Нәрестесін қоқыс жәшігінде қалдырып кеткен студентке қатысты сот үкімі шықты
2016 ж. 15 тамыз
2441
1
Жезқазғанда жаңа туған нәрестесін тұрмыстық қоқыстар жәшігінің бетіне қалдырып кеткен колледж студентіне қатысты сот үкімі шықты.
Бұл туралы Қазақпарат жазды.
Үкімге сәйкес, Гүлжауһар Ғалиқызы Ғали Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлімі мен 100-бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы баптар бойынша 1 (бір) жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Аталған кодекстің 44-бабының талабына сәйкес, сол мерзімге (біржылға) пробациялық бақылау белгіленді.
«Осы мерзім ішінде сотталған адамның мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай, тұрақты тұрғылықты жерін, оқуын ауыстырмау, ішімдік ішумен байланысты көңіл көтеретін жерлерге бармау міндеттелсін»,-деп атап өтілген үкімде.
Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, Г. Ғали 2015 жылдың мамыр айынан бастап Н.Д.Сейтжан деген жігітпен жүріп, содан екіқабат болып қалған. Бірақ ол жағдайын ел-жұрттан ұялып және әке-шешесінен қорыққанынан ешкімге, оның ішінде жігіті Н.Сейтжанға да айтпаған. Содан, 17.05.2016 жылы сағат 13.40. шамасында ол өз үйінің ауласындағы дәретхана ішінде босанып қалған. Не істерін білмей қатты сасқан ол психикасының күйзелуі салдарынан, шала туған ер баласынан өлтіру жолымен құтылғысы келген.
Осы мақсатпен, ол жаңа туған нәрестенің кіндігін қайшымен кесіп, оны полиэтиленнен жасалған пакеттің ішіне салып, пакеттің аузын мықтап байлап, сол өзі тұратын Кеңгір елді мекенінінің Тимирязев көшесіндегі №18 үйдің маңайында орналасқан тұрмыстық қоқыстар салуға арналған темір жәшіктің бетіне қойып кеткен.
Бірақ, көп ұзамай, аталған жәшіктің маңайындағы қоқысты жинауға келген көше тазалаушы О.С.Скрынникова жәшік ішінен шыққан баланың даусын естіп, пакетті ашып қарап, оның біреу тастап кеткен жаңа туған нәресте екеніне көзі жетіп, тез арада сол ауылдағы дәрігерлік пунктке апарған. Оның артынан шақырылған «Жедел жәрдем» машинасы нәрестені емханаға жеткізіп, тиісті көмек көрсету нәтижесінде бала өлімнен құтқарылды.
Басты сот талқылауында сұралған сотталушы Ғали өзіне тағылған айыпты толықтай мойындап, жоғарыда келтірілген мән-жайға сәйкес келетін мазмұнда түсінік берді. Сондай-ақ, ол осы істеген әрекетіне шынайы өкінетінін, осы оқиғадан кейін Сейтжан екеуі некеге отырғанын, енді балаларын алып, өздерінің бағып-қағуға бел байлап отырғандарын айтты. Куәгер ретінде сот мәжілісінде сұралған Сейтжан Ғалидың бұл жауабын толықтай бекітіп, осы мазмұнда түсінік берді.