафилік ағым өкілдері де әрекетсіз отырған жоқ. 2014 жылы «Ат-Такфир уаль-хиджра» ұйымына тыйым салынғанда өздерінің барлық теріс пиғылды идеяларын тәкфіршілікке аударған салафилер енді күмәнді көзқарас атаулыны уаххабилікке жауып, өздерін ақтап алуға тырысуда. Салафилікті уаххабиліктен бөлек ағым ретінде таныту мақсатында жасанды зерттеулер «жүргізіп», «қалыпты салафизм» деген жалған идеяны негіздеуге күш салуда.  Дәстүрлі емес ағымдардың өзін айыптамай, олардың тарала бастағанына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын кінәлап, ел назарын басқа тарапқа бұруда.  Яғни, барлық радикалдық қимылдардың ордасы болып табылатын салафилік ағым тағы да қой терісін жамылған қасқырдай, заңды тыйымнан тыс қалуға жанталаса күрес жүргізуде.

Бұл әрекеттер мен идеялардың негізсіз екендігін дінтанушы ғалымдарымыз жан-жақты дәлелдеп берді. Салафилік пен уаххабиліктің бір екендігі, «қалыпты салафилік» деген ұғымның мақсатты түрде енгізілген  жасанды ұғым екендігі, өзін ақтамағандықтан әлемдік деңгейде, тіпті араб елдерінің өзінде терістелгені, салафилік ағымдардың барлығына экстремистік шетін көзқарастардың тән екені ғылыми негізде дәйектелді.

Салафилік – радикалды ағымдардың бастауы, экстремистік идеялардың ошағы. Бүгінге дейін Қазақстан Республикасында сот шешімімен тыйым салынған 670 әдебиеттің 334-і салафилік ағым өкілдеріне тиесілі болуы – осының айқын дәлелі.

Салафилікке тыйым салу мәселесі бүгін ғана өзекті болып отырған жоқ. Жоғарыда аталған «Ат-Такфир уаль-хиджра» ұйымына тыйым салу тәкфіршілер бір бөлігі болып табылатын салафилік ағымдарды бөлшектеп еңсерудің басы деп тануға лайық үдеріс болатын. Ал салафиліктің көптеген теріс пиғылды әдебиеттеріне сот шешімімен тыйым салынуы – осы үдерістің орта бөлігі. Ендігі кезекте салафилік ағымына тұтастай тыйым салу арқылы осы үдерісті толық аяқтау қажеттігін соңғы кезде жиілей түскен лаңкестік оқиғалары күн тәртібіне қойып отыр.

Тәуелсіз саясаты, дербес ұстанымы, ішкі-сыртқы қатынастары орныққан ел ретінде біздің салафилікке тыйым салудан тартынуымызға ешбір негіз жоқ. Бұл үдеріс салафилікке адасып ерген ел ішіндегі көптеген азаматтардың дұрыс сенімге қайтуына мүмкіндік береді. Отандастарымыздың салафилік идеология ықпалына түсу қарқынын азайтады, уақыт өте келе барынша бәсеңдетеді. Салафиліктің жекелеген өкілдері көзқарастарының радикалдана түсуі мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды, бірақ бұл құбылыс салафилікке тыйым салынбаған қазіргі кезеңде де жүріп жатқаны белгілі. Ағымға тыйым салынған жағдайда радикалдану үдерісіне ұшырайтын тұлғалар саны сөзсіз азаймақ.

Сыртқы саясат мәселесіне келгенде салафиліктің зиянды салдарынан мұсылман мемлекеттерінің де зардап шегіп отырғанын, сондықтан араб елдерінің өзінде салафилікке қатысты көзқарастардың бірыңғай жағымды еместігін ескеруіміз қажет. Барлық мұсылман мемлекеттерінің ресми діні ислам болып табылады, ал салафилік немесе уаххабилік ешбір елде ресми діни ағым ретінде бекітілген емес.

