Алматылық компания ескерту қағазына балағат сөзін жазып жіберген (фото)
2016 ж. 23 шілде
2792
4
Қазақ тілі тағы да мазақ болды. "Алматы жылу жүйесі" компаниясы тұрғындардың қарызы жөніндегі ескертпе хатқа ең тұрпайы, былапыт сөздерді қолданған.
Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап nur.kz хабарлайды.
Мұндай барып тұрған сауатсыздық үшін компания басшылығының жай ғана кешірім сұрауының өзі аз дейді тұрғындар.
Бұл 2016 жылдың наурыз айында тұрғындардың біріне жолданған ескертпе хат. Екі тілде жазылған мәтіннің 4 жолдық қазақ тіліндегі нұсқасының үш жерінде анайы, тұрпайы сөздер жазылған. Әрі грамматикалық тұрғыда жалғаулары да дұрыс. Қала тұрғындары бұдан асқан әдепсіздік, сауатсыздық жоқ шығар деп бас шайқауда. Тіпті мұндай ағаттық үшін басшылардың өзін жауапқа тарту керек есептейді.
Ал компания басшылығы жағдайды хакерлік шабуылмен байланыстырады. Айтуларынша, біреулер серверді бұзып кірген.
Ең қызығы, 4 ай бұрын жіберілген хаттағы өрескел қателікті "Алматы жылу жүйесінің" қызметкерлерінің өздері енді ғана біліпті. Қазақша тек техникалық терминдерді жатқа білемін деген бас директордың орынбасары қателікті мойындап, көпшіліктен кешірім өтініп отыр.
"Біздің қарызға батқан төлеушілерге ескертпе хатын жіберетін инженеріміз қате барын білмей, осы құжаттың мәтіні дұрыс екен деп басып шығарған. Өкінішке қарай, бір ғана файлға шабуыл жасалмапты. Қазір сайтта осы хабарландыру үшін кешірім сұрадық", - дейді "Алматы жылу жүйесі" ЖШС бас директорының орынбасары Марина Хохлова.
Дәл осындай мәтінмен шамамен 170-тей тұрғынға хат жолданыпты. Енді олардың барлығына қайтадан жаңа құжат жіберілетін болады. Жалпы елімізде іс барысында қазақ тіліне көңіл бөлмейтін мекемелер жетерлік.