ЖЕР РЕФОРМАСЫ БОЙЫНША КОМИССИЯНЫҢ ШЕШІМІ: НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ?
2016 ж. 16 тамыз
3158
16
Астанада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен Жер реформасы бойынша комиссияның кезекті отырысында осы бағыттағы бұған дейін атқарылған жұмыстардың қорытындылары тұжырымдалды.
Елбасы тапсырмасына сәйкес, Комиссия мүшелерінің Астанадағы 4 отырысы мен Ақмола, Алматы, Қызылорда және Атырау облыстарында жергілікті тұрғындармен өткізілген кездесулердің нәтижесі мен ұсыныстары ескеріліп, сондай-ақ, жер реформасы бойынша бастамашыл азаматтармен талқылау жүргізуде сұрақтар мен ұсыныстардың қайталануы назарға алынып, төмендегідей шешімдер қабылданды.
Біріншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан Республикасы жеке және заңды тұлғаларға, яғни, қазақстандықтарға 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру институтын сақтау ұсынылды. Бұл ретте заңнамалық нормалар арқылы:
- тұрақты мониторинг (жалға алудың алғашқы 5 жылында - жыл сайын, одан кейінгі кезеңдерде суармалы егістіктерде әр 3 жыл сайын, тәлімі жерлерде әр 5 жыл сайын) жүргізу арқылы жер пайдаланушылардың жерді ұтымды пайдалануына және өзіне берілген міндеттемелерді орындауына бақылауды күшейту;
- Жер кодексінде ауыл шаруашылығы жерлерін берудің жеке және егжей-тегжейлі регламенттейтін тәртібін белгілеу;
- ауыл шаруашылығы жерлерін беру жөніндегі конкурстардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін конкурс комиссиясының құрамына қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің өкілдерін қосу;
- әкімдіктердің ауыл шаруашылығы жерлерін беру жөніндегі нақты іс-қимылдары тәртібін белгілейтін конкурс өткізу қағидаларын әзірлеу;
- жалға беру мерзімін бизнес-жоспарға сәйкес инвестициялар көлеміне қарай айқындау. Жалдау мерзімін ұзарту туралы шешімді қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің қатысуымен, жерді пайдалану мониторингінің және жалдау шартының талаптарын тиісінше орындалуының нәтижелері бойынша қабылдау қажеттілігін айқындау;
- жер пайдаланушылардың міндеттері мен жауапкершілігін нақтылай және күшейте отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін жалға берудің үлгілік шартын әзірлеп бекіту;
- ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланудың талаптарын күшейту.
Екіншіден, қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті (ең жоғары) мөлшерлерін белгілеу ұсынылды.
Үшіншіден, шекара маңы аумақтарындағы ауыл шаруашылығы жерлерінің мемлекеттік шекарадан радиусын айқындай отырып, жергілікті жағдайларға және өңірдің ерекшеліктеріне байланысты оларды беру жөніндегі талаптарын анықтап, бекіту ұсынылды.
Төртіншіден, халықтың қосалқы шаруашылықтар мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін елді мекендердің айналасындағы жайылымдар мен шабындықтардың алаңдары айқындалып, ол жекелерді Қазақстан Республикасы жеке және заңды тұлғаларына беруге тыйым салу ұсынылды. Яғни, жергілікті тұрғындарды жайылымдар және шабындықпен қамтамасыз ету мақсатында, осындай алқаптар мемлекеттік мұқтаждықтарға алуға жатқызу керек.
Бесіншіден, жер реформасы шеңберінде кеңінен талқыланып отырған жерді жеке тұрғын үй құрылысы үшін берудің проблемалық мәселелерін ескере отырып, әкімдіктерге ЖТҚ-ға арналған жер учаскелерін мемлекет мұқтаждықтарына сатып алу мүмкіндігін беру үшін ЖТҚ берілетін жерлер мемлекеттік мұқтаждықтарға жатқызу ұсынылды. Яғни, 10 сотық алуға кезекте тұрған азаматтар санының миллионнан асқаны өз алдына, облыс орталықтары мен ірі қалаларда инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген бос жерлердің жоқтығы мәселенің өткір тұрғанын көрсетеді. Соңғы ширекте Call-орталықтары мен jerturaly.kz сайтына келіп түскен ұсыныстар мен өтініштердің басым бөлігінің де осы мәселенің айналасында өрбитіні осы бағытта жұмыс жүргізуді талап етеді.
