Баланы орыс мектебіне бердің бе, бітті, ол бала қайтып қазақ болмайды
2016 ж. 30 шілде
3140
4
Мен – алыс-жақын шетелдерде 18 жыл жұмыс істеп, сонан кейін Қазақстанға қайта оралған қазақпын. Сондағы айтпағым – біздегі кейбір «мәселелер» туралы. Шетелде бәрі ашық, бәрі жария істеледі ғой. Мәселен, үйдегі бір баламыз өте қорқақ делік. «Баламыз тым қорқақ…» дейміз де, өзіміз жайбарақат жүре береміз. Ал шетелде әлгі баланы психологқа, дәрігер-ғалымға алып барады. Өйткені, қорқақтық – ауру. Ауыр дерт. Шетелде жүргенімде осы шетелдіктердің елгезектігіне талай рет таңғалдым. Егер Жапонияда жапон балалары жапон тілін білмей, өзге тілде сөйлей бастаса (әрине, Жапония бұған ешуақытта жол бермейді! Мен мұны тілге тиек ретінде алып отырмын), сол күні-ақ бүкіл Жапонияда дабыл қағылады. Бұл не? Бұл қандай құбылыс? Бұл неден шыққан? Жапон баласының жапон тілін білмеуі деген не сұмдық? Мемлекет қайда қарап отыр? Үкімет ше? Не керек, бұл мәселе бүге-шігесіне дейін тексеріліп, мемлекет тарапынан тиісті шара қолданылады. Ал бізде ше? Отбасын былай қойыңыз, тұтас ауыл, тұтас аудан, тұтас облыс қазақша сөйлемесе де ештеңе демейміз. Германияда дәл қазір 8 миллионға жуық түрік тұрады. Бұлардың дені – қара жұмысшылар. Бірақ, Германия үкіметі «Бізде 8 миллион түрік тұрады ғой, бұларға өз тіліндегі мектеп, газет-журнал, мәдени орталық ашып берейік» деген емес. Дегеніңіз не, сол 8 миллион түрік тарапынан осындай ұсыныстар болған кезде, оған қатаң тыйым салып, түріктерді ендігәрі аузын ашпайтындай етіп тастайды. Ал енді біз түрлі ұлттардың мәдени орталықтарын, мектептерін ашып тастадық. Бұл қай мырзасыну? Шетелде жүргенімде, әсіресе, «орыс тілінде жазатын қазақ жазушысы» дегенді шетелдік әріптестеріме түсіндіре алмай-ақ қойдым ғой. Сонан кейін олар мән-жайды сұрайды. Мен түгел айтып шығам. Содан соң олар «Е,е, ондай жазушыны орыс жазушысы» деп атасаңдар да болады ғой. Жазушының ұлтын анықтайтын не? Тілі. Тіл – жазушының қай ұлттан екендігін білдіретін бірден-бір шарт. Кімде-кім қай ұлттың, елдің мәдениетін ойы мен бойына көбірек сіңірсе, ол сол тілде жазады. Орыс тілінде жаза ма, ол – орыс жазушысы. Және де ол сол жазғанымен, аз да болса орыс әдебиетінің, орыс тілінің, орыс мәдениетінің аясын кеңейтті. Соған үлес қосты. Демек, ол – орыс жазушысы. Оны «қазақ жазушысы» деп неге өздеріңді өздерің алдайсыңдар?» дейтін. Қазір қарап отырсам, солардікі дұрыс екен. Ал біз әлі күнге дейін орыс тілін, орыс әдебиетін, орыс мәдениетін, орыс өнерін дамытып жүрген қазақтарды «қазақ жазушысы», «қазақ мәдениеттанушысы» және т.б. деп өзімізді де, өзгені де алдап жүріппіз. Баланы орыс мектебіне бердің бе, бітті, ол бала қайтып қазақ болмайды. Өле-өлгенше орыс тілінің, орыс мәдениетінің мүддесін көздеп өтетін болады. Біз байғұс ең болмаса осыны да айта алмаймыз ғой. Ал шетелде мұның бәрі ашық, жария айтылады. Біз де осындай ашықтыққа, жариялылыққа қашан қол жеткізер екенбіз?
Сағадат СЫРЫМҰЛЫ,
qazaquni.kz