         Уаххабилікке іш тартатын Сауд Арабиясы Корольдігімен қарым-қатынас мәселесіне келсек, мемлекетаралық қатынастарда діни қатынастар емес, экономикалық мүдделердің басты орында тұратынын назарға алған жөн. Дәстүрлі емес ағымдар зардабын бізден ертерек және тереңірек тартқан Дағыстан, Өзбекстан, Тәжікстан секілді елдерде салафилік-уаххабилікке сот шешімімен тыйым салынғанына қарамастан, бұл елдердің араб мемлекеттерімен қарым-қатынасына нұқсан келмегені белгілі.

Салафилікке тыйым салу Қазақстан Республикасының зайырлы тұрпатын сақтау мен дамытуға, көпконфессиялы елдегі тыныштық пен тұрақтылықты, еліміздің мұсылман азаматтары арасындағы ішкі бірлікті сақтауға және нығайтуға, Қазақстан халқының дәстүрлі құндылықтары мен төлтума мәдениетін сақтап, дамытуға, отбасылық құндылықтарды күшейтуге, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының беделін арттыруға, Қазақстан халқының бірлігі және біртектілігі идеясын тұғырландыра түсуге жол ашады.

Тек салафиліктің барлық ағымын анықтауда, елге тигізер зиянын жоюда қоғамдық күштердің белсенділігіне жол ашып,  билік пен қоғамның бірге тізе қосуы ғана тиісті нәтижеге қол жеткізетіні белгілі.

         Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!!!

«Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауыңызда қазақстандықтардың діни санасын елдің салт-дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес қалыптастыру міндетін Өзіңіз атап көрсеткен болатынсыз.

Соның негізінде біздің қазақстандық қоғамда қазір дін мен дәстүр сабақтастығын, дәстүрлі құндылықтарға негізделген діни танымды қайта жаңғырту шаралары маңызды орын алуда. Ал салафилік идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отыр. Бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне соқтыруда. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғаумен ұштасатыны айқын.

Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейтіні белгілі. Себебі дін – тек сенімдік ұғым емес, ол – халықтың тарихы, мәдениеті, дүниетанымы, өмір сүру мәнері.

Мәңгілік елдің тірегі – мәңгілік құндылықтар. Сол құндылықтардың бірі – ұлт болмысымен астасқан дәстүрлі дін.

Сондықтан қазір барша қазақстандықтар, әсіресе еліміздің мұсылман азаматтары қазақ мемлекеттілігі мен рухани-мәдени құндылықтарының қалыптасуына негіз болған ата дініміз – исламның лаңкес ағымдардан азат болып, өскелең буынға мыңжылдықтар бойына рухани бағдар болуына негіз салатын шешім қабылдануын күтуде.

       Салафилікке тыйым салу зайырлы мемлекетіміздің негізгі құндылықтарын – мемлекет азаматтарының өмірін, бостандықтары мен құқықтарын, ұлттық қауіпсіздікті, ішкі тұрақтылықты, халықтың рухани-мәдени құндылықтарын сақтау мен нығайтуға бағытталған сарабдал саясат,  сара шешім болмақ.

 

Құрметпен,

ИСАБЕКОВ Дулат –жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Мәдениет» журналының бас редакторы;

ДОСАНОВ Сәбит – жазушы,  ҚР Мемлекеттік сыйлығының   лауреаты, Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Халықаралық «Түрік еліне қызмет» сыйлығының иегері;

МЫРЗАХМЕТҰЛЫ Мекемтас –  ҚР Мемлекеттік сыйлығының   лауреаты, Халықаралық «Түрік еліне қызмет» сыйлығының иегері, Филология ғылымы докторы, профессор

МЕДЕТБЕК Темірхан – ақын , ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;

НИЯЗБЕК Рафаэль – ақын, Шешенстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты

САПАРБАЕВ Исраил – ақын, Тәуелсіз “Платиналы Тарлан” сыйлығы лауреаты

ЕСДӘУЛЕТ Ұлықбек – ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы;

ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ Серік – ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты;

КӨШІМ Дос – “Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы;

ӘЗІМБАЙ Ғали – саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы;

ТОҚАШБАЕВ Марат – «Президент және халық» газетінің Бас редакторы, ҚР ПҒА  академигі, профессор;

ЖАЙЛЫБАЙ Ғалым – ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты;

ИСА Қазыбек  –  “Қазақ үні” газеті президенті, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық – “Алтын күз” ордені иегері.

