МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МҰҢЫ, МӘҢГҮРТТЕНДІРІЛГЕН ЖОЛБАРЫС, және КОСМОПОЛИТТЕНДІРІЛЕ БАСТАҒАН ТЕЛЕАРНАЛАР
Мұхтар ШАХАНОВ
«...Это же наносит ущерб всем планам, реализуемым госпрограммам! Казахстану в этой байге участвовать не надо. У нас есть проверенный демократический способ избежать двухгодичной гонки: нужно провести референдум...
...Речь лишь о том, сколько процентов наберет глава государства: 85 или 95. Нурсултан Назарбаев в отличной деловой и спортивной форме. Поэтому считаю, что тратить миллионы тенге и миллиарды нервных клеток и самого кандидата, и других конкурентов не нужно...»
Олжас Сүлейменов,
«Казахстану м в этой байге участвовать не надо»
«Время»», 25 декабря, 2010 г.
«Президенттің өкілеттілігін 2020 жылға дейін емес, 2030 жылға дейін ұзарту керек.»
Зағипа Балиева,
ҚР Мәжіліс депутаты
«Жас Алаш», 28 желтоқсан, 2010 ж
«Елизавета Патшайым Ұлыбританияны 50 жыл басқарды... Елбасыға да осындай мүмкіндік беру керек.»
Төлеген Мұхамеджанов,
ҚР Сенатының депутаты
«Жас Алаш», 28 желтоқсан, 2010 ж.
«Мен әрдайым Елбасының атасынан арыстан боп туған батырлығына, анасынан данышпан болып туған ақылдылығына қайран қаламын...
Әлемдік тарихта Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаев орны Ресейді өркениетке жетелеген І Петр, Ұлыбританияны аяғынан тұрғызған Уинстон Черчилль, Американың негізін қалаған... Джордж Вашингтон, Түркияны іргелі ел еткен Ататүрік секілді тұлғалармен қатар тұрады деп жұрт жаза бастады. Бүгінде Назарбаев заманына сай олардың да істей алмағанын істеп отыр десе де болады...
Бүгінде жер бетіндегі адамзатты толғандырған мәселелерді Назарбаевсыз талқылау, Назарбаевсыз шешу мүмкін емес жағдайға жетті.
Мырзатай Жолдасбеков,
«Егемен Қазақстан»
«Бақыт бағалағанның ғана басында тұрады»,
18 қараша, 2010 ж.
«...Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты мен жұлдыздардың сұлтанына – жарық жұлдызға теңедім...
Сәбит Досанов,
«Елімізде бұрын-соңды болмаған
тарихи оқиға»,
«Егемен Қазақстан», 31 желтоқсан 2010 ж.
«Бір кісінің шоғырланған биліктің мерзімін тағы он жылға созуға тыраштанған жағымпаздардың әрекеттерін құптамаған бір топ жастар бас көтерді... Демократияны «жерлеу рәсіміне» бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен жиналған көпшілік қатысты...
«Бұл соңғы жылдары орын алған түрлі жантық әрі жағымпаз ойлардың ішіндегі ең масқара, ең сорақы идея екенін мойындау қажет» – дейді белсенді журналист Инга Иманбай жастар ойын білдіріп...
Осы аралықта қорапқа, яғни «табытқа» салынған демократияға алғашқы топырақ та тасталды. Қашан тірілері белгісіз демократияның жаназасы шығарылуын күтпеген полицейлер жапа-тармағай жастарды сүйрей жөнелді.
Меруерт Құсайынова,
«НұрОтан» ғимаратының алдында
Қазақстан демократиясы «жерленді»,
«Жас Алаш», 13 қаңтар, 2011ж.
«Мына жиыннан толқып шықтым. Президентіміздің осы шешімі оның алыстан ойлай білетін, тереңнен толғай білетін тұлғасын паш етті, ол бүгін тіпті болашақ ұрпаққа қалай ел басқару керектігінің жөн-жобасын көрсетті. Мұны «саяси ерлік» деп санаймын! Әрине, бес милионнан астам адам қол қойып, қолқа салған кезде көне салу оңай... Бірақ соған қарамастан ол ертеңін, келешектегі саясаткерлердің жағдайын ойлап, мерзімінен бұрын сайлау өткізуге бел буды.
Әкім Тарази,
жазушы
«Айқын», 1 ақпан, 2011ж.
«Елбасының бүгінгі шешімін қолдаймын. Осының арқасында демократияның қағидаттары аяқасты етілді деп, оппозициядан ешкім айта алмайды...
Сол референдумды қолдаған барлық адамдар енді өзгелер қатарлы сайлау учаскелеріне келіп, өз дауыстарын бере алады.
