Руслан Күлекбаев: Прокурорлар мен полицейлерден кек алғым келді
2016 ж. 29 шілде
2636
5
18 шілде күні Алматыда теракт жасады деген күдікті Руслан Күлекбаев қолына қару алғызған жайттар туралы айтып берді, деп хабарлайды "Время"басылымына сілтеме жасап BAQ.kz.
"Расында, мен судьялар, прокурорлар мен полицейлерден кек алғым келді. Маған кесілген жаза - әділ емес. Алдымен Алмалы аудандық сотына бардым, бірақ форма киген ешкімді кездестірмедім. Ол жерден Алмалы АІІБ-ге жеттім де, посттан шыға салған адамды аттым. Сосын өзге полицейлерді аттым... Мен формадағы адамдарға оқ аттым. Қарапайым адамдарға тиіспедім. Жезөкшенің өлімін айтар болсам, мен оған және өзге жезөкшелерге істерінің харам екенін бірнеше рет ескерткем. Әсіресе қасиетті Рамазан айында. Жезөкшелік үшін Алланың қаһарына ұшырайсыңдар деп едім, олар тыңдамады. Сосын мен оны атып тастадым", - дейді күдікті.
Күлекбаев макаров тапаншасы мен шолақ мылтықты тауып алған-мыс. Оның сөзіне қарағанда, қаруды қай жерден тауып алғаны есінде жоқ. Қаруларды полицейлер тексерген. Екі қару да еш жерде тіркелмеген, ешқандай қылмысқа қатысы жоқ.
Күлекбаевтың сөзінше, ол пейнтбол арқасында атуды жақсы меңгерген.
"Бұрындары кикбокспен кәсіби түрде айналысқам және облыстық жарыстарға баратынмын. Бірінші орын иеленген емеспін. Әскерде болғаным жоқ, бірақ аңшылыққа қызығатынмын, оның үстіне пейнтболды жиі ойнайтынмын", - дейді ол.
Еске сала кетейік, 18 шілдеде күндізгі сағат 11 шамасында Алматыда полицейлер мен белгісіз ер адам арасында атыс болды. Салдарынан алты адам қаза тапты. Қалада террорлық қатердің қызыл деңгейі жарияланды. Қылмыскер ұсталып, ол бұрын істі болған Қызылорда облысының тумасы Руслан Күлекбаев екені анықталды.
Қазір ол Қылмыстық кодекстің сегіз бабымен айыпталып отыр. Құқыққа қайшы әрекеттер деректері бойынша, Күлекбаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 99-шы бабының 2-ші тармағы, 269-шы бабының 2-ші тармағы, 380-ші бабының 2-ші тармағы, 255-ші бабының 4-ші тармағы, 291-ші бабының 1-ші тармағы және 200-ші бабының 4-ші тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Аталған баптар бойынша қылмыскер 20 жылға дейін, не өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
ІІМ ақпараты бойынша, Руслан Күлекбаев 2010 және 2012 жылы екі рет сотталған. Сұрау алу кезінде ол түрмеде өткізген жылдары үшін полицейлерден кек алуды ойлаған. Алматы ІІД-ден хабарлағандай, күдікті жалғыз әрекет еткен.