Дәурен Бабамұрат: Комиссияның құрылуы – халықтың жеңісі
2016 ж. 16 тамыз
2541
3
Жер комиссиясының бүгінгі отырысында комиссия мүшесі Дәурен Бабамұратов ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға беру мен қазақстандықтарға жекеменшікке сатуға қойылған мораторийді тағы бес жылға ұзарту туралы ұсынысты қолдады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Қалыптасқан жағдайда ең ұтымды шешім осы болса керек. Сондықтан бұл – халықтың жеңісі, елдің жеңісі. Бұрын көтеріліп жүрген басты мәселелер осы еді. Үш айдың ішінде біз екі тараптың да көзқарасын тыңдадық», – деп атап өтті Дәурен Бабамұратов.
Оның пікірінше, ортақ шешім қабылдау үшін уақыт керек екені сөзсіз.
«Сондықтан мен мораторийді қолдаймын. Ал енді, бір айдың ішінде комиссия құрамы тәп-тәуір ондаған ұсыныс айтты. Ол ұсыныстардың тағдыры не болады? Осы ұсыныстардың ұтымды болуын, дұрыс жүйеге асуын, ары қарай дұрыс өңделуін, жөнделуін кім қадағалайды, кім бақылайды? Біздің осындай мінберден тағы сөйлеуге мүмкіндігіміз бола ма? Осы сұрақтар мен үшін өте маңызды. Енді, мораторий жариялағаннан кейін комиссия жұмысы тоқтайтыны айдан анық. Ол дұрыс та шығар. Бірақ та комиссияның шешімдерін бақылайтын, іске асыратын, қарап отыратын қосымша бір орган немесе тағы бір комиссия құрылуы қажет екені сөзсіз. Мен мораторийді қолдаймын», – деп түйіндеді комиссия мүшесі.
Естеріңізге сала кетейік, Жер реформасы жөніндегі комиссияның бүгінгі отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі, комиссия төрағасы Асқар Мырзахметов Жер кодексінің кейбір баптарына енгізілген мораторийді бес жылға – 2022 жылға дейін ұзартуды ұсынған болатын.
Арман АСҚАРОВ
qazaquni.kz