Бай баласы көлігімен құрылысшыларды қағып өлтіріп, қашып кетті
2016 ж. 16 тамыз
2523
1
Шымкентте үлкен жылдамдықпен жүйткіген қымбат көлік жол жөндеп жүрген жұмысшыларды қағып кетті. БМВ -ның астында қалған жұмысшылардың бірі оқиға орнында тіл тартпай кетсе, тағы үш жұмысшы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Қазір олардың біреуі хәл үстінде. Ал жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын көрсететін белгілерге қарамай, қазылған орға түсіп кеткен жүргізуші қымбат көлігін тастай қашқан. Полицейлер 20 жастағы жігітті 3 күннен бері іздестіріп жатыр.
– Жантүршігерлік жол апаты сенбі күні қаланың қақ ортасында болған. Таңғы сағат 5 жарымда жұмысшылар құбырларды ауыстыру үшін жолға шығыпты. Осы кезде жоғары жылдамдықпен жүйткіп келген БМВ ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөніндегі белгілер мен қоршауға қарамастан бір топ жұмысшыға беттепті. Қымбат көлік зулап келген бойы 4 адамды қағып өтіп, мына арыққа түсіп кеткен. Ал апат орнында қан іздерін әлі де байқауға болады.
Басқа жұмысшылар қансырап жатқандарға көмекке жүгірген сәтте БМВ ішінде болған екі азамат апат орнынан тайып тұрған. Ауыр жарақат алған жұмысшылардың біреуі 21 жастағы Әлібек есімді азамат сол жерде көз жұмған. Тағы үшеуі түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. 18 жасар екі жұмысшы сол күні-ақ үйіне жіберілсе, дәрігерлер 38 жастағы Еркінбек Асылбаевтың жағдайы ауыр деп отыр. Бірнеше мәрте ота жасалған ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
«Бастың жабық ми жарақаты, мидың шайқалу диагнозы. Көкірек қуысының жабық жарақаты, бұғананың сынуы, іштің жабық жарақаты. Бауырдың жыртылуы, жедел ота жасалды. Бауырдың лапортомиясы, жыртылғаны тігілді», – дейді Шымкент қалалық жедел-жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі Сәбит Байбосынов.
Ал жол апатын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушінің өзі әлі іздестірілуде. 20 жасар күдіктінің суреттері әлеуметтік желілерге де көптеп шығарылды. Ғаламтордағы деректерге сүйенсек, Исмайыл Сүлейман есімді жігіт АҚШ-тың беделді колледждерінің бірінде оқуын аяқтап, Дубайда жоғарғы оқуын жалғастырып жүр екен. Қазір күдіктіні іздестіріп жатқан ішкі істер департаментіндегілер оның атын атамаса да, ұсталған жағдайда жазасы ауыр болатынын айтады.
«Оның автокөлігінен газды тапанша алынған. Және де осы жол-көлік оқиғасына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 3 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол 345 бап бойынша «жол ережесмін бұзу» және 347 бап бойынша «болған оқиға жерінен бой тасалау кету». Және 283 бабы бойынша «заңсыз қару сақтау, тасымалдау»», – дейді ОҚО ІІД Анықтау басқармасының аса маңызды тапсырмалар бойынша аға анықтаушысы Салтанат Қаракөзова.
Апат орын алған кезде күдіктінің жанында болған досынан полицейлер жауап алуда. Тергеушілер қымбат көліктің тізгінінде болған жүргізушінің спирттік ішімдік ішкен болуы мүмкін деген нұсқаныда қарастырып жатыр.