БАПИ Ермұрат – «ДАТ» жобасының жетекшісі, қоғам қайраткері;

САРЫМ Айдос –  Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі, Қазақ Ұлттық   Кеңесі төрағасының орынбасары;

ӘКІМ Жанұзақ – Халықаралық Адам институтының президенті, ҚР Ұлттық   Жаратылыстану ғылымдары Академиясының корр.-мүшесі, Еуропа жаратылыстану ғылымдары Академиясының мүшесі;

СҚАБЫЛҰЛЫ Арман – ҚР Ақпарат саласының үздігі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты;

ҚУАТ  Дәурен – «Абай.kz» ақпараттық порталының жетекшісі;

МҰҚАШ  Құлтөлеу – ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты;

МӘКІМБАЙ Бақытгүл – “Общественная позиция”  газеті бас редакторы

МҰҚАН Дархан  – “Қамшы.кз”  порталы бас редакторы;

ТАСҚАРАҰЛЫ Азамат – ақын, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты;

БӨТЕЕВ Марат – «Аллажар-қолдау» қоғамдық қорының төрағасы;

АШУҰЛЫ  Ж. – Қазақстан саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы;

ҚЫСТАУБАЕВ Геройхан – қоғам қайраткері;

БЕЙСЕНБАЙТЕГІ Руза – “Ұлт тағдыры” қозғалысы Павлодар облысы филиалы төрайымы

АҚЖІГІТ Өмірзақ– тәуелсіз журналист;

АБАЖАН Зейнолла  – журналист;

САДЫҚ Гүлмира – журналист

МҰҚАНҒАЛИЕВ Ермек – ғалым, қоғам қайраткері;

ЖӘКЕЙ Ғабиден – Ғ.М.Мүсірепов атындағы қордың төрағасы;

АБАҒАН Мұқтархан – Кенесары Хан қоғамдық қорының төрағасы;

ОШАНБЕКОВ Нұржан – “Мемлекеттік тіл” РБ жауапты хатшысы;

МҰХТАРБЕК С. – журналист, қоғам қайраткері;

УАТҚАН Марат – тәуелсіз журналист;

ӘБІЛҚАЙЫР Қанат – жазушы

КӨБЕНҰЛЫ  Ерлан – “ГУ-ГУ.кз” ақпараттық порталы бас редакторы

САБЫРОВ Өмірбай – қоғам белсендісі

МЕРГЕНБАЙ Сағидолла – қоғам белсендісі

АБАЙ Серік – қоғам белсендісі

МҰСТАФА Аңсаған – блогер

ШОНЖАН Әуелхан– қоғам белсендісі, блогер

БОРЫҚБАЕВ Марат – қоғам белсендісі және тағы басқалар.

Барлығы  103 адам қол қойған. Қол қою жалғасуда.

qazaquni.kz

 

 

 

20 ПІКІРЛЕР

  1. Бұл бір,жанжакты камтылып тамырын терңнен козғаған халыктын жан айқайын жете камтыған»макала»деп ойлаймын.Үкімет тарабынан қатаң шешім болуы керек ….

  2. Ассаламу алейкум рахматуллахи у баракату курметти бауырлар салафит бул агым емес биреулердин истеген кате истердин кесиринен салафит деп жала жауып жатыр субханАлла осы коментарияны жазып жатканнын кобиси намазын окымай ислам диннин шаригатын биле билмейсиз журектеринизге Алла кидаят берсин сиздерге.

  3. А…кум елімізде теріс ағымға қарсы туруда 1- бұлардың атаманы жоғарыда жагымпаздыкпен ел басының жанына барып туыс тугандарын тартуда бет перде кйып.2- жемкорлардын колынан түкте келмейді аузына жем тускен иттей жол ортада боқпен алданып қалабереды өткені теріс ағымда ақша жетерлік 3- булар өте әккі қу жолтауып сытылып жалғасты алған бетін қайтпай кушеие бермек аикай шуы көп бос топыр уақыт созылып көнерып кала береді ал булар берекесіз қорқақ елді куртып жыберерме екен бул хак сөз.

  4. Оте дурыс, оте сауатты жазылган! Колдаймын.
    Курметти Елбасынын колдайтынына сенемиз. Депутаттар да оздеринин колдауын корсетер.

    Салафиттер елдин болашагына кауып тондирип тур. Олар Казахстанга саткын екендигин анык корсетти. Олар баска елдердин 5-колоннасы екенин оздери айгактады. Созбен емес – испен. Енди нени кутемиз? Оларга тез жэне катан шара колданбасак, еш уакытта битпейтин азамат согысына душар боламыз. Озгелердин катесинен сабак алайык. Казахстанды Сирия, Ирак, Ауганыстан сиякты жагдайга душар етсек келешек урпактардын кол- косир коз жасы мен ащы каргысына ушыраймыз. Араб елдеринин кас-кабагына караудын кереги жок.
    Салафизм жойылсын Казахстаннан!

  5. Менде дауыс беріп қолдаймын. Салафия уаһабия ағымын түп тамырымен құрту керек.. Келешек жастарды, жалпы қоғамды корғау керек. Заңның тезірек қабылданып іске асуына тілектеспін!!!

  6. Діннің жағдайы астарлы. Бұған арнайы, саналы түрдегі дайындықпен ғана жауап беру керек. Басқасын, ойлана тұрайық.

  7. Құдай сақтасын, өзге діни ағым өкілдері көбейіп бара жатқандығы мені қатты алаңдатады.

  8. Жүре берсең көре берсең деген осы екен-ау. Кезінде белгісіз дерттерді емдей алмай, ауруын анықтамай адамдар өлетін болса, қазір қолдан жасалған терроризмнің қаншама адамдар құрбандарына айналды. Қазіргі заманның дерті – салафизм

  9. Ислам діні бейбітшіліктің діні, ал ендеше террорлық шабуылды ұйымдастырып жазықсыз жандардың өмірлерін құрбан ететіндерді қалайша мұсылман деуге болады?!

  10. Оңай шаруа емес, қазір өздерін нағыз мұсылманбыз деп өздерінің өзге ағымды жүргендерін білмейтіндер көбейген

  11. Қоғам белсенділерінің мына әрекеттеріне риза болып отырмын, салафиттерге шынымен де бір амал жасамаса болмайын деп тұр

  12. Дұрыс мәселе көтеріпті. Елбасы бұл мәселенің шешімін табады деген ойдамыз. Бұл салафизм ғасыр дерті болып бара жатыр.

  13. Меніңше Қазақстанда түрлі ағымдарға онсыз да тыйым салынған. Егер заңды тыйым салынатын болса тіпті жақсы болар еді. Бірақ бұл да өте күрделі мәселе.

  14. Айналайын, арыстарым-ай! Бар екенсіздер ғой! Біз айта-айта қайран болмады. Саңырау һәм көзі соқыр үкімет енді сіздердің үндеріңізге құлақ асар деген үміттеміз.

  15. Осындай ұлы мәселелерді көтермесе ұлт зиялылары ЗИЯЛЫ болады ма?! Әй, бәрекелді! Ұлттың өзегін кеміріп бара жатқан сәләфит-құрттарды құртатын уақыт әлдеқашан келді.

  16. Салафилікке тыйым салу – ұлттық қауіпсіздікті сақтайтын сарабдал саясат
    ЕЛІМІЗДІҢ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІНІҢ УАХАБИЗМ-САЛАФИЗМ АҒЫМЫНЫҢ БАРЛЫҚ ТАРМАҒЫН ЭКСТРЕМИСТІК ДЕП ТАНУ ТУРАЛЫ ЕЛБАСЫҒА АШЫҚ ХАТЫ
    http://www.qazaquni.kz/2016/08/26/56954.html

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз