Қазақтың аграрлық ғылымының көшбасшысы еді
2016 ж. 09 тамыз
5688
1
Өткен ғасырдың басында Қазақстан ғылымы қалыптасып, ұлттық ғылыми кадрлар жаңа өсіп келе жатқан заманда өзінің дархан дарынымен көпті сүйсіндірген қазақтың биология ғылымының тұңғыш докторы Кәрім Мыңбаевтың дүниеге келгеніне биыл 110 жыл толып отыр.
Болашақ ғалым 1906 жылы 15-тамыз күні Қарағанды облысы Нұра ауданында дүниеге келген. Оның ағасы Тұрысбек революцияға белсене араласып, Ақмола уездік Кеңестің басшысы болған көрінеді. Кәрімнің кейін агрономдықты таңдап, үлкен азамат болып қалыптасуына осы ағасының көп әсері тиген. Жастайынын табиғатты сүйіп өскен Кәрім поэзияға, жалпы өнер атаулыға қабілетті болыпты. Абай мен Гейненің өлеңдерін жатқа соғатын ол өзі де өлең жазумен айналысқан екен. Сәкен Сейфуллиннің жұбайы Гүлбахрам Мыңбаевтар отбасының жақын туысы болатын. Кәрімнің поэзияға құштарлығын байқаған Сәкен жездесі «Өлең жазу кәсіп емес, ол өнер. Егер жаныңды өлең тербеп тұрса қандай мамандықты иеленсең де өлең жазасың» деп ауылшаруашылығы маманы болуға кеңес береді. Сөйтіп, ол 1928 жылы қазақ зиялылары көп қоныстанған қалалардың бірі Ташкентке барып, Орта Азия мақта-ирригациялық поитехникалық институтының жаңа техникалық дақылдар факультетіне оқуға түседі. Жастайынан жаңалыққа құштар болып өскен Кәрімнің бұл факультетті таңдауы, әрине, кездейсоқ емес. Түбінде Қазақстан үшін жер суландыруды дамыту арқылы, жаңа дақылдарды кеңінен өсірудің маңызын ол ерте түсінген. Өйткені ірі тұлғалардың өмір жолына шолу жасау барысында олардың өсуі белгілі бір заңдылықтар бойынша жүзеге асып отырғанын байқайсың. Табиғат – ана осындай тұлғаларға сан қырлы өнерді үйіп-төгіп қана қоймай, оларға оң бағытты «сыбырлап» отыратын да сияқты. Қалай десек те осы институтта алған білім Мыңбаевты Қазақстанның ауылшаруашылығы мен ғылымына үлкен бетбұрыс жасайтын қайраткер есебінде қалыптасуына мүмкіндік берді.
Сонау 30-шы жылдары каучук мәселесі өте күрделі әрі қажет те еді. Алатаудың етегінде өсетін көк-сағыз каучукке өте бай өсімдік болғандықтан соны зерттеуді қолға алып, жиырма жеті жасар жас ғалым каучукты өсімдіктердің білгір маманына айналады.Тіпті, Одақтағы ең үлкен каучук өсіретін шаруашылықтардың біріне техникалық директор болып сайланады. Кейін білімін жетілдіру мақсатында жас ғалым Бүкілодақтық Өсімдіктану институтының (ВИР) аспирантурасына түседі. Енді көк-сағыз егістіктері Ленинградтың маңына да кеңінен таралып, ғалымның «Көк-сағыздың табиғатын жақсартудың негізгі жолдары» деген ғылыми еңбегінің негізіне айналады. Жас та жігерлі маман ленинградтық ғалымдардың көңілінен шығып, аспирантураны табысты бітірген соң сол институттың каучукты өсімдіктер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады.
1942 жылы Алматыға келген Кәрім Мыңбайұлы Мемлекеттік Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Мемлекеттік жұмыспен бірге ғылыми жұмысты қатар дамытқан ол 1944 жылы докторлық диссертация қорғайды. Сол жылы Мәскеуде Бас штабтың академиялық курсында оқып жүрген Бауыржан Момышұлымен танысады. «Екі жақсы қосылса, бірін бірі қия алмас» деген сөз осы ағаларымызға арнап айтылған сияқты. Бір қазақтың үлкен ғалымы, бірі үлкен әскери қолбасшы, әдебиет пен өнерді ортақ тақырып етіп талай күндерді бірге өткізген екен...
Сөйтіп, отыз сегіз жастағы Кәрім Мыңбаев қазақтан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы болады. Сол жылы ВАСХНИЛ-дің Қазақ филиалы Президиумының төрағасы болып сайланады. Егер Қаныш Сәтпаев қазба байлықтарын зерттеп, геология саласын дамытқан үлкен қайраткер екенін бәріміз мойындасақ, ауыл шаруашылық саласында Кәрім Мыңбаев дәл сондай роль атқарған.
