Әлихан Президент сайлауына қатысуы тиіс!..

Аса құрметті Әлихан інім! 2005 жылғы парламент сайлауындағы заңсыздықтарға жаным шыдамай, ендігі қалған ғұмырымды «Ақ жол» партиясының мүшелігіне өтіп, осы партияның идеясына қызмет істеймін деп уәде беріп едім. Сол уәдеме бүгін қайта оралып отырмын. Елбасы бұл жолы да өзінің өте кемеңгер саяси ойыншы екенін көресетіп отыр. «Ал, келіңдер менімен ашық айқасақа кім бар?» деп, ашық сайлауға өзі шақырып отыр. Партия серкесіне бұдан артық қандай мүмкіншілік керек? Біздің партия бұл жағдайды барынша пайдаланып қалуымыз керек. Сондықтан Әлихан, егер сен өткен мақаламда жазғанымдай 100 жылдан кейін қазақ даласына Алла тағаланың жіберген екінші Әлиханы болсаң, ойланбастан сайлауға түс. Мұндай мүмкіндік енді қайтып қолыңа түспейді. Ал егер белгісіз себептермен, өзіңнің ішкі есептерің болып, сайлаудан бас тартатын болсаң, онда, інім, партияның бағын байламай, орныңды Амангелді Айталыға бер. Содан кейін партияның жанашырлары сайлау науқанын мүлде басқаша ұйымдастырып, партияның әр мүшесін көтеріп, нағыз сайлау қандай болатынын көрсетеміз. Бүгінгі көп саясаттанушылар Елбасына алдын ала 90 пайыз дауысты беріп отыр. Ал тәуелсіз саясаттанушылар абайлап сөйлеп, егер бел шешіп кірісетін партия серкесі болса, барлық мүмкіндікті ұйымдастыра білсе, онда ол 25-30 пайызға дейінгі электораттың дауысына ие болуға мүмкіндігі бар деп топшылайды. Бұл не деген сөз? Бұл дегеніміз келесі парламент сайлауында біздің партия 30 пайызға дейінгі дауысқа ие бола алады. Сондықтан, Әлихан, мұндай мүмкіндіктен бас тарту сенің әрбір ақжолдықтың алдындағы дәрменсіздігің болып есептеледі. Қатты кетсем кешір, бірақ сен менің осы мақаламнан кейін, өзіңнің шешіміңді өзгертіп, «не бел кетеді, не белбеу кетеді» деп сайлауға түс! Әрбір Алаштың ұлымын деп жүрген қазақтың жүрегіне жол таба білсең, Н. Назарбаевты бұл жолы жеңе алмассың, бірақ Назарбаевтан кейін қазақ халқын ары қарай басқара алатыныңды дәлелдейсің. Халықты басқаруды өзіне мақсат етіп қоймаған саясаткер саясат додасына түспей-ақ қойғаны абзал.

Аса құрметпен, үлкен үмітпен партия мүшесі Мұхидін Күләшбекұлы 14 Ақпан 2011 жыл Алматы қаласы.