Зағипа Балиева,
ҚР Мәжіліс депутаты
«Айқын», 1 ақпан, 2011ж.
Бірден бір ұлттық арна саналатын «Қазақстан»-дағы «Екі жұлдыз», «Сен сұлу», ең атақты арна «Хабар»-дағы «Спой» хабарлары ресейлік көшірме десек те, кейбірі бастан-аяқ орыс тілінде жүргізіледі, ал барының өзінде мемлекеттік тіл қосымша қызметте ғана. Мысалы, «Екі жұлдызды» алыңыз, қатысушылардың негізі қазақ ұлтынан бола тұра, біріншісі қазақша сайраса, екіншісі міндетті түрде ана тілін білмеуі тиіс. Тым болмаса, жүргізушілерінің бәрі қазақша желдей есіп тұрса ғой. Олар да жоғарыдағы ыңғайда сұрыпталған. Досматова секілді ана тілін құбыжық көретіндер орыс тілінің мерейін үстем етіп отыр. Бұл не сонда? Мемлекеттік тілді күлкіге, мазаққа айналдырудың жаңа түрі ме? Сол сияқты халықты ұлттық мәселелерге бойлатпай, киіндіріп, шашын түзеп, бетін майлап, әдемілеп алдарқататын, бір аптада қазақшасы, келесі аптада орысша нұсқасы берілетін «Сен сұлу» хабары да жалаң даңғазалыққа құрылған ресейлік көшірме.
Өңкей қазақтар отырып алып орысша ән салатын жоба әбден қанымызды қайнатып бітті. Өз ана тілін шетке ұрып, шалақазақ бауырларын жинап, олардың орыс тілінде ойлау белсенділіктерін арттырып, жаңа шығармашылық әрекетке жетелеп жатқан, Садықбек Хангелдин деген ақынның қызы Қымбат Хангелдинаның «Спой» хабары жоғарыдағылардың бәрінен мойны озық тұр. Еліміздің басты екі арнасындағы хабарлардың сиқы осы болса басқаларынан не үміт, не қайыр? Қазақтың рухани бейнесін жасамайтын, қазақтың намысын ойламайтын, салт-дәстүрімізбен санаспайтын, мемлекеттік тілге қарсы жұмыс істейтін хабарлардың көбеюі бізді қайран қалдыруда...
Президент биылғы жылғы Жолдауында: «Он жылда қазақ тілді меңгергендердің үлес салмағы 90 пайызға жетсе жаман ба?», – дейді. Бұл да жылдағыдай шығарып салма сөз ғана. Егер билік қазақ тілін дамытуға құлықты болса, сіздер қанша жылдан бері талмай қақсап келе жатқан Мемлекеттік тіл туралы заң шығаруға рұхсат берер еді. Сондықтан биыл да тіл мүддесі туралы бірдеңе өзгере қояды деп ойлау қиын. Сіз бұған не дейсіз?
Көбейсін Алтынбеков,
медицина ғылымының докторы, профессор,
Қазақ Ұлттық Медициналық Университетіндегі
стоматология факультеті бойынша мемлекеттік тіл
саласының қоғамдық жетекшісі
(Авторға жолданған хаттан үзінді)
«Ұлттық» деген аты болмаса, затынан жұрдай бола бастаған «Қазақстан» Телерадиосының Басқармасы Тәуелсіздгіміздің 20 жылдығына өздерінше «тарту» әзірледі. Олар Президенттің қысқарту туралы қаулысын кілең қазақ деп жүрген кәсіби, таңдаулы журналистерден «тазарту» науқанына ұластырды!.. «Көкпар», «Мәдени мұра» сияқты Ұлттық идеологиялық маңызы зор төл жобаларды жауып, Қазақ радиосының 90 жылдық тарихи мұрасын сақтап отырған «Алтын қордың» атын өшірді. Өз журналистерінен аяған мемлекеттің миллиардтарын «Пай-Пай Шоу», «Екі жұлдыз», «Айналайын», «Сен сұлу» сияқты өзгеден қалған қаңсық, көшірме жобалар мен сондай дүбара жобаларды дайындаушы шалақазақтарға аямай шашуда...
Ақсұңқар Ақынбабақызы,
Қазақ радиосы Дирекциясының бұрынғы жетекші-сарапшысы, «Алтын адам-2010» сыйлығының иегері
Соңғы кездері Нұрлан Оразалин басқаратын «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде сізге ретсіз, себепсіз тиісу орын ала бастады. Мысалы, осы газеттің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы мерекелі санында Жұлдыз Әбілда деген журналист қыздың сізді кінәлаған пікіріне назар аударалық:
«Мемелекеттік тілдің жайын айта берсек, мемлекеттік тілдің де сүйкімі кетеді. Мысалы, мен қазір Мұхтар Шахановты тіпті көргім де, естігім де келмей кететін кездер болады. Неге десең, ол кісі көтерген мәселеден ешқандай нәтиже жоқ. Кезінде «Мемлекеттік тіл» деген қозғалысты құрғанда «Осыдан мемлекеттік тілдің мәртебесі көтерілмейді, керісінше, сүйкімі кетеді» деп едім. Расында да солай болып отыр.»
Сонда ол қыздың ойынша ештеңеге араласпай үнсіз отыра беруіңіз керек екен. Егер сіз 1989 жылы Горбачев билігі кезінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары орыс және қазақ тілін бірдей мемлекеттік тіл етіп қабылдап жіберген сәтте, тіпті шалақазақ депутаттар жүректері жарыла бір-бірін құттықтасып жатқанда, оларға батыл қарсы дауыс көтермей, «болар іс болды» деп, көзіңізбен жер шұқып, үндемей отыра бергеніңізде дәл қазіргі тұста қазақ халқының 80 пайызға жуығы ана тілінен мақұрым қап, орысқа айналып кететіні айдан-анық еді. Ал осыдан екі жылдай уақыт бұрын билік «қазақстандық ұлтты» ендіруге күш салған сәтте сіз аштық жарияламақ болғанда, қатарыңызға әдебиет, өнер, ғылым, қоғам қайраткерлері шоғырланып, 4 мыңнан астам адам сіздермен бірге осы қатерлі іске бет бұрмағанда қайтер едік? Елімізге «қазақстандық ұлт» еніп, түгелдей мәңгүрттік саясаттың құшағында ұлттық, тілдік мүддеден жұрдай боп отыруымыз күмәнсіз болатын. Бұдан өзге істеріңіз аз ба? Көрмес түйені де көрмес деген. Ал билік сізді тыңдамаса, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының пікірімен санаспаса онда сіздің кінәңіз нешік?
Серік Тұрғынбекұлы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
(Авторға жолданған хаттан)
Шындық барлық уақытта өз тұсындағы билікпен оппозицияда болады. Бұл – өмірдің заңы. Олайы, билік өз кезіндегі барлық шындықты білуге және қорғауға дәрменсіз. Білетіндер де, қорғайтындар да адал пиғылдағы жеке адамдар. Көбіне-көп мұндай дарындардың өмірде бағы жана бермейді. Өкініштісі – сол.
Нұрқасым Қазыбекұлы,
«Жалын», қаңтар 2011 ж.
І
Азиядағы ұлтсызданған,
Тілге, рухқа құнтсызданған
Бағынымпаз, ең жағымпаз елге айналды қазақ.
Күші зорға табынудан,
Үш жүз жылдық бағынудан,
Ұлттығы өшкен бұл халықты ояту бір азап.
Ұят сөніп намысында,
Жағымпаздар жарысында
Әншілері той қуалап әннен мадақ өрген.
Ақын, жыршы, ғалымдары,
Кейбір жазғыш «қарындары»,
Тайталаса, қаумаласа орын алып төрден,
Ұлт мүддесі былай қалып,
Атақ үшін ылайланып,
Басшысының қолын сүйіп, рухани «өлген».
Телеарна мен баспасөз беттерінде,
Адами болмысын сататын теп-тегінге,
Жастар көп жағымпаздықты алдына мақсат қып қойған.
Намысын тойға,
Арнаған қойдай,
Беті бүлк етпестен қасқайта бауыздап сойған.
Болар ма енді ұлтымызға олардан қайран?
«Тисін» –деп – «қызметтегі ұлыма, қызыма пайдам»
Әр сөзін жағымпаздық жібімен сабақтайтын,
Басшысын құдайға жеткізе мадақтайтын
Қарттар тым көбейді рухани діңгегін жойған.
Жағымпаздақ бәйгесі бұл күнде ең басты майдан.
Бар пәлекет телеарнада, баспасөзде жатыр ма?!
Ұлтсыз, рухсыз алаяқты балап нағыз батырға
Жиі-жиі мақтатсаңыз, жұрт сол мақтау сөзге еріп,
Алаяққа ой-пікірі шыға келер өзгеріп.
Насихатқа байланысты қазіргі ортақ талғам.
Әккіленген билік мұны әбден зерттеп алған.
Радионы ашып қалсаң,
Телеарнаны басып қалсаң,
Күні-түні кілең «ТЖ», – кілең «туфли жалау».