Мыңбаевтың еңбектеріне шолу жасау барысында ол кісі араласпаған ауылшаруашылығының саласы болмағанын байқайсың. Ауыл шаруашылығы мамандарымен кездесулерге әртүрлі дақылдарды өсірудің озық тәсілдерін ұсынып насихаттап отырған. Қазақстанда селекция ғылымын дамыту туралы мәселелерді алға тартып, сорттың және сапалы тұқымның маңызын ашады. Қазірдің өзінде Қазақстан ғалымдары шешпеген солтүстік облыстарға арналған күздік бидайдың қыстың қатал жағдайларына төзімді, жоғары, өнімді сорттарын шығару мәселесін көтерген.
Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланған Кәрім Мыңбайұлы мемлекет, қоғам қайраткері, халық қалаулысы ретінде де биіктен көрінген. Осындай сан салалы еңбегі лайықты бағасын алып, ол 1946 жылы жаңадан құрылған Қазақ ССР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланады.
Әрине, бір мақалада ғалым-қайраткер туралы толық жазып шығу мүмкін емес. Оның өмір жолы, артында қалдырған ғылыми мұрасы жан-жақты зерттеуді қажет ететіні сөзсіз. Біз Мыңбаев туралы қысқаша жазып, өмірінің кейбір штрихтерін ғана қағазға түсіріп отырмыз. Бірақ жарыққа шыққанын өзі көре алмаған «Бетпақдала шөлі» атты монографиясына жеке тоқталғанды жөн көреміз. Өйткені, бұл еңбегінде Кәрім Мыңбаевтың басты арманы жазылған, әрі жазушылық дарыны ашылып, азаматтығы айқындалған.
Көрінісі көз талдыратын қазақтың жазық даласын көрген кез-келген жан осыншама ұлан-ғайыр кең даланың әлі толық игерілмей жатқанын көріп, осының бәрі іске асырылса ғой деп армандайтыны сөзсіз. Бұл арман әсіресе қазақ сахарасын сүйіп, сонымен бірге қатал табиғатын көріп өскен ғалым көкірегінде ерекше лаулаған еді. Қазақ даласы ежелден орыс саяхатшылары мен ғалымдарының зерттеу объектісіне айналып, ол туралы біршама мағлұматтар жиналып қалса да Мойынқұм, Сарыарқа, Бетпақдала секілді шөлді аймақтар әлі толық зерттелмей жатқан-ды. Оның үстіне бұл даланың ауыл шаруашылығына жарамсыз, суы тапшы деген жалпы пікір де қалыптасқан еді. Осы мәселені зерттеу үшін Кәрім Мыңбайұлы Бетпақдала шөлінде экспедиция ұйымдастырады. Үлкен іс басында тұрып, қуанғанын да жасырмай «Халық шаруашылығы үшін өлі шөлдалада тіршілікті жандандыру туралы ондаған жылдар арман еткен адамның көңіл-күйін көз алдымызға елестетіп көріңізші!» деп тебірене жазады. Экспедицияны үлкен дайындықпен бастаған ғалымдар Орталық Қазақстанның бос жатқан территориясын 300 мың шаршы километр деп белгілеп, оны өзара тығыз байланысқан Мойынқұм, Сарыарқа және Бетпақдала деп үш аймаққа бөледі. Топырақ және өсімдік құрамын, жануарларын жан-жақты зерттеп, бай мағлұмат жинайды. «Біздің ойымызша Қазақстан шөлдерін, соның ішінде Бетпақдаланы игеру алдымен ауылшаруашылығы бағытында жүруі керек (мал шаруашылығы және егіншілік). Әсіресе, бұған қазақ халқының Бетпақдала шөлін мал шаруашылығына пайдалану тәжірибесі негіз бола алады» деуі осыны аңғартса керек. Бұрын Бетпақдалада су жоқ деген пікірді жоққа шығарып, онда 3-6 және 7-9 м. тереңдікте пайдалануға жарамды жер асты сулардың мол екенін жазады. Ол Бетпақдаланың болашағына үлкен сенім артып, «Егер дала және ормандала бүгінгі күннің астығын берсе, Бетпақдалада ертеңгі күннің астығы жатыр» деген аса батыл ой айтады. Ол үшін суландыру жүйесін дамытып, Балқаш көлін Ертіс және Шу өзендерімен қосатын канал салу секілді бірқатар ұсыныстар да айтқан. Алайда 1948 жылы дарынды ғалым қайраткер ұшақ апатынан қайтыс болып, көп армандарын өзімен бірге алып кетті. Егер тағдыр оған ұзақ ғұмыр сыйлағанда осының бәрін жүзеге асырып, қазақ даласын бұдан да көркейте түсер ме еді деп ойлайсың.
Әйіп ЫСҚАҚ,
Биология ғылымдарының
докторы, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің шет елдермен байланыс және инвестициялар
бойынша проректоры
qazaquni.kz