Алтыншыдан, Комиссия мүшелері қабылдаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру институтын жетілдіру бойынша ұсыныстары Қазақстан Республикасы Парламентіне енгізу ұсынылды.
Жетіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі жарғылық капиталында шетелдіктердің үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру нормаларын да жарияланған мораторийге қосу жұмыстарын атқару ұсынылды.
Сегізіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі Комиссия қабылдаған шешімдерді заң талаптарына сәйкес рәсімдеп, Қазақстан Республикасы Парламентіне енгізу жұмыстарын ұйымдастыру және жер заңнамасын жетілдіру жұмысын жалғастыру ұсынылды.
Тоғызыншыдан, Жер кодексінде мораторий жарияланған сұрақтар бойынша негізделген нақты шешімдер қабылдау үшін ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуы туралы дәйекті мәліметтерді толықтыру, оларға егжей-тегжейлі түгендеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентіне қолданыстағы мораторийдің мерзімін 5 жылға, яғни 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту ұсынылды.
Оныншыдан, беріліп отырған ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президенті қабылдаған жағдайда Комиссия жұмысын тоқтату ұсынылды. Яғни, Комиссия мүшелеріне жер заңнамасын бұдан әрі жетілдіруге байланысты жұмысқа қызығушылығы болатын болса, онда Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге бұл жұмысқа қатыса алатындығы ескертілді.
***
Сонымен үш ай бойы жұмыс істеген Жер кодексіне қатысты комиссия алғашқы қорытындыларын жариялап, бірқатар ұсыныстарын алға тартып отыр. Бірден айталық, ұсыныстар әлі де нақты емес. Көптеген жұмыстарды атқаруды алдағы уақытқа сырғытып отырғанын байқауға болады. Оған да түсіністікпен қараған жөн. Өйткені жер мәселесі бір күнде шеше салатын жеңіл-желпі сұрақ емес – ол ел тағдыры. Елбасы жариялаған мораторийді бес жылға ұзарту дұрыс ұйғарым. Себебі бұл мәселенің әлі де шешімін таппай жатқан тұстары жетерлік. Соның бірі – бұрындар қолда барда қонышынан басып, миллиондаған гектар жерді «сатып» алған латуфиндистердің заңсыз иемденген жерлерін халыққа қайтару туралы бұл тұжырымдамада бір ауыз сөз айтылмай, неге екенін «ұмытып» кетіпті. Жерді ешкімге, ешқашан сатуға мүлдем болмайды деген шегелеп айтқан ұсынысты да көре алмай отырмыз. Екіншіден, Президент бұл ұсынысты қабылдаса комисиияны тарқату керек делінген. Жоқ, бұл дұрыс емес. Жер комиссиясы тұрақты сақталып қалғаны жөн. Өйткені, көптеген министрліктерден тұратын біздің Үкімет халық алдындағы абыройынан айырылып бітті. Оларға деген сенім жоғалғандықтан жерге қатысты кез келген мәселені осы комиссиямен келісіп шешетін болсын. Үшіншіден, ел билігінің барлық деңгейінде, барлық мәселені де жер-жерлердегі Қоғамдық кеңестердің пікірімен санасып барып шешетіндей жағдай қалыптастырып, оны ресми заңдастыру қажет. Ол пікірлер Мәжілісте заң жобалары мен түрлі маңызды сұрақтар қаралғанда алдымен ескерілгені жөн. Оған да біздің «қуыршақ» депутаттарымыздың өз алдына ештеңе шеше алмайтын дәрменсіздігі алдымен себеп болып отырғанын ашық айтуымыз керек. Сондықтан Қоғамдық кеңеске барынша құзырет беріп, жұмысын жандандыру маңызды. Аталмыш кеңес мүшелігіне ақсақалдар алқасы секілді салауатты, салиқалы, тәжірибелі, ел алдында жоғары беделі бар, өз қалтасын ойлайтындар емес, елін, жерін жанымен сүйетін азаматтар алынса ұтылмаймыз Бұл туралы академик Оразалы Сәбден осы комиссия отырысында айтқан болатын. Демек, алда әлі де ойланатын, атқаратын жұмыстар шаш етектен десек қателеспейміз. Оған асығудың қажеті жоқ, ең бастысы адаспауымыз керек.
qazaquni.kz