Дәстүр болды ТЖ-лықты зор дәреже санау.
Өтер жаздар, өтер күздер,
Қашан кетер екен бізден
Ұлтын сатқан жағымпазды хас батырға балау,
Ал шыншылға халық жауы ретінде қарау.
Міне, нағыз әләуләки әлау,
Халауләки хәлау!
ІІ
Аңды мәңгүрт ету жолы айлалы істен бас алды.
Зұлымдыққа болған нұсқа,
Торда отырған жолбарысқа
Мынадай бір таңғажайып тәжірибе жасалды.
Шошқа сүті – аң біткеннің қарсылығын жоятын,
Ең ашушаң арыстанды бейбітшіл ғып қоятын,
«Син.токсин» деп аталатын улы затқа бай екен.
Көп ішкізсең жолбарыс та моп-момақан қой екен.
Жол ашып зор таңданысқа,
Ал ғалымдар аналық жолбарысқа
Сүт иесі шошқалардың торайларын емізген.
Сонда оған да көне берген,
Қайсарлығы өле берген
Сөйтіп оңай ажыраған өр табиғи негізден.
Торда туып, тіршілігін тор ішінен бастаған
Жолбарысты сынау үшін орманға әкеп тастаған.
Ылғи қолдан тамақ ішіп, ылғи дайын ет жеген,
Бір рет те аң қуалап маңдай терін төкпеген
Нән жолбарыс өзге аңдарға мүлде мойын созбапты,
Нулы орманда үш күн жүріп аштан өле жаздапты.
Бірде қоян шыға келсе қалың бұта ішінен,
Әлгі сорлы адасқандай жігерінен, күшінен,
Қорқып қаша жөнеліпті мінез билеп әңгүртпе...
Міне осылай, өр жолбарыс айналыпты мәңгүртке.
Адам түгіл аң мінезін мүмкін боп тұр тойтару.
Тілін, рухын сыйламайтын,
Оған уақытын қинамайтын
Мәңгүрттерді мүмкін бе енді арнасына қайтару?
Иә, оларды қайтаруға дел-сал күйден әңгөдек
Тіл білмесе мемлекеттік қызметке алмайтын,
Елдік, ұлттық пайым-мүдде биігінде самғайтын,
Ресейдің заңына ұқсас қатал, қайсар заң керек!
Қаншама рет айттық, жаздық, жағаластық талмастан,
Қарсылас кім?
Биліктегі өзіміздің қандастар.
Ұлтсыздану – үш ғасырлық жолдан өтті иерелең
Сондықтан да елімізді орыс тілі билеген.
Егемендік алдық дедік,
Арманға қол салдық дедік,
Ұлт тізгінін баяғыша орыс тілі сүйреген...
Жұрт көбейді ана тілін менсінбеген, сүймеген,
Және оның мұң-зарына мүлде жаны күймеген.
Басшыларды мақтан тұттық тілге басын имеген.
Олар барда тілді қорғау,
Ортақ ұлттық мұңды қолдау
Құдық қазу секілді бір абыройсыз іс инемен.
Елімізді әлі күнге орыс рухы сүйреген.
Қанша қазақ үлкен билік айдынында өрледі
Өзі қазақ бола тұра,
Ұлттан қызмет ала тұра
Әлгілердің бір перзенті қазақ мектеп көрмеді.
Тілін, рухын шама-шарқы келгенінше жерледі.
Келді бәрін анықтар күн,
Биліктегі алыптардың,
Тілге қарсы мінезінен ұлтымыз тұр өлгелі.
ІІІ
«Хабар» және «Қазақстан» – қос қанатты телеарна
Олардың да көсеміне сын айтпасқа болар ма?
Телеарнада «Екі жұлдыз» және «Спой» сияқты,
Мемлекеттік тілді қорлап, белден басқан ұятты,
Досматова, Хангелдина деген шала қазақтар,
Құтқарудың орынына ана тілін мазақтан,
Тастағандай отқа масақ,
Екі тілден ботқа жасап
Мемлекеттік тілге теліп менсінбестік бағытты,
Жүз телеарна ұлы тілде үн қатса да тоқталмай,
Орыс тілі, орыс әні зорлық көріп жатқандай
Бұл қос ару елден-ерек ұлтсыздық танытты.
Өз ыңғайы жетегінде ана тілін шетке ұрып,
Еркінсіді космополит «әншілерден» топ құрып.
Бұл әрине Мемлекеттік тілді аяққа басқандық.
Кімге қажет ұлттан қашқан мұндай мәңгүрт бостандық?