АЛМАТЫДА ЖЫНДЫХАНАДАН ҚАШҚАН ЖІГІТ ЖИҺАДТЫ АҢСАҒАН САЛАФИТ БОЛЫП ШЫҚТЫ

image

10 тамызда Алматыдағы психикалық науқастар орталығынан қашып, 12 тамыз күні ұсталған науқастың салафит ағымын ұстанатыны белгілі болып отыр, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Науқас ауруханадан қашып кетті деген күні Алматы полицейлері де аяқтарынан тік тұрған көрінеді. Дереу қашқынның «бағыттамасы» (ориентировка) жер-жерлерге таратылып, іздеу жұмыстары қызу басталып кеткен. Бұл іздеу әдеттегі жындыханадан қашқандарды іздеуге мүлдем ұқсамайтыны да содан.

Сөйтсек, 1982 жылы туған Қанат Қожамбетов есімді науқас тегін науқас емес екен. Ол жай ғана көп салафиттің бірі емес, 2014 жылы Өскеменде жастарды теріс діни ағымға тартып, жиһадқа шақырғаны үшін істі болған, сот қаулысымен 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеп құтылған, солайша құқыққорға уоргандарының қырағы назарына іліккен жан көрінеді. Бұл айтылғандардың біразы полиция таратқан «ориентировкада» да көрініс тапқан.

Алайда, полицейлердің аяғынан тік тұруына себеп болған жағдай бұл емес басқа сияқты. Ол не дейсіз бе? Ол – Қанат Қожамбетов бұрын полицияда және ҰҚК шекара қызметінде де қызмет атқарғандығы. Яғни, ел аумағында лаңкестік қауіптің «сары деңгейі» күшінде тұрған сәтте өзі салафит, өзі психикалық науқас, ең бастысы қару-жарақ қолданудың қыр-сырына қанық Қанаттың емін-еркін жүруі кімді болса да алаңдатары анық.

Полиция жариялаған мәліметтерде оның салафиттік ағымды ашық қолдайтыны, өзін бірде «Мәді», бірде «Зұлыпқар» атайтыны, Шам еліндегі қарулы қақтығыстарды қолдайтыны туралы, созылмалы шизофрениямен науқастанатын оның мәжбүрлеп емдеу үшін ауруханаға жатқызылғаны айтылады.

Абырой болғанда, қауіпті науқас көп кешікпей компьютер клубтарының бірінде полицияның қолына түскен. Бостандықта жүріп ешқандай қылмыс жасап үлгермепті.