Алматыда полицейлерді қырып салған лаңкестің әйелі елден кешірім сұрады
2016 ж. 21 шілде
2194
1
Полицейлер Руслан Күлікбаевтің әйелін де тергеп жатыр. Байқоңыр қаласынан арнайы жеткізілген Аяулым Үмбетқұлованы тәртіп сақшылары 7 сағат бойы сұрақтың астына алған.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Жалдамалы пәтердің мекен-жайын айтқан да осы келіншек екен. Айтуынша, дін жолындағы күйеуінің қандықол қылмыскер екенін білмеген. Тіпті Русланның адам өлтіргенін де телеарнадан көріпті. Сондықтан қара жамылған отбасылардан күйеуі үшін кешірім сұрады.
Алты адамды атып өлтірген Руслан Күлікбаевтің әйелі Байқоңыр қаласынан Алматыға жеткізілді. Аяулым Үмбетқұлованы тәртіп сақшылары кеше кешкісін сағат 9-дан бастап таңғы төртке дейін тергеудің астына алған.
Яғни оған Руслан Күлікбаевпен қай кезде танысты, соңғы уақытта қайда өмір сүрді және оны мұндай лаңкестік әрекетке не мәселе итермелеуі мүмкін деген сұрақтар қойылыпты. Тек содан кейін ғана Аяулым Үмбетқұлова бостандыққа жіберілген.
Қазір күдіктінің әйелі жеке басының қауіпсіздігі үшін қала сыртында пәтер жалдап тұрып жатыр. Айтуынша, күйеуі екеуі өткен аптада ғана жалдамалы пәтерлерін өткізіп, өзі Байқоңыр қаласына кеткен. Ал Руслан Күлікбаев: «шешілмеген шаруам бар» - деп қалада қалып қалған екен. Сондықтан күйеуінің полицейлерге оқ атып, лаң салғанын тек телеарнадан көріп-білдім дейді Аяулым.
"Байқоңыр қаласында болғанда естідім. Жаңалықтан көрдім. Олай болады деп кім ойлаған? Үйдегілер жылап, анасы талып, қиналдық бәріміз. Қанша дегенмен жолдасым ғой. Мен одан мұндайды күтпеген едім", - дейді Руслан Күлікбаевтің әйелі Аяулым Үмбетқұлова.
Лаңкеспен 6 жыл бір шаңырақ астында тұрған Аяулым күйеуінің бұрын-соңды мұндай қатыгездігін байқамадым дейді. Жолдасының кімдермен араласқанын да айта алмай отыр. Өйткені, Руслан әйелін ешқашан той-томалаққа апарып, туыстарымен қатынастырмаған. Есесіне ылғи хиджап киіп, намазға жығылуды үгіттепті.
"Түрмеден шыққанда маған паранжа ки, дінге қосыл деді. Мен қарсы болдым. Менімен тұрғың келмесе тұрмай-ақ қой оранып, жауып киінбеймін дедім", - дейді Руслан Күлікбаевтің әйелі Аяулым Үмбетқұлова.
Аяулымның айтуынша, Русланның 2-3 күндеп үйге қонбай кететін әдеті бар екен. Бірақ қайда баратынын жасырып айтпайтын дейді. Ал соңғы уақытта жүрісі суыт, мінез-құлқы өзгере бастаған.
"Соңғы кездері асығыс болды. Бір орында отырмайтын бір жаққа асығып тұрғандай болды. Сондай тірліктерін байқадым. Түрмеде отырғанда қиындық көріп, полицейлерге өштескен шығар деп ойлаймын. Ол бес уақыт намаз оқып жүріп мынадай тірлікке қалай барды? Егер шынайы мұсылман болса намаз оқи тұрып біреуді өлтірмек түгілі жерде жатқан жәндікті өлтіруге құдайдан қорқады ғой. Қалай мына іске барғанын өзім де түсінбей қалдым. Сенбей тұрмын әлі күнге", - дейді Аяулым Үмбетқұлова.
Алты бірдей жазықсыз жанды атып өлтірген күйеуі үшін Аяулым кешірім сұрап отыр.
"Ол кісілерге айтарым сабыр сақтасын. Қайғысына ортақпын. Мен қойнымда жатқан күйеуімді осындай қанішер адам болады деп ойламаппын. Өзіңізде жаныңызда жатқан адамды жамандыққа қимайсыз ғой. Кешіріңіздер. Қарғамаңыздар. Менің де балам бар. Екі бала бағып отырған анамын ғой. Екі баланың болашағы үшін қарғамаңызшы. Біздің ешқандай кінәміз жоқ", - деді келіншек.
Екі күннен бері көз жасы құрғамаған келіншек ендігі көрмегенім Руслан болсын деп отыр. Себебі балаларының болашағына балта шапқан лаңкеспен ажырасуға бел буған.
"Екі баламды асырап өсірем. Русланмен заңды ажырасамын болды. Балаларымның болашағына кедергі болмасын деймін. Солардың атына кір келмесін, әкесі үшін олар кейін жақсы жерде жұмыс істей алмайды ма деп уайымдаймын", - дейді Аяулым Үмбетқұлова.
Сары уайымға салынып, ішкені ірің-жегені желім болған келіншекті полицейлер жеті сағат бойы тергеген. Аяулым тәртіп сақшыларына бар білгенін жасырмай жайып салыпты. Осы сұрақ-жауаптан кейін лаңкестің соңғы тұрған мекен-жайы анықталып, 20 шілдеде таңертең «Көк базар» маңында арнайы операция жүргізілген болатын.