«Чекті сиктиңыз!». Centercredit банк — қазақ халқын басынған банк екен
2016 ж. 25 тамыз
4607
15
О, тоба! «Чекті сиктиңыз!». Тура солай жазылып тұр! Centercredit банк — қазақты әбден басынған банк екен дегеннен басқа сөз түспейді ауызға. Бұл туралы 365info.kz хабарлайды. Иә, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында Centercredit банк Қазақстанға үлкен «сый» жасады. Бұл банк басқаны қойып, қазақ тілін аяусыз масқаралап жүр екен.
Facebook қолданушыларының ашу-ызасын туғызып, желіде таралып жатқан банктің мына бір чегі кеше ғана алынған. Онда берілген уақыты деген жерде 24.08.2016 деп тұр. Демек, қателесіп тұрған жоқпыз, бүгін — 25-тамыз, чектің алынғанына бір-ақ күн болған.
Сонда дейміз-ау, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері бұл банк осындай масқара чекпен Қазақстан тұтынушыларын қорлап-масқаралап келген бе?
Тіпті, банк Қазақстан нарығына бертінде — 2000 жылдары келді десек-тағы, әйтеуір қандай нарыққа келгенін нақ білетін білдей банк неге мемлекеттік тілге бұлайша жүрдім-бардым қарайды?
Нақтырақ айтқанда, қаржылық әлеуеті шектеулі шағын бір фирма болса жарайды, түрлі деңгейде менеджер, маркетингтік маманы сынды жандайшаптары бар білдей банктің тіл мәселесіне сорақылық жіберіп қойып, қарап отырғаны қалай?
Жарнамасына қарасаңыз, «банк дәстүрлі құндылықтарды қастерлейді» дейді.
Ал өзі қызмет етіп отырған елдің дәстүрлі тілін қастерлеудің орнына, оны қорлап, өз саясатын өздері жоққа шығарып, масқара болып жатқандарында шатақ жоқ секілді.
Рахметтің орнына Шихметті, Өтінеміз дегеннің орнына Өтішеміз дегенді көрсетіп, барша әлеуеттің басын қатырып қойғаны. Бұл өзі қай тілде?
Өзге тіл деп өзімізді алдауратайық десек, тіптен келмейді. Бізде заң бойынша қызмет көрсету қолданысында үш тілге ғана жол беріледі: қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын.
Демек, бұлай өз-өзімізді алдамай-ақ қоялық.
Бұл — банктің ашықтан-ашық қазақтарды қорлағаны, өзі жұмыс істеп, ақша тауып отырған мемлекеттің ана тілін аяқ-асты етіп, бетіне түкіргені.
Ендеше қоғамда үлкен дау туғызып, көптің құқығын таптап, ар-ожданына тиген бұл мәселенің құзырлы орындар анық-қанығын біліп, банкті жауапқа тартады деп сенеміз. Ал банк өз тарапынан бұл мәселеге қатысты БАҚ арқылы жауап беруі керек деп есептейміз.