Мөде қаған "Жерді донхуларға берейік" деген кеңесшілерінің басын шапқан...
2016 ж. 28 шілде
5277
17
«Қытайдың терістігін мекендеген Хұн екі ұлысқа, яғни тайпалық бірлестікке топталады. Соның түстік ұлысы-Донху ханы Хун Тұманы өлген соң, елші жіберіп, ханнан қалған тұлпарды сұратады. Мөде уәзірлерімен кеңесіп, көрші елмен бір атқа бола жауығамыз ба деп, тұлпарды елшіге жетектетеді. Тағы бірде Донху Мөденің нақсүйерін (яньчж) қалайды, уәзірлері: «Донхулардың есі дұрыс па?! Әлде, бізді басынғаны ма, бұлардың қай қылығы, оның ханы арсыз, ұятсыз адам екен! Донхуға қарсы ұрысқа аттанайық!»-деседі. Мөде: «Көрші елден бір қатынды аяймыз ба?»,-деп өзінің нақсүйер әйелін Донхуларға жөнелтеді.
Мөденің нақсүйері қолына тиген Донхудың ханы есіріп кетеді. «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмастың» кері келіп, Донху жерінің батысында 1000 лилік құм тақыр болушы еді (мұңғыл (Мұңал М.Қ.) даласындағы Қалғанның оңт.-батыс жағы). Мұнда екі жақтың шекарашылары тұратын. «Осы аралық сендерге қолайсыз, маған тарту етіңдер»,- деп, Донхудың ханы Мөдеге тағы кісі жібереді. Мөденің кеңесшілері: «Пайдаға асып жатқан жер емес, берсе де, бермесе де болады»,-деп солқылдайды. Сонда Мөде қаны қайнап: «Жер - мемлекеттің негізі емес пе, жерсіз мемлекет бола ма?! Оны қалай бермексіздер!»-дейді де, жерді берейік дегендердің басын алдырады.
Мөде енді атқа қонып: «Кейін қалғандардың бәрінің басы шабылсын», - дейді де, шығысқа бет алып, Донхуларға шабуыл жасайды. Дандайсып, қаннен-қаперсіз жатқан донхулардың быт-шытын шығарады, жерін қиратып, мал-мүлкіне ие болады
Б. Албани, «Қазақия» кітабынан
qazaquni.kz
Материалды көшіріп басу үшін qazaquni.kz порталына гиперсілтеме беруіңіз қажет.