ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНЫҢ ҚАРАЖАТЫ ҚАЙТАРЫЛА МА?
2016 ж. 22 тамыз
2488
16
Соңғы кезде үлкен әңгімеге айналған Бірыңғай зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігінің қайда жұмсалатыны белгілі болды. «Эскпо-2017» аумағындағы «MEGA Silk Way» ойын-сауық орталығының құрылысына зейнетақы қорынан бөлінген қаражат ең сенімді тетіктермен қорғалған деді арнайы брифинг өткізген «Қазақстанның даму банкі» басшысы Болат Жәмішев.
Зейнетақы қорындағы қаражаттың «Экспо» аумағындағы құрылысқа жұмсалатыны өткен аптада бүкіл жұртты дүрліктіргені белгілі. Биліктегі біреулер «Экспоға» берілмейді деп ант-су ішуге дейін барды. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деп тегін айтылмаған, ақыры қор қаржысының бір бөлігі берілетіні анықталды. Оны Жәмішевтің өзі айтып отыр. Мейлі, қаржы қайда берілсе де елімізге пайдасын тигізіп, оның қайтарымы болса жақсы ғой. Оның үстіне артық босқа жатқан ақша емес, зейнеткерлердің күн көрісіне арналған қаражат болғандықтан тұрғындар арасында алаңдаушылық тудыруы да түсінікті. Енді міне халық көкейінде ол қалай қайтарылады деген үлкен сұрақ тұр. Қаржыны қисынсыз жұмсау ертеңгі күні зейнеткерлерімізді аш қалдырып жүрмей ме деген күдік басым. Қазақстанның даму банкі Зейнетақы қорынан 171 млрд. алған екен. Оның 15 миллиарды «Экспо» құрылысына қалай бөлінгені туралы, бір апта бойы дүйім жұрттың дүрлігуінен соң ғана Жәмішев түсіндіріп отыр. Халықты шулатпай осыны әу баста айтып түсіндірсе болатын еді ғой. Оның айтуынша, несие «Бәйтерек Девелопмент» арқылы 15 жылға берілген. Есесіне «Бәйтерек» өз есеп-шотындағы қаражатты кепілге қойыпты. Бұл банк секторында ең қауіпсіз қаржылық әдіс, яғни тәуекелсіз тәсіл болып есептеледі дейді белгілі қаржыгер. Демек, «MEGA Silk Way» жобасы қарызды қайтара алмаса, зейнетақы қорына тиесілі ақша «Бәйтеректен» ұсталады. Болат Жәмішев банк тәжірибесінде кепілдік есеп-шоттағы ақша ең тиімді және қауіпсіз тәсіл деп түсіндірді. Сондықтан бұл жобаға құйған қаражаттың қауіпсіздігі сенімді болып есепетеледі екен. Банктің қоржынындағы басқа жобаларға қарағанда бұл ауқымды, «MEGA Silk Way» аумағы 140 мың шаршы шақырым екі қабатты ойын-сауық орталығынан тұрады. Батыс бөлігі Назарбаев университетімен, шығысы «Экспоның» негізгі павильонымен шектеседі. Оның осыдан екі жыл бұрын «Нұр плаза» атала жаздағанын жұрт жақсы біледі. Белгілі бизнесмен Нұрлан Смағұлов жобаны таныстыру кезінде Елбасының сұрағына «жалпақтауды өмірдің өзі үйретті» дегені де ел есінде. «Экспо» аумағында алып құрылыс салып жатқан Нұрлан Смағұлов биыл «Мега Астана» мен «Мега Ақтөбесін» сатып жіберді. Бизнесмен табысты жобалардан қол үзуін қаражаттың болмағандығынан деп ақталған. Арнайы брифинг өткізген Жәмішевтің өзі де «Екінші деңгейлі банктер ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландыра алмайды. Қазір ақша жоқ» деп түсіндірді. Сондықтан Бірыңғай зейнетақы қорындағы қаржыға қолқа салуға тура келіп отырған көрінеді. Оған қоса инфрақұрылымдық және туристік жоба ретінде жұртты үркіткен аталмыш ойын-сауық орталығы зейнетақы қорынан қаржы алуға құқылы дегенді айтып отыр.
Жәмішевтің пікірі өз алдына, зейнетақы қорына байланысты басқа да мамандардың пікірі бар емес пе? Шынын айтсақ, көптеген мамандар бұған күдікпен қарайды. Мысалы белгілі экономист Айдархан Құсайынов зейнетақы қорындағы қаражаттың түрлі жобаларға инвестицияланатыны қалыпты жағдай. Тек қаржы қайтарымы жоғары, табысты жобаларға құйылуы керек деген ойда. «Зейнетақы қорындағы қаражат текке жатпай жұмыс істеуі керек. Ол «Экспоға», болмаса басқа жобаларға салынады. Ақша босқа жатып, өспейтіні белгілі. Оны бәрібір біреулерге береді. Ал кіріс пен қайтарудың тәуекелі бар, бұл қалыпты қаржылық құрылым. Оны қарызға беру де солай. Ал оны қайтарымы жоғары жобаларға құю – ол бөлек әңгіме. «Қазақстанның даму банкі» зейнетақы қорындағы ақшаны нарықтық 14 пайыздық үстемақымен алып, «MEGA Silk Way» құрылысына 16,5 пайызбен қарызға берген. Жыл сайын 1,5 пайыздық өсіммен 15 жылда қайтады» дейді экономист.
Жәмішев он жерден ант-су ішіп сендіргенмен, қауіп-қатер бар екені белгілі. Банк ұтылмайды, ол жағын жақсы білеміз. Қазірдің өзінде зейнетақы қорының үстінен 2,5 пайыз пайда көрейін деп отыр. Ал кепілдік беріп отырған «Бәйтерек» қорының жұмысы да соңғы кездері жұмбаққа айналып отырғанын депутаттарымыз талай рет айтқан болатын. Қайсысына сенуге болады? Бізге ең бастысы ертең зейнеткерлер ақшасыз қалмауы қажет. Яғни, қазақша айтқанда «Байтал түгіл бас қайғының» күйін кешіп жүрмесек болғаны. Банктің үлкен үстеме мөлшерлемесін көргенде осындай ойға қаламыз. Оның үстіне «Самұрық Қазына», «Бәйтерек» секілді ходингтер халық сенімін жоғалта бастағаны аян. Алдында Жәмішев айтқан «Бәйтерек Девелопмент» сияқты еншілес фирмалар ашып алып, сол арқылы жемқорлықпен айналысып жатыр деген әңгімелер жиі айтылатын болды. Оны да негізсіз дей алмаймыз. Есеп комитетінің түрлі мекемелерді тексерулерінің қорытындысы осыған нақты дәлел. Ең өкініштісі, Есеп комитеті анықтап, тауып берген қаржылық заң бұзушылықтар үшін нақты жауапқа тартылып жатқандарды да байқамадық. Соған қарап «Қайран зейнетақы қорына қор болған халық қаржысы!» деп санымызды соғып жүрмесек болғаны...
Зейнолла АБАЖАН
qazauni.kz