ҚАЗАҚТЫҢ НАҒЫЗ БАТЫРЫ - НИДЖАТ РАХЫМ!

Нидің ерекше қуанатындай жөні бар - оны допинг  сотынан Ниджат пен Жазира құтқарып қалды!..

Ниджат Рахым 7 Сәрсенбі күн Қазақ Елі үшін сәтті күн болды! Олимпиада ордасы - Риода алтынмен апталдық, күміспен күптелдік! Иә, Қазақ қыздарының ішінде тұңғыш рет Олимпиада жүлдегері болған күміс қызымыз Жазира Жаппарқұлдың жарқын жеңісі жақсы жалғасты! Ауыр атлет Ниджат Рахымов пен жүзгіш Дмитрий Баландин Олимпиада алтынын олжалады! Екі жүздей елдің ішінде 30-шы орында тұрған Қазақстан  11-ші орынға бір-ақ көтерілді! Тәуелсіз Қазақ елінің әнұранын төрткүл дүниенің бар дүлдүлі  дүбірлететіп жатқан Риода ауыр атлетіміз Ниджат батыр бірінші болып шырқатты! Олимпиада чемпионы Ниджат Рахымов - Қазақ елінің нағыз батыры! Ауыр атлетикадан әлемде алдыңғы орынды ешкімге бермеуге үйренген  Қытай елінің зілтеміршісі, Лондон олимпиадасының чемпионы Люй Сяоцзюнь екеуі арасында нағыз тартыс орнады.   Ниджат жұлқа көтеру сайысын 165 келімен үшінші болып аяқтаған еді.  Ал   Люй  осы сайыста 177 келі зілтемірді көтеріп, жерлесімізден 12 келіге асып кеткен болатын. Серпе көтеруде Ниджат 202 келіні көтерген соң, сауысқаннан  сақ қытайлық спортшы да артық баспай,  соңғы мүмкіндігінде осы межеге тапсырыс берді. Ол 202 келіні еңсергенде, бүкіл қытайлық жанкүйерлер шуласып, Олимпиаданың алтын алқасын тойлай бастаған еді... Өйткені ол басты қарсыласы - Ниджаттан тағы да 12 келіге артық тұрды... Осы жерде ешкім күтпеген жағдай болды!..  Ниджат бақандай 12 келіге бір-ақ секіріп... тапсырыс берді!.. Бұл мүмкін емес... мүмкіндік болатын... Риоға көз тігіп отырған бүкіл әлем ішін тартып, демін ала алмай, қазақ бахадүрінің әр қимылын күтті! Ниджат батыр таңқаларлық ерліктің үлгісін көрсетіп, әлемдік рекордты 4 келіге бір-ақ өзгертті! Қытай спортшысының мойынында кетіп бара жатқан Олимпиаданың Алтын алқасын жұлып алды! Аспан асты елінің аспандап тұрған кеуделері бірден басылып қалды...  Осылайша Ниджат Жазираның қытай қызына кеткен есесін еселеп қайтарды... Тек қазақтар ғана емес, бүкіл ел шулап кетті! Иә, бұл адам сенбес, алапат алыптық қайрат еді! Өзінің қандай ғажайып жасап қойғанын сәлден соң барып түсінген Ниджат қуаныштан жылап жіберіп, аспанға секіріп, керемет билеп кетті!  "Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көр" - дегендей, Қазақстан ауыр атлетикасының жеңілсалмақты һәм жеңілтек басшысы Алексей Ни Ниджаттың үстіне баладай секіріп мініп алып, алыптың арқасында билеп жүрді!.. Әрине, жүрегі жарылып жатқан бүкіл елден Нидің ерекше қуанатын дай жөні бар - оны қоғамдық допинг  сотынан Ниджат пен Жазира құтқарып қалды!.. Марапаттау сәтінде де Ниджат көз жасын тия алмай, жас балаша көңілі босап тұрды... Әрине, бұл қуаныштың көз жасы еді! Әуелете шырқалған әнұранымызбен бірге Көк туымыз көкке көтерілген сайын, бұл көз жасының да бағасы арта берді!.. Бір жарым миллиардтық Қытайдың қызыл туынан биік тұрған Тәуелсіз Қазақ елінің Көк туына қарап, қытай батырынан биік тұрған Ниджат бахадүрімізге қарап, біздің де жанарымызды жас кернеді... Ең бастысы да осы Көк Туымызбен  бірге көтерлген Ел Рухы ғой! Бұл барлық қазақ қуанған күн еді! Аламанда Алтындарымыз көбейе берсін, Алаш елі! Қазыбек ИСА qazaquni.kz O Ниджат